Елді еліткен рухани кеш
Аудандық мәдениет үйінде рухани әңгімелерге шөлдеген аудан жұртшылығы ерекше кештің куәсі болды. Сыр өңірінің аудандарын «Қоңыр әңгіме» рухани кешімен аралап жүрген жазушы, ақын, киносценарист Ұларбек Нұрғалымұлы көпшіліктің жүрегінен жол тапты.
Нағыз қазақы сөз өнерінің айшықты көрінісін дәріптейтін кешті айтыскер ақын, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Нұрмат Мансұров жүргізді. Рухани кешке аудан зиялылары қатысып, жазушыға зор құрмет көрсетті. Ақынның өлеңдері Сыр мақамы бойынша айтылып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Өз кезегінде жазушы, ақын, киносценарист Ұларбек Нұрғалымұлы «Қоңыр әңгіме» рухани кешінің маңыздылығына тоқталып, шығармашылығымен таныстырды. Кеш барысында қазақтың тұлпары, өз анасы жөнінде жазылған өлеңдерін кеш иесі оқып берді.
– Біз бүгін тағылымы мол, танымы бөлек кешті тамашалай алдық. Ұларбектің шығармалары көркемдік жағынан, мазмұндылығынан сөз құдіретін сезіндіріп тұрады. Әрбір әңгімесінің астарында өмірдің шындығын байқайсыз. Оның жазған дүниелері адамға ерекше толғаныс сыйлайды. Қазақтың қарымды қаламгерлерінің қатарынан орын алған жазушыға шығармашылық табыс тілеймін, – деді аудандық мәслихат депутаты Алмас Есназар.
Негізінен, қаламы қарымды жазушы Ұларбек Нұрғалымұлы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясын «кинотеледраматургия» мамандығы бойынша бітірген. Аталған мамандық негізінде Астана қаласындағы Қазақ Ұлттық Өнер университетінде оқып, «Өнертану» магистрі дәрежесін алған. Оның мақалалары мен әңгімелері оқылымы көп шығармалар қатарында. 2007 жылы Алматыдағы «Үш қиян» басапасынан «Керағыс» жыр жинағы жарық көрсе, 2014 жылы ҚР мәдениет және спорт министрлігінің «Әдебиеттің маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша «Болмыс» әдеби сын, сарап кітабы көпшілікке ұсынылған. Сонымен бірге қаламгердің жақында шыққан «Дайағашшы» кітабы оқырман қауымның жоғарғы сұранысына ие. Кеш соңында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасының орынбасары Мектепхан Елеусінов жазушыға аудан халқының атынан шығармашылық табыс тілеп, ақ батасын берді. Сонымен бірге Ұларбек Нұрғалымұлы «Дайағашшы» кітабына қолтаңба жазып, бірнеше оқырманға естелікке берді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ