Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Мұқағали – мәңгілік жыр

Мұқағали – мәңгілік жыр

1976 жылы қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы, поэзияның мұзбалағы, ақиық ақын Мұқағали Мақатаев дүниеден озады. Халықтың дәстүрі мен салтына сәйкес бір топ қаламгер ақынның жақын-жуығына көңіл айта барыпты. Сонда ақынның туысы болса керек, бір ер адам қырастана оты­рып «Бір алақұйын, алаөкпе келді-кетті» деп сөз бастаса керек. Сонда сырбойылық жазушы әрі аудармашы Ә.Жұмабаев жұлып алғандай: «Тәйт, әрі! Біз қазақтың аруақты ақынын жоқтап келіп отырмыз. Оның жас­тық-мастығы жолай қонған щаң-тозаң. Бір сілкінді жоқ болды! Енді Мұқағалидың өл­мес-өшпес өлеңдерінің өмірі басталады» деп­ті. Расында да ақынның өлмес-өшпес өлең­дерінің өмірі, мәңгілік мұрасы әлі күнге ел-халықпен бірге жасасып келеді.

Мұқағали Мақатаев әлемі қазаққа қара өлеңнің құдіретін танытқандығымен қым­бат. Ол – қазақ өлеңінің бар мүмкіндігін пайдалана алған ғаламат жыр жүйрігі. Мұзбалақ ақын ақпан айында дүниеге келген. Ақынның туған күні поэзиясүйер қауым ортасында жыл сайын ақпан айы бойына тойланады. Биыл ақиық ақынның 92 жыл­дық мерейтойы аталып өтілуде.

Осы орайда Сырдария ауданы бойынша білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен «Қазақ поэзиясының Хан Тәңірі» тақырыбындағы қазақ тілі мен әде­биеті мұғалімдері арасындағы онкүндік челленджі өтті. Байқауға ауданға қарасты мектептерден 16 мұғалім қатысып, бақ сынады.

– Жалпы білім беретін мектептердің қа­зақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері арасында ақын шығармаларын кеңінен насихаттап, олардың өз ой-пікірлерін ғылыми тұр­ғыда жеткізе білуін дамытуды мақсат ете ұйымдастырылған байқау жоғары деңгейде өтті деп айта аламыз. Байқау шарты бо­йынша қатысушы ақынның бір өлеңін жатқа оқып, арнайы видео түсіруі керек. Және 3-5 минутқа созылған видео соңында толық аяқталмаған поэзияны келесі бір мектепке жолдауы шарт. Шығармашылық жұмыстарды бағалау кезінде тақырыптың қамтылуы, видео-фотолардың мазмұнды әрі сапалы әзірленуі басты назарға алынды. Ауданға қарасты мектептердің шығармашыл ұстаздары аталған сайысқа белсене қаты­сып, жақсы нәтижеге қол жеткізе алды, – дей­ді аудандық білім бөлімінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша әдіскері Қаракөз Қалжанова.

Байқау қорытындысына сәйкес үздіктер арнайы марапатталды. Оның ішінде жүлделі І орынмен №174 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Қ.Көзейбай, ІІ орынмен №210 орта мектептің мұғалімі М.Отарбаева, ІІІ орынмен №135 орта мек­тептің мұғалімі М.Дүйсенбаева мен №131 орта мектептің мұғалімі Г.Әбілова марапатталды. Ал №36 мектеп-лицей мұғалімі Г.Ерғалиева, №37 мектеп-лицей мұғалімі Г.Балтабаева, №129 мектеп-лицей мұғалімі Ж.Азбергенова, №132 орта мектеп мұғалімі С.Кенебаева, №147 орта мектеп мұғалімі А.Шегенова жақсы көрсеткішке қол жет­кізгені үшін арнайы алғыс хатпен марапатталды.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
21 ақпан 2023 ж. 378 0