Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Арда азамат ардақталды

Арда азамат ардақталды

Келесі жылы аудан орталығынан шалғайда орналас­қан Айдарлы ауылының құрылғанына 50 жыл толады. Жарты ғасырдан бері жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігі қалыптасып, берекесі тасыған ауылға айналды. Осы ауылдың өсіп-өркендеуіне әр жылдары өзіндік үлесін қосқан жандар арамызда жеткілікті. Туған ауылында еңселі еңбек етіп, бірнеше салада қолтаңбасын қалдырған Сапарбек Күшпановтың есімі ел есінде. Өз кезегінде арда азаматын жерлестері еске алып, Ғафурдин Жанұзақов атындағы ауылдық клуб үйінде «Ән-ғұмыр» тақырыбында танымдық кеш өткізді.

Көпшілікті тебірентіп, ерекше әсер сый­­ла­ған еске алу кешін Айдарлы ауылы­ның әкімі Айбол Ержанов ашып, Сапарбек Күшпановтің өмір жолына тоқталды.

– «Ауылда адам бар болса, ауыл ада болмайды, ел иесі бар болса, елі ала болмайды» деп Бұқар жырау айтқандай, ту­ған жер топырағынан түлеп ұшқан арда азаматтың есімін ардақтау, болмысын даралау – еш уақытта құндылығын жоймайтыны мәлім. Қай кезде де байсалды қалпынан таймаған Сапарбек Күшпанов ел үшін жасаған ісімен дараланды. Тынымсыз еңбегінің арқасында елге сыйлы болды. Айдарлы ауылында бірнеше жыл қызмет етіп, ауылдың атын шығаруға зор ықпал етті. Оның салық, статистика саласында атқарған қызметі орасан зор. Айдарлы ауылынан түлеген азамат ретінде жерлестерінің қуанышына ортақтасып, қиыншылығында бірге болды. Өнер мен спортты жанына серік етіп, жасындай жарқылдай білді, – дейді ауыл әкімі.

Тағылымды кеште С.Күшпанов туралы бейнекөрініс көрсетілді. Сонымен бірге әрбір қызмет жолында қалыптасқан тәжі­ри­бесі сараланды. Досқа адал, ағайын­ға жанашыр бола білген еңселі ердің кез келген ісінде тиянақтылық, жауапкершілік айқын сезіледі. Осы кешті ұйымдастыруға мұрындық болған Қожахмет Мырзаев досы жөнінде құнды естелігімен бөлісті.

– Сағынышпен жан-жағыма қарап елең­деу мен үшін қалыпты құбылысқа айналды. Сырласым және қимасым болған досымнан пандемия уақытында қапияда көз жазып қалдым. Анасының күнде ұлының жоқтағанын көріп, жүрігім езіліп кетердей болады. Оның аяғы тиген әрбір көшеде жүруге жүрегім дауаламайды. Біріміз баян­ды, біріміз домбыраны қолымызға алып, кіл жақсының арасынан табылатын едік. Оның досқа деген пейілінің кеңдегі сон­шалық, барлық адамға жәрдемдесуді жа­ны қалайтын. Әркез азаматтығын танытып, көптің алғысын алатын досымыз жар­қын естелігімен санамызда жаңғырып тұрады. Құдай қосқан жары Орынкүл екеуі перзенттерін тәрбиелеп, отбасының шырайын келтірді. Біздің жастық шағымыз қы­зық­ты күндермен есте қалатыны рас. Досымның алдындағы борышымды өтеу үшін аталған кешті ұйымдастыруға ұйға­рым жасадым, – дейді Қ.Мырзаев.

Айдарлы ауылының көгінде ән қалық­таған күн болғаны жасырын емес. Сапарбек Күшпановпен бірге замандас болған достары әуелете ән шырқады. Ең бастысы, кеш кейіпкерінің таспаға жазылған әні жұртшылықтың жүрегінен орын алды. Қасиетті өнерді қастерлей білген жан­ның ұрпағы да өнерге жақын. Осы орайда Мәлік Сапарбекұлы мен Расул Мәлікұлы әкесіне арнап ән айтты. Сонымен қатар «Сұлу-ай» және «Тұрмағанбет» шығармашылық өнер орталығының бірне­ше өнерпазы өз өнерлерін көрсетті.

– Біздің досымыздың арамыздан кетке­ні өте өкінішті. Әрқашан бағыты айқын, ұстанымы берік болатын. Кез келген саланы меңгеруге аянып қалмады. Әріптес ретінде талай мәрте ел-халыққа қолғабыс еткенін көрдік. Бір салада еңбек еткен әріптесіміздің елге жасаған қызметі саналы ұрпағына еселеніп қайтса деген тілек бар. Облыстық кірістер департаментінің ұжымы ер есімін ұлықтаудан жалықпай­ды. Қашанда біз аяулы әріптес, жанашыр дос бола білген Сапарбектің есімін жас ма­мандарға насихаттай бермекпіз, – дейді Қазтай Әбдіреев.

Айтулы күнде Сапарбек Күшпановты ес­ке алуға арналған волейболдан №139 орта мектепте турнир өткізілген болатын. Аталған турнирге 6 топ қатысып, өзара мықтыны анықтады. Жүзден жүйрік шыққан тоспадоп шеберлері арасынан ІІІ орынды «Ауыл жастары» тобы, ІІ орынды №139 орта мектеп жанынан құрылған топ, І орынды «81 жылғылар» тобы еншіледі. Үздік ойыншылар мен топтарға облыстық мәдениет және спорт басқармасының бас­шысының орынбасары Асылжан Жаман­құловтың арнайы дипломы берілді. Сонымен бірге арда азаматтың отбасы атынан қаржылай сыйлық табысталды. №139 орта мектеп директоры Гүлбану Смайылова бастаған кеш қонақтары спортшыларды марапаттау мәртебесіне ие болды.

– Мән-мағынасы ерекше кешті ұйымдас­тыру барысында Сапарбек ағамызды сан қырынан тани білдік. Оның азаматтық бей­несін қалыптастырып, ел-халыққа ұғын­дыру басты міндетіміз болып табылады. Біз қашанда дара тұлғаларымыздың өмір жолын жас ұрпаққа нәсихаттай береміз. Сапарбек ағамыздың мәдениет саласында алатын орны ерекше. Талай мәрте ауыл мәдениетін жаңғыртып, қазақ әндеріне жан бітірді. Кез келген ауыл тұрғыны үшін сыйлы азаматқа айналған арда аза­матымыздың есімі ұрпағымен мәңгілік жаң­ғыра бермек, – деді Ғ.Жан­ұза­қов атын­дағы ауылдық клуб үйінің басшысы Анар Қалдыбаева.
Өз кезегінде кешке жиналған көпшілік салық, статистика саласының майталманы С.Күшпанов жайында мән-мағынасы зор естеліктерімен бөлісті. Жастайынан тай-құлындай тебіскен бірқатар досы бірге өткерген қызықты сәттерін ойға оралтты. Ақ жаулықты аналар ақжарма тілегін жеткізсе, ақсақалдар қауымы ақ батасын берді. Ал кеш кейіпкерінің балалары мен ағайын-туысы кешті ұйымдастырушыларға шынайы алғысын жеткізді.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
21 ақпан 2023 ж. 338 0