Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өнерге шын таланттың бар таласы

Өнерге шын таланттың бар таласы

Қазақта «Талант деп өнері мен ақылын іске асыра алатындарды айта аламыз» деген тәмсіл бар. Негізінен, өнер әлемінде өзіндік орны бар жандар сахнада жасындай жарқылдай алады. Әрбір ауылда, туған жер қойнауында мә­дениеттің мәртебесін биіктетін өнерге жақын жандар жеткілікті. Өз кезегінде аудан орталығынан шалғайда орналасса да, Айдарлы ауылының халқы жаңашылдық үл­гісін көпшілікке көрсете білуде. Бір ай бойы ауылдық клуб үйінің сахнасында «Екі  жұлдыз» байқа­уы жүзеге асты. Өз кезегінде тың жобаның қорытынды іс-шарасы жиналған жұртшылықтың жоғар­ғы бағасына ие болды.

Негізінен, «Екі жұлдыз» байқауы бір­не­ше кезеңнен тұрды. Қарапайым халық арасынан шыққан өнерпаздар өз көшеле­рінің намысын қорғады.

Алғашқы кезеңде Нұртаза баба көшесінен Ғазиза мен Рысдәулет, Шамах көшесінен Сұңғат пен Арайлым, Жармахан көшесінен Әлия мен Қанатбек, Қ.Сәтбаев көшесінен Асия мен Салтанат, А.Жиренов көшесінен Ерсұлтан мен Қарақат, М.Әуезов көшесінен Ботакөз бен Назерке еркін тақырыптағы әндерді шырқады. Ал екінші кезеңге өт­кен өнерпаздар Шәмші Қалдаяқовтың әуез­ді әндерін орындап, өза­ра дараланды. Сонымен бірге үшінші кезеңде жұптар ара­сындағы бәсекелестік артып, көрермен қа­уым ретро әндер әлеміне сапар шекті. Әркез айрықша табан­дылық танытатын жұптарға ерекше өнерді тамашалауға келген ауыл жұртшылығы ай­рықша қолдау білдірді.

Ауыл тұрғындарына  керемет көңіл-күй сыйлаған байқаудың финалдық кезеңі­не 3 жұп шыққан болатын. Олардың қата­рында Асия Ниязханқызы мен Салтанат Ыдырысқызы, Қарақат Әділханқызы мен Ерсұлтан Серікбайұлы, Ботакөз Оразәлі­қызы мен Назерке Серікқызы бар. Аталған үш жұп финалда хит әндерді шырқады.

– Алыптарға мекен болған Айдарлы ауы­лының кеңпейіл де, ақкөңіл адамдары жаңашылдыққа жаны құмар екені мәлім. Қай кезде де, бірлігі жарасқан елді мекенде көпшілікті елең еткізер іс-шаралар өткізіліп тұрады. Биылғы жылдың басты жаңалығы – берекелі ауылдағы көше тұрғындарының басын қосқан «Екі жұлдыз» ән байқауы. Көптен күткен финалдық жарыс өз мәре­сіне келіп жетті. Өз көшесінің абыройын­ көтергісі келетін қатысушылар аянып қал­масы анық. Жылды жақсы нәтижеде аяқ­тауға бекінген біздің ұжым тарапынан барлық мүмкіндік қарастырылды. Өнері­мен сыналғанжұптардың ішінен үздіктер анықталды, – деді Ғафурдин Жанұзақов атындағы ауылдық клуб үйінің директоры Анар Қалдыбаева.

Финалдық кезеңде жұптардың өнері­не өз ісінің кәсіби мамандары әділ баға­сын берді. Аудандық мәслихат депу­та­ты, «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орта­лы­ғының құрылтайшысы Анар Қалдыбаева­ның демеушілігімен жүзеге асқан бай­қау қорытындысында І орынды Асия Нияз­ханқызы мен Салтанат Ыдырысқызы, ІІ орынды Қарақат Әділханқызы мен Ерсұл­тан Серікбайұлы, ІІІ орынды Ботакөз Ораз­әліқызы мен Назерке Серікқызы иеленді.  Бұл ретте, жеңімпаз бен жүлдегерлерге арнайы диплом мен қаржылай сыйлық табыс­талды.

Іс-шара қорытындысында көркемөнер­паз­дар концерттік бағдарлама ұсынып, ерекше қуаныш сыйлады.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
31 желтоқсан 2022 ж. 407 0