Шығармашылық табыс тіледі
Сырбойылық жас ақын Ақжол Түменбайдың есімі бүгінде халыққа жақсы таныс. Республикалық жыр-мүшәйраларының жеңімпазы және танымал әндердің авторы атанып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп жүрген талантты жас жақында ауқымды шығармашылық кешін ұйымдастырды.
Қызылорда қаласында ұйымдастырылған шығармашылық кешке сырдариялықтар да арнайы барып қатысып, ақынның қуанышына ортақтасты. Сол ортақ қуаныштың жалғасы ретінде аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев аудан басшылығының және халқының атынан талантты ақынға құттықтау табыстап, шығармашылық сәттілік тіледі.
– Ақын – шабытты сезіммен ұштастырған талант, халықтың мақтанышы, дара дарын иесі. Сіз туған жердің төсінде талантты ақын ретінде танылып, әдеби ортада жақсы жетістіктерге қол жеткізіп келесіз. Бірнеше рет республикалық, облыстық жыр-мүшәйраларының жеңімпазы атандыңыз. Бүгінде Сыр өңіріндегі белгілі ақын-жазушылардың төл ізбасары болып, игі істердің ұйытқысы болып жүрсіз. Мұның бәрі Сіздің шығармашылық әлеуетіңіздің жоғары және талантты екеніңізді білдіреді. Сыр өңірінің бас қаласы – Қызылордадағы шығармашылық кешіңіздің жоғары деңгейде ұйымдастырылуы өзіңіз үшін де, оқырмандарыңыз үшін де зор қуаныш болды. Жырға шөліркеген халықты өлеңмен сусындатып, өнердің биігіне бағыт алдыңыз. Лайым, талабыңыз оң болып, халықтың ыстық ықыласына, шынайы құрметіне кенеле беріңіз. Сізді шығармашылық кешіңіздің өтуімен шын жүректен құттықтап, шығармашылық сәттілік тілеймін! Қаламыңыз қарымды, қадамыңыз алымды болсын! – деді аудан әкімінің орынбасары.
Құттықтау іс-шарасына айтыскер ақын Мұхтар Ниязов, аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Жігер Айекешов куә болып, тілектестігін білдірді. Өз кезегінде ақын Ақжол Түменбай аудан басшылығының, сырдариялық тілектес жұртшылықтың ниетіне, пейіліне ризашылығын айтып, ауданның биік белестерді бағындыруына сәттілік тіледі.
«ТТ» ақпарат