Өнер мен спортты қатар шыңдаған
Өткен аптада Сырдария ауданына қарасты «Сұлу-ай» шығармашылық және «Аслан» спорт орталығының шәкірттері толағай табысқа қол жеткізді. Аудандық мәслихат депутаты Анар Қалдыбаева жетекшілік ететін қос орталықтың оқушылары өнер мен спорттан өзара даралана білді.
Ең алдымен Алатау бөктерінен ақжолтай жаңалық келіп жетті. «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығының асқарлық өнерпаздары республикалық «Жарқын Болашақ» өнер орталығының ұйымдастыруымен жүзеге асқан VII «Жарық жұлдыз» тақырыбындағы өнер байқауының финалдық кезеңінде аудан мерейін тасытты. Аталған байқауда Марфуға Әубәкірова «Вокал» жанры бойынша І орынды жеңіп алды. Ал Ақәділ Пернебаев «Аспапта ойнау» жанры бойынша І орынды, Еркежан Кеңесбайқызы ІІІ орынды иеленді. Бұл ретте, республикалық байқауға оқушыларын бастап барған жетекшілер Әсел Ибраева мен Гүлназ Сералиеваның еңбегі зор.
– Алматы қаласында өткізілген байқауда орасан табысқа қол жеткізген өнерлі өрендер «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығының жас таланттары саналады. Біз мақтан тұтатын шәкірттеріміз көбейе бергенін қалаймыз. Оқушыларды өнерге баулып жүрген жетекшілеріміз бен ата-аналарды кезекті жеңісімен құттықтаймын, – деді Анар Қалдыбаева.
«Аслан» спорт орталығының жетістігі де күн санап артуда. Мысалы, өткен аптаның соңында дзюдо шеберлері «Samruk kids» жүлдесіне орай өткізілген облыстық ашық біріншіліктен олжалы оралды. Екі тәулікке созылған жарыстың алғашқы күнінде 8 жүлдеге іліккен спортшылар жексенбіде жүлде санын еселей түсті.
Өз кезегінде «Samruk kids» жүлдесіне орай дзюдодан облыстық ашық біріншілікте 2016-2017 жылы туған балалар арасында 23 келі салмақта Мирас Марат І орын, 26 келіде Дарын Куанышұлы І орын, 2014-2015 жылы туған балалар арасында 23 келіден Асылхан Нұрлан ІІІ орын, 26 келіден Нұралы Мейрамбекұлы мен Бақдәулет Саятұлы ІІІ орын, 29 келіден Нұрғиса Бекболат ІІ орын, Нұрбол Мұханбет ІІІ орын иеленді. 2014-2013 жылы туған балалар арасында 23 келіден Дастан Нұрланов ІІ орын, 29 келіден Нұрғиса Бекболат І орын, 26 келіден Мағжан Нұрлан ІІІ орын, 2012-2013 жылы туған жасөспірімдер арасында 23 келіден Дастан Нұрланов І орын, 26 келіден Мағжан Нұрлан ІІІ орын, 29 келіден Рахман Дарханұлы мен Әділет Қалдыбек ІІІ орын, 42 келіден Мирас Алтынбеков ІІІ орын, 2010-2011 жылы туған жасөспірімдер арасында 29 келіден Санат Бақытжанұлы мен Сабыржан Мешітбаев ІІІ орын, 35 келіден Арман Тұрғанбай мен Гажданбек Мұхаммедәли ІІІ орын, 32 келіден Диас Нұрланов ІІІ орын, 38 келіден Мырза Смагұл ІІІ орын еншіледі.
– Мақтаулы бапкеріміз Аружан Темірғали – өте еңбекқор жан. Әр апта сайын спортшыларды жарыс жолына шығарып, зор жетістігімен қуантуда. Оның табандылығы мен қайсарлығын ерекше атап өту керек. Спортшыға жоғары талап қояды. Белгіленген межеден көріну үшін алға қойған мақсаты мен ұмтылысы жақсы. Бірнеше жүлдеге қол жеткізген спортшылардың жеңісі бізге қуаныш сыйлады, – деді Анар Қалдыбаева.
Негізінен, өткен аптаны көңілді нотада түйіндеген ақжармалық бишілеріміз болды. «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығының Ақжарма ауылындағы «Ұлтық би» үйірмесінің жетекшісі Ақжан Сәкенова шәкірттерін киелі Түркістан қаласына апарған болатын. Мұнда «Сұлу-ай» би тобының қос ұжымы «Атадан-мұра» қоғамдық қорының бүлдіршіндер, мектеп оқушылары мен жасөспірімдер арасында ұйымдастырылған республикалық байқауында І және ІІ орынды жеңіп алды. Жүлдегерлер қатарынан көрінген өнерпаздарымыз Алматы қаласында өткізілетін халықаралық байқауға қатысу үшін 50 пайыз жеңілдік ұтты. Өз кезегінде «Ұлттық би» үйірмесінің жетекшісі Ақжан Сәкенова «Атадан-мұра» қоғамдық қорының президенті Т.Сауранбаевтың «Алғыс хатына» ие болды.
Балтабай АЯБЕКҰЛЫ