Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Аудан мерейін асырды

Аудан мерейін асырды

Жақында шырайлы Шымкент шаһарында республикалық «Ұлы дала жұлдызы» балалар мен жасөспірімдер өнер байқауы өткізілген болатын. Аталған байқауға аудандағы үлкен ауыл Шағандағы «Нұр Ай Сая» балабақшасының кішкентай тәрбиеленушісі Айбибі Бақтыбай қатысып, өнер көрсетті. Осы байқауда аудан мерейін үстем еткен жас өнерпаздың хабарын сүйіншілеген балабақша қызметкерлері бізге арнайы хабарласқан еді.

Республикалық байқауда шағандық өнер­паз «Эстрадалық вокал» номинациясы бойынша өнер көрсетті. Талабы таудай Айбибі Бақтыбай «Ата-әже» әнін нақышына келтіріп шырқады. Шын мәнінде, ауылдың кішкентай балғыны үздіктер қатарынан көрініп, жүлделі І орынды еншіледі. Сонымен бірге оның ұстазы Гүлзира Мұхамеджанова «Үздік жетекші» номинациясын иеленсе, тәрбие мен білімнің ошағына айналған «Нұр Ай Саяға» «Үздік балабақша» аталымы табысталды.

– Расында, біздің қуанышымызда шек жоқ. Бұған дейін балаларымыз облыстық, республикалық байқауларда топ жарып жүр. Бұл жолы – тәп-тәтті бүлдіршініміз Айбибі Бақ­тыбай жеңімпаз атанды. Бұл ретте, Айбибінің топ жетекшісі Назерке Қабылан мен музыка мұғалімі Гүлзира Мұхамеджанованың еңбегі зор. Жалпы, балабақшамызда 50 бала тәрбие­ленеді. Әрбір баланың қабілетін ашып, білімге, өнерге бейімдеу тұрақты түрде жүзеге асырылады. Үнемі биік белестерді бағындыруға талпынатын өнерпаздарымызбен мақтанамыз, – де­ді «Нұр Ай Сая» балабақша меңгерушісі Айзат Рахат­қызы.

Республикалық өнер бәйгесінде айрықша көзге түсіп, аудан мерейін асырған балғын өнерпазды кезекті жеңісімен құттықтаймыз!


Аружан Амантай,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университетінің
журналистика мамандығының
3 курс студенті
30 мамыр 2023 ж. 731 0