Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ұлттық дәстүр жаңғырды

Ұлттық дәстүр жаңғырды

Сырдария ауданының спортшылары біршама байрақты бәсекеде топ жарып, намысты қол­дан берген емес. Жыл сайын сан түрлі спорт түрлерінен бақ сынап жүргенаудан саңлақтары кеше ұлық мерекені тойлаған болатын. Спорт саласының мамандарының ұйымдастыруымен өткізілген «Армысың, Әз-наурыз» атты мерекелік іс-шараның мән-мағынасы зор.

Аудандық спорт кешенінде жүзе­ге асқан кешке Сырдария аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Жігер Айекешов, Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» ҚБ Сырдария аудандық филиалының төрағасы Шаһарбек Нұрсейітов, Тереңөзек кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Зайдағали Жүсіпбайұлы, жекелеген мекеме басшылары, сала мамандары мен ардагерлер қатысты. Өз кезегінде аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Жігер Айекешов сөз сөйлеп, жиналған көпшілікті мерекемен құттықтады.

– Ізгіліктің нұры төгілген Наурыз мерекесімен барша жиналған қауымды құттықтаймын! Әрине, өт­кен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп. Сырдария ауданының ұл-қыздары түрлі деңгейдегі байрақ­ты бәсекелерде бақ сынап, аудан ме­рейін асқақтату үстінде. Спортшы­ларымыздың әрбір жеңісінің артында Сіздердің орасан еңбектеріңіз тұр. Міне, бүгін біз ынтымағы жарасқан, тірлігі бекем ұжым ретінде қазақтың жаңа жылында бас қосып отырмыз. Әрбір шаңырақта қуаныш пен береке, мол несібе орнасын. Наурыз мерекесі құтты болсын, – деді бөлім басшысы.

Сән-салтанаты жарасқан мереке­лік кеште қазыналы қарттар тілеулес ағайынға ақ батасын берді. Сонымен бірге наурыз көже, бауырсақ секілді қазақтың бірнеше ұлттық тағамы ас мәзіріне қойылды.

Іс-шара барысында аудан спортшылары салт-дәстүрді дәріптеді. ҚР Журналистер Одағының мүшесі Серік Камалов жас келіннің бетін ашты. Ал аналар қауымы сәбиді бе­сікке салып, тұсауын кесті. Ұлттық салт-дәс­түр жаңғыра түскен мерекелік кеште сәбиге үлкендер ақжарма тілегін жеткізді.

Спорт саласының ардагері Зұл­харнай Тасберген спорт саласында еңбек етіп, бақилыққа аттанған спорт майталмандарының рухына Құран бағыштады. Өскелең спортшыларға жеңісті жолды жалғастыруға сәттілік тілеп, ақ батасын берді.

–  Асылында, түркі тілдес елдер­ге ортақ мереке саналатын ұлыс күнді өз дәрежесінде той­ла­ған аб­зал. Қашанда абырой, намыс, жеңіс сөздерін өмірлік ұста­ным ет­кен спортшылар дәстүр са­бақ­тас­тығын жалғастыру үстінде. Біз қай кезде де ұлтымыздың айрық­ша мәнге ие мерекесін тойлай бер­мекпіз. Көп­­­теген спортшы бұл күнді көрмей кеткені өкінішті. Үлкен­дердің ізба­сары бола білген жастар­дың бола­шағына зор үмітпен, үлкен сенім­мен қараймыз. Олар­ға дәстүр­ді дәріптеуді, ұлттық ме­рекені ұлық­тауды үйретуден жа­лық­паймыз. Спорт саласының ма­ман­дарының ал­да­ғы қызметіне сәт­тілік тілеймін, – де­ді сала ардагері.

Үлкендердің ақ батасын алған сала мамандары спорт түрлерінен жа­рысқа түсті. Мәселен, гір тасын көтерген спортшы біткен мықтылық танытты. Қыздар мен ұлдар өзара бөлініп қол күресті. Сонымен бірге өзара арқан тартысқа шыққан олар көп­шіліктің көзайымына айналды. Мерекелік басқосуда арнайы ша­қырылған меймандар өз құттық­тау­ларын жеткізді.

«ТТ» ақпарат
21 наурыз 2023 ж. 371 0