Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жерлес ақынның жетістігі

Жерлес ақынның жетістігі

Тектіден текті туады,
Тектілік тұқым қуады» деп ата-бабаларымыз айтқандай, ақын Мамыр Байдәулетовтің бо­йын­дағы ақындық қасиет ұлы Ерасыл Бәйментайға дарып, бүгінде жас талант айтыс өнерінде жақсы қырынан танылып келеді. Біз ойы ұш­­қыр, қиялы жүйрік, табан астында тауып айтатын Ерасылдың болашақта М.Ниязов, Н.Мансұров, Е.Әбді секіл­ді сыр­бойылық ақындардың же­ңісті де жемісті жолын жал­ғай­­тынына сенеміз.

Болашағынан көп үміт күттіретін жас ақын Ерасыл Мамырұлы Елорда күні ме­рекесіне орай Нұр-Сұлтан қаласы әкім­ді­гінің қолдауымен Сарыарқа төрінде ұйым­дастырылған айтыста жеңімпаз атанды. Ор­нықты ой мен пайымды пікірді өлең тілін­де кестелей білген ол көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Жыр бәйгесінің ақтық сайысында семейлік талантты ақын Айшолпан Тілеутаймен тамаша жұп құрып, тыңдарманға жырдан шашу шашқанын да айтып өткеніміз дұрыс.

Айтыстың қорытындысында талғамы биік көрерменнің және ақын Серікзат Дүйсенғазин бастаған азаматтардың жо­ғары бағасын алған Ерасыл Бәйментай жүл­делі ІІ орынды қанжығасына байлады. Арнайы дипломмен марапатталып, Сыр өңіріндегі тілектес ағайынға жақсы хабар­ды жеткізген жас ақынның бұл жетістігі бәріміз үшін зор қуаныш болды.

– Ерасыл баламыздың айтысын әлеу­меттік желі арқылы тамашаладым. Ол жақ­­сы ақын болып қалыптасып келеді. Біз­дің Сыр өңірі арқалы ақындарға кенде болмаған. Жас ақын болашақта өңіріміздің абыройын асырып, талай жыр бәйгесінің жеңімпазы атанады деп сенеміз. Ата-анаңды да, халқыңды да қуанышқа бөлеп, абыройың асқақтай берсін, Ерасыл, – деп ақ тілегін жеткізді белгілі ақын Қатира Жәленова.

Айтыс өнерінде өзіндік орны бар белгілі ақын, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Нұрмат Мансұров та жылы лебізін біл­дірді.

– «Қуанышты бөліссең, сүйіншіні жет­кізсең көбейеді» демекші, Сыр өңірінің руханият саласында, әдебиеті мен мә­де­ниетінде өзіндік орны бар Мамыр Байдәулетовті құттықтап, игі тілегімізді жет­кіздік. Ұлының азамат болып, биік бе­лесті бағындырғанына Аллаға шүкір етіп, әке жүрегімен қуануда. Сірә, әке үшін бұ­дан асқан бақыт жоқ шығар... Лайым,­ Жаратқан Алла жас ақынның жолын ақ етіп, ақын інімізді ата-ана үмітін, ұстаздар сенімін ақтаған азаматтардың қатарынан қылсын! – деп пікір білдірді Нұрмат Абдоллаұлы.
Ендеше, Астанада ұйымдастырылған ай­­тыстың жеңімпазы атанған ақжармалық ақын­ды біз де шын жүректен құттықтай­мыз!




Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
09 шілде 2022 ж. 480 0