ҚҰНДЫЛЫҚТАР ҚҰНСЫЗДАНБАЙДЫ
Бұрнағы күні Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесі қарсаңында аудандық спорт саласы ұжымдарының ұйымдастыруымен «Қош келдің әз – Наурыз» атты мерекелік шара өткізілді. Шараны «Нұр Отан» партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Е.Жақып ашып, жыл бойына биік жетістіктерге жеткен сала мамандарын аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапаттады. Бұдан кейін аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы М.Ерташов, № 11 САОРМБЖМ-нің директоры Ж.Ермекбаев, № 12 Шаған спорт мектеп директоры Б. Мекебаевтар сөз алып, айтулы күнді атап өткен әріптестерін құттықтады.
Түрлі додаларда топ жарып жүрген аудан спортшылары өнер көрсетіп, ұлттық нақыштағы құндылықтарды дәріптеді. Сондай-ақ ұлттық ойындарымыз асық ату, ләңгі тебу жарыстарында үздіктер анықталды. Сала ардагерлері ұжымдастарына ақжарма тілегін айтып, ақ батасын берді. Қыз-келіншектер мен сері жігіттер қазақ би өнерінің тамаша туындысы саналатын «Қара жорғаны» ерекше биледі. Спортшылар қауымы жарасымды татулықтарымен көзге түсіп, бір-бірімен төс қағыстырды. Жастар өткенді бағдарлап аға буын өкілдерінен естеліктер айтуды сұрады. Талай жылғы еңбекпен келген жетістіктерді тізбектеген ардагерлер алдағы уақытта саңлақтарымызға сәттілік тіледі. Ұлттық дәстүріміздің нақ үлгісі тұсау кесер рәсімі өткізіліп, кішкентай балғынның болашағына ақжолтай айтқандар қатары көп болды.
Міне, ақ түйенің қарны жарылған күнде думанды мерекеміз спорт мекемелері арасында осылайша кеңінен аталып өтілді. Келер жылдан мол үміт күткен сала мамандары бір-біріне амандық-саулық тілесіп, шат-шадыман көңіл күйде тарқасты.
Б.АЯБЕКҰЛЫ