Сырдариялықтар жүлдегерлер қатарында
Облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының ұйымдастыруымен балалар мен жасөспірімдер шығармашылығының ХХІІ «Бозторғай» онлайн байқауы өткізілді. Облыстық байқауға аудандық мәдениет үйі мен әуез мектебінің өнерпаздары қатысты.
Облыстық байқаудың мақсаты – жас өнерпаздардың шығармашылығын дамытып, олардың музыкалық кәсібилігін шыңдау, балалардың жазғы демалысын тиімді пайдалану болып табылады. Негізінен онлайн байқау халықтық орындау, вокал, хореография, аспапта орындау жанрларын қамтыды. Музыкалық өнердің жас таланттарын анықтауға арналған байқау барысында сырдариялық өнерпаздар жүлдегерлер қатарынан көрінді. Хореография жанры бойынша жүлделі І орынды шіркейлілік «Шаттық» би тобы, ІІ орынды шағандық «Сыр гүлі» би тобы иеленді. Ал вокал жанрында бақтарын сынаған аманкелділік Жанерке Науан бас жүлдені, Сәулет Қайып ІІ орынды иемденді. Халықтық орындау жанрында өз шеберлігімен тереңөзектік Әйгерім Үсенова ІІІ орынды еншіледі. Аспапта орындау жанры бойынша асқарлық Еркежан Кеңесбайқызы бас жүлдені, ІІ орынды аманкелділік Закир Советұлы жеңіп алды.
Дәстүрлі түрде өткізілетін байқау бірнеше жас таланттың бағын ашты. Үлкен сахнада өнер көрсетіп, жарық жұлдызға айналған талай өнерпаз «Бозторғай» байқауынан қанат қаққан. Жалпы алғанда музыканың сан түрлі бағытын меңгерген дарынды өнерпаздардың болашағы зор.
Әлемдік пандемияның салдарынан балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға шектеу қойылған. Дегенмен, балалардың кәсіби тұрғыдан шыңдалып, музықалық білімін жетілдіру үшін «Бозторғай» байқауының маңыздылығы жоғары. Аталған байқауда отыздан аса сырдариялық өнер көрсеткенімен, оның ішінен жоғарыда аталған өнерпаздар ғана үздік атанды. Байқауға дайындаған шығармалары қазылар алқасы тарапынан жоғарғы бағаға ие болды.
Айта кету керек, байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері карантин талаптарына сай онлайн режимде марапатталды. Жас өнерпаздарға арнайы диплом табыс етілді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ