Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жыр арқауы – жауынгер ерлігі

Жыр арқауы – жауынгер ерлігі

Кеңес Одағының Батыры Жаппас­бай Нұрсейітов – Сырдария ауданы­ның ғана емес, сырбойылықтардың ортақ мақтанышы. Жауынгер ер­лігі ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып, дәріптеле бермек. Осы орайда даңқты батырдың 100 жылдығына орай Шіркейлі ауылдық округінде облыстық деңгейдегі жазба ақындар мүшәйрасы өткізілді.

Қалтай Мұхамеджанов атындағы Шіркейлі ауыл­дық мәдениет үйінің шақыруын қабыл алып, ақын, №137 орта мектебінің директоры Бағдат Есназар екеуміз жолға шықтық. Білім саласындағы жұ­мыс­тардан қолы көп босай бермейтін ақын ағамыз бұл жолы аудандағы әдеби орта, жас ақындардың шы­ғармашылығы жөнінде ой сабақтады. Ауданның бас ақыны Мұхтар Сақтаповтың өлеңдерінен үзінді оқып, соңғы уақыттары өлең өлкесінде танылып келе жат­қан жастардың шығармашылығын талдап, әне-міне дегенше Шіркейліге де табан тіредік. Бізді ауыл әкімі Талғат Құламқадіров пен ауыл ардагерлері және тағ­дырлы да талантты ақын, Сырдария ауданының Құр­метті азаматы Нұрмұхаммед Әбілқасымов күтіп алды.

Алдымен Қ.Мұхамеджанов атындағы Шіркейлі ауылдық мәдениет үйінің директоры Мақсұт Әбса­дықов бізге ауылдың өнері мен мәдениет саласында атқарылған жұмыстармен таныстырды. Шіркейлідегі өнерлі өрендердің сүйіншілеп жеткізетін жетістіктері мол екенін айтып, бірінші тоқсанды жақсы қоры­тын­дылағанына тоқталды. Мұнан соң Ұлы Жеңістің 78 жылдығы мерекесі мен Кеңес Одағының Батыры Жаппасбай Нұсейітовтің 100 жылдығына арналған іс-шараның куәсі болдық.

Іс-шара шымылдығы театрландырылған қойы­лым­мен түрілді. Қойылымда жас Жаппасбайдың жа­уап­кершілік жүгін арқалап, майдан даласына аттануы мен соғыс жылдарындағы шайқастарда көр­­сеткен ерлігі көрсетілді. Ауыл өнерпаздары тұла бой­­ды шымырлатып, көңілге мұң сыйлайтын сонау зұлмат жылдарындағы қиындықты өздерінің кәсіби ше­берліктерінің арқасында көрерменге сезіндіре біл­­ді. Мұнан соң оқушылар рухты өлеңдер оқып, ән шыр­қалды. Ауыл әкімі Т.Құламқадіров жиналғандарды Жеңіс мерекесімен құттықтап, облыстық мүшәйраға қатысушыларға сәттілік тіледі.

– 9 мамыр – Батыр бабаларымыздың өшпес ерлігі тарихта мәңгілік қалған күн. Біз Отан үшін от кешкен, ерлердің өр рухына, мәңгілік тағзым етіп, ардагерлер алдында бас иеміз. Ұлы дала батырларының қайсар рухын халық болып ұлықтау – біздің перзенттік парызымыз. Қазіргі уақытта Шіркейлі ауы­­­­­­­лында майдангер аталарымыз бен әкелерімізден ешкім қал­ған жоқ. Бірақ олардың жауынгерлік жолдары, ерлік рухы кейінгі ұрпақтарын, бүгінгі жас Отан қорғау­шыларды әрқашан асқақ арман-мұраттар мен ер­лікке бастап келеді. Азаттықтың ақ таңын атырған жауынгерлердің рухы мен бауырлас халықтар дос­тығының алып күші уақыт өткен сайын шоқтығы биіктеп, қадір-қасиеті артып, тағылым-тәрбиесі мен мән-мағынасы тереңдей түсуде. Осы орайда біз Кеңес Одағының Батыры Жаппасбай Нұсейітовтің ерлігін мақтан етеміз. Биыл даңқты батырдың 100 жылдығы аталып өтілуде. Осыған орай аудандық мәдениет және спорт бөлімімен бірлесіп, облыстық деңгейдегі мүшәйра өткізуді жоспарлаған болатынбыз. Біздің шақыруымызды қабыл алған меймандарға және ақын­дарға айтар алғысым шексіз, шығармашылық сәт­тілік тілеймін, – деді ауыл әкімі.
Мүшәйраға Қызылорда қаласы мен аудандардан 8 ақын қатысты. Олар өз өлеңдерінде Ж.Нұрсейітовтің ерлігін жыр тілінде суреттеп, сахна төрінен оқыды. Ақындардың талабы мен талантын ақын, №137 орта мектебінің директоры, қазылар алқасының төрағасы Бағдат Есназар бастаған қазылар алқасының мү­шелері Нұрмұхаммед Әбілқасымов пен Ақтөре Ибра­гим­ұлы бағалады. Қатысушылар екі өлең оқыса, оның біріншісі Ж.Нұрсейітовке арнау, екіншісі еркін тақырыпта болды.

Мүшәйра қорытындысында бас жүлдені қызылор­далық жас ақын Бексұлтан Санақұл жеңіп алды. Жүлделі І орынды сырдариялық Бақтөре Айтбаев ен­шілесе, ІІ орынмен шіркейлілік Биболат Опабеков марапатталды. Ал ІІІ орынды шиелілік Бекжан Ержігіт иеленді. Жеңімпаздарға қаржылай сыйлық пен Алғыс хат берілді.

Іс-шара қорытындысында Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің екі рет депутаты болған Сырдария ауда­нының Құрметті азаматы Бексұлу Синаева мен ауыл ақсақалы Шанжархан Айдарханов сөз сөйлеп, жас­тарға ақ батасын берді. Жаппасбай батырға жауһар жырларымен ескерткіш қойған жас жазба ақындар осылайша Шіркейлі ауылынан шабытпен, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.

А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ
11 мамыр 2023 ж. 266 0