Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жас таланттар – жеңіс төрінде

Жас таланттар – жеңіс төрінде

Аудан өнерпаз­дары бас қалада «Жырдың елі» атанған Сыр елі­нің атын ас­қақтатты. Жа­қын­да Астана қа­ла­сында өткен І халықаралық «Жас талант» өнер байқауы­нан үш бірдей бас жүлдені же­ңіп алған жер­лестеріміз аудан ғана емес, облыс мерейін үстем етті.

Барлығы екі жүзден аса талант қатысқан халықаралық байқау бас қаладағы Бейбітшілік және келісім сарайында өтті. Жас таланттардың бағын сынап, өнерін өрге жүздірген байқауды «Қазақ академия» өнер орталығы ұйымдастырған. Өнер бәйгесі өнердің барлық жанры бойынша өткізілген. Яғни қатысушылар аспапта ойнау, көркемсөз, хореография, вокал, театр салалары бойынша бақ сынаған. Біздің өнерпаздар дүбірлі додаға вокал номинациясы бойынша қатысып, Астана төрін әсем әуенмен әуелеткен.

Осы сайыста Сырдария аудандық мәдениет үйі жанындағы мәдени-демалыс кешенінің көркем­дік жетекшісі, «Дала дидары» халықтық үгіт брига­дасының, аудандық халық театрының, «Оңаша» әзіл-сықақ отауының, «Ритм» вокалды-аспапты ансамблінің солисті, жас әнші Динара Жакешова 18-25 жас аралығындағы өнерпаздар қатарынан үздік шығып, бас жүлдені қанжығаға байлады. Бұған дейін талай сайыста топ жарып, Сыр елін әсем әнмен көмкеріп жүрген күміс көмей, жезтаңдай өнерпазымыз бүгінде шәкірт тәрбиелеу ісін қолға алған. «Ұстаздан шәкірт озар» демекші, осы сайысқа Динараның қос шәкірті де қатысып, екеуі бірдей бас жүлдені иеленген.

Айзере Тасболат пен Ақерке Азатқызы – ән өнеріне кішкентайынан бейімделген өнерпаздар. Ұстаздары Динара Жакешовамен талантын шыңдап, бұған дейін де талай сайыстарда озық шыққан қос бүлдіршіннің бағы тағы жанды. Олар халықаралық байқауға 10-13 жас аралығындағы өнерпаздар арасынан қатысып қос бірдей бас жүлдеге қол жеткізген. Кішкентай әншілердің даусына, орындау шеберлігіне тәнті болған қазылар алқасы Сыр елінен келген қос өнерпазды бөліп-жармай, екеуін де бас марапатқа лайық деп тапқан.

Халықаралық «Жас талант» байқауына Құрмет орденінің иегері, Қазақ­стан­ның жарық жұлдызы, әнші Өмірқұл Айниязов, Құр­манғазы атындағы ҚҰК ұстазы Қаламқас Қадыр­баева, сондай-ақ өнер майталмандары әділ төрелік етті.

Байқауда Айзере «Туған жер» әнін орындаса, Ақерке «Крылатые качели» әнін нақышына келтіре әуелетті. Ал жас әнші әрі кішкентай өнерпаздардың жетекшісі Динара жергілікті композитор Рамазан Таймановтың «Қазақ қызы» әнін орындап, тыңдарманның жүрегіне жол тапты. Сайыс нәтижесі бойынша үш бірдей бас жүлдені қоржынға салған таланттарға арнайы диплом, кубок пен мойындарына жарқыраған естелік-медаль тағылды. Сонымен қатар кішкентай өнерпаздарды бастап барған Динара Жакешоваға «Үздік ұстаз» номинациясы беріліп, арнайы «Алғыс хатпен» марапатталды.

Ән өнерінде өзіндік ізін қалыптастырып, үлкен сахналарда Сыр елінің намысын қорғап, атын асқақтатып жүрген өнер иелерін кезекті жеңістерімен құттықтай отырып, бағындырар белестерінің әлі де алда екенін нық сеніммен айта аламыз.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
16 мамыр 2023 ж. 346 0