Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Суретті күрішпен бейнелеу – Қызылордаға тән техника

Суретті күрішпен бейнелеу – Қызылордаға тән техника

 Сурет те сөйлейді.Kyzylorda-news.kz

Кез келген картинаның жасырған жұмбағы, беймәлім құпиясы һәм маңызды мазмұны бар. Көрмеде көпшіліктің көз алмай телміре қарап, әлденені түсінуге тырысатынын байқайсың. Бұл – қылқалам иелерінің қайталанбас қолтаңбасы. Өңірде де көз тартар көріністі қылқаламның құдіретті ізіне сыйдырып жүрген жас суретшілер бар. Соның бірі – Дәулетбек Тойшыбаев.

– Көздің жауын алатын суреттеріңізді байқадық. Бұл мамандық па әлде хоббиіңіз бе?

– «Суретші көргенін емес, сезінгенін салады» дейді ғой. Ой кеңістігіндегі көркемдікті қағаз бетіне айна-қатесіз түсіретінім содан. Мектепте оқып жүргеннен сурет салуға бейім болдым. Сол уақытта-ақ түрлі тапсырыс қабылдап, туындымды көрмеге ұсынатынмын. Жан қалауыңды жүзеге асыру діттеген мұратқа жеткізеді. Яғни, шығармашылық әлемнен қол үзіп кете алмайтынымды түсіндім. Сөйтіп М.Мәметова атындағы педагогикалық колледжіне «Бейнелеу және сызу» мамандығы бойынша оқуға түстім. Содан бастан кәсіби түрде сурет салумен айналысамын. Кейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде жоғары білімімді жалғастырдым. Келісімшарт бойынша 3 жыл әскери қызметте де жұмыс істедім. Бүгінде сурет өнеріне оралып, дизайнер бағытында да төбе көрсетіп жүрмін. Байқауларда бақ сынап, жүлдегер атануым да еңбегімнің еленгені. Тіпті қайырымдылық есебінде және ақылы түрде біраз мастер класс өткіздім. Мектеп пен оңалту орталығы балаларға үйрету мақсатында жиі шақыратын. Сондықтан хоббиім мамандыққа айналды деп айтуға толық негіз бар.

– Стрит-арттың сәнге айналғаны рас. Қабырғаға сурет салудың қарқыны қандай? Ал күріш қолдану жайында не айтасыз…

– Қала келбетінің көркін ашатын көше өнері десек болады. Өйткені, ол тарихты тәпсірлеп, әлеуметтік мәселе көтеріп, түрлі тақырыпта мазмұнды бейне жасауға мүмкіндік. Сол себепті жауапкершілікті сезіну маңызды. Ал мұны ермек көріп, ойыңа келгенді жазып-сызу жабайылық дер едім. Қабырғаға сурет салу бойынша тапсырыстар көп түседі. Мәселен, Батыс жаққа барып, аудандарды да араладым. Негізі қабырғадағы суретке қатысты жанрлар көп. Соның аражігін ажыратып, сапалы жұмыс істеуге кірісу керек. Аймағымызда стрит-арттың дамуы кенже қалып тұр. Бұған қолдау мен рұқсат қажет. Өйткені, кез келген жерде сурет салуға болмайды, тіпті іс сотқа дейін баруы мүмкін. Демек бұл үшін арнайы рұқсат алу керек.

Ал күрішпен сурет бейнелеу Қызылорданың техникасы. Көбіне портрет салынады. Осы бағыт бойынша да тапсырыс қабылдаймын. Әсіресе, Алматы мен Астана қаласынан біраз тапсырыс түседі. Көпшілік мұны сыйлыққа бергенді жөн көреді.

– Леонардо да Винчи «Мона Лизаны» салуға бірнеше жылын сарп етті. Түстер үйлесімі, суреттің жанды кейіпте шығуы әсерлі болмақ. Сіз үшін бір суретті салуға қанша уақыт кетеді?

– Иә, шығармашылықтың шынайы болғаны маңызды. Суретші ретінде кескіндеме салсаң да килігіп, өзіңе ұнамай кірпияздық танытатын кезең кездеседі. Сондықтан әр бейнені байыппен, аса шеберлікпен салуға тырысамын. Бағытым – реализм жанры. Сондықтан уақыт талабы сурет күрделілігіне байланысты. Мәселен, портрет үшін бір немесе бір апта, кейде екі апта көлемінде уақыт кетеді. Өйткені тапсырысты ұзақ дегенде бір апта аралығына аламын. Ал күрделі, көлемді жұмыс бір немесе екі айға дейін созылады. Сайып келгенде, бәрі тақырып пен мазмұнға қатысты болмақ.

– Көңілден шықса «көшіріп» алатындар жоқ емес. Туындыны түгел алмаса да сурет салудың өзіндік стилін «өзінікі» етеді. Жалпы авторлық құқық қалай сақталады?

– Сөзіңіздің жаны бар. Халтураға көшкен, сыпайы ұрлық жасауға, көшіруге бейім адамдар бар. Әлбетте, бәріне топырақ шашудан аулақпын, суретші ретінде де сөкпеймін. Тек жауапкершілік жүгін көтеріп, тапсырысын тиянақты орындағаны жөн ғой. Кез келген маман үздіксіз ізденісте үзіліс жарияламаса ғана өзін жетілдіре түседі. Ал шығармашылықтың шыңына шығу үшін шеберлікті нығайту қажет. Әйтпесе бірінің техникасын, бірінің идеясын жырымшылап алу ұзаққа апармайды. Бастысы, авторлық құқық сақталуы керек. Жүрегіңді жарып шығып, күні-түні көз майыңды тауысып салған суреттің сұлбасын басқа біреуден көрсең қынжаласың. Тәжірибе жинаудан жалықпаған жөн.

– Суретші туындысы талғамнан туындайды. Қолыңызға қылқалам алуға жетелейтін қиял ма әлде шабыт па?

– Шалқар шабытым қылқалам алуға сеп болады. Қиялдан гөрі идеядан жақсы дүние жарық көреді. Мәселен, кино көріп отырған басыма тың ой келуі мүмкін. Сол сәтте бірден эскизін түртіп алып немесе салынатын сурет тақырыбын сақтап аламын. Бір қызығы, көбі көңіл-күйі құбылғанда шығармашылықпен әуестенеді. Ал мен мұндайда қолыма қалам да ұстай алмаймын. Ол кезде сурет те әдемі, өз сапасында шығуы екіталай. Сондықтан ылғи позитивті жүруге тырысамын.

«Қазақстан суретшілер одағының» 90 жылдығына орай көркемсурет галереясында көрме өткізіліп, 20 шақты суретші қатысты. Көрмеге «Қазығын қаққан хандықтың, Жәнібек, Керей тектіден», «Сарысу» атты екі бірдей туындым қойылды. Қысқасы, шабытым жетістікке жетелей бермек.
13 наурыз 2024 ж. 239 0