Ақжармалықтардың жарқын жетістігі
Жақында Түркістан қаласында республикалық «Жауқазын» өнер байқауы өтті. Бүлдіршіндер, мектеп оқушылары мен жасөспірімдер арасында ұйымдастырылған сайыс «Ер түріктің бесігі – Түркістан» тақырыбын арқау етті.
Аталған дүбірлі додаға Ақжарма елді мекеніндегі ауылдық мәдениет үйі жанынан құрылған «Сұлу-ай» шығармашылық орталығының өнерпаздары түрлі жанр бойынша бақ сынап, жүлделі орындарды қанжығалап қайтты. Олардың ішінде ақындық өнері бойынша Тұмарлан Өмірбек 1 орынды иеленсе, дәл осы бөлім бойынша бас жүлдені Аңсар Нұрланұлы иеленді. Вокал бойынша Анель Қайратқызы, көркемсөз жанры бойынша Елнар Нұрланов бас жүлдеге ие болды. Ал көркемсөз оқу сайысынан бірінші орын ақжармалық Ақмаржан Толыбековаға бұйырды. Өнерпаздардың талантын шыңдап, дүбірлі додаға қосқан жетекшілері Гүлмайра Босатханованың еңбегі еленіп, «Үздік ұстаз» медалімен марапатталды.
– Республикалық байқау Түркістан қаласындағы Оқушылар сарайында өтті. Біздің өнерпаздар үлкен дайындықпен барып, бірнеше бөлім бойынша ең жоғарғы марапаттарға ие болды. Еңбек еленіп, оқушылар ауылға үлкен қуанышпен оралды. Түрлі өнерді бойына дарытқан жас өнерпаздарымыз Атырау, Астана, Тараз, Шымкент, Түркістан, Ақтөбе облыстарынан келген қарсыластарынан оза шапты. Балалардың ауқымды сайысқа қатысуына демеушілік жасаған жас кәсіпкерлер Алмат Болатов, Тұрар Макеновке, мәдениет үйінің басшысы Айтмағанбет Темірханов пен «Сұлу-ай» шығармашылық орталығына алғысымыз шексіз, – дейді оқушыларды өнерге баулып жүрген жетекшісі Г.Босатханова.
Аталған байқауға би жанры бойынша қатысқан «Сұлу-ай» би тобы Ақжан Сәкенованың жетекшілігімен барып, жүлделі бірінші орынды иеленді. Өз кезегінде біз де өнерпаздарды мерейлі жетістіктерімен шын жүректен құттықтай отырып, шығармашылық табыс тілейміз.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ