Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Поэзияның асқар шыңы

Поэзияның асқар шыңы

Өткен ғасырдың поэзия тарландарын қозғағанда ғажайып ақын­дардың бірі Мұқали Мақатаевты айтпай кету мүмкін емес. Тіпті, көп­шілік оған «Поэзияның асқар шыңы» деп баға берген. Оның барлық еңбегі тұтастай алғанда қазақ поэзиясының асыл мұра қатарын толықтырды. Осындай қайталанбас туындыларды қалдырған мұз­балақ ақынның туғанына биыл, яғни бүгін 90 жыл толып отыр.

Лирик ақын
Ақынның өлеңдерін білмейтін, оның поэзиясымен таныспаған жан жоқ шығар, сірә?! Әр өлеңінде, әр шумағында бүкпесіз, ақжарқын көңілмен сазды сыр тұнып тұр. Өлеңнің ырғағынан да, тербелісінен де ақынның мәнерін біліп, мінез-құлқын тануға болады.

Мұқағали өлеңдеріне бойлаған адам оның лирик ақын екенін бірден түсінеді. Олай дейтініміз, халқымыздың бай ауыз әдебиетiмен сусындап, Абай, Қасым, Әбдiлдә секілді поэзия тарландарының жырларына жетік болған жан туған жер, табиғат, махаббат, көңіл-күй және басқа тақырыптардағы лирикалық туындыларын халыққа ұсынған. Осындай ел жадында бірден жатталатын жырларын ұсынуда оның ешкімге ұқсамайтын өзіндік образды сөз өрнектері бар.

Ақын лирикасы үнемi табиғатпен, өзi өмiр сүрiп отырған қоғаммен, өмiрдегi болып жатқан сан қилы оқиғалармен байланысып отырған. Мәселен, өзі туылған ақпан айы туралы:
Ақпан, ақпан, қыс әлі.
Ақ түтек аяз қысады,
Арылмай жатыр даладан
Ақсақал қыстың құшағы, – десе, сол кездегі нәубетті кезеңді «Қырқыншы жылдар» өлеңінде:

...Жанды-жансыз бар табиғат түнерген,
Әр кеудеде бір шер барын білем мен.
Қан майданда ерлік етсе біреулер
Қарсы жауға біз де шықтық түренмен.
Аңыздардан тере жүріп масақты,
Рас, рас, көзімізден жас ақты.
Бірақ со бір дауыл жылдар, от жылдар,
Бәрімізден бір-бір батыр жасапты... – деп жырлаған.

Жалпы, лирик ақынның өлеңдері көңілге тез қонымды. Сонысымен де Мұқағали өлеңдерін жатқа айтатындардың қатары көп. Тіпті, оның барлық тақырыптардағы лирикалық өлеңдері бүгінде ән болып шырқалып жүр. Бұл ақын жанының қазақ ұғымымен үндес екенін ұғындырады.
Мінезді ақын
Ақында мінез болмаса, оның поэзиясын көпшілік оқымайтыны анық. Ал мінезді ақын М.Мақатаев өлең өлкесіне сыршыл да шыншылдығымен келді.
Кең дүние, төсiңдi аш, мен келемiн,
Алынбаған ақым бар сенде менiң.
Бұйрат құмдар – бұйығып шөлдегенiм,
Бура бұлттар бусанып терлегенiм, – деп мұзбалақ ақын мінезділігін көрсетті.
Өз заманындағы жақсы мен жамандық­ты сол қалпында жырға қосқан ақын, әділдікті ту, ақиқатты өлең арқауы ете біл­ген.
Тура қара көзіме, тура қара,
Ашық айтқан сөзімді бұрмалама.
Ақиқаттың алдында бүгежектеп,
Тағасыз байталдайын сырғанама...
...Тура қара көзіме, тура қара,
Арамдығың бұғынып тұр ма, бала?!
Қалжасын жеп қуанып, шілде жасап,
Сені де перзентім деп туды-ау Ана... – дейді ақын қулардың қитұрқы қылықтарын әшкерей өлеңге қосып.

Өз заманында ақын ретінде лайықты бағасын ала алмаған Мұқағали Мақатаев жақсылық пен жамандық, адалдық пен арамдық, өмiр мен өлiм секілді кереғар ұғымдарды көркем тiлiмен айшықтап, суреттеген. Өз өлеңдерінде ақын көзiмен көрiп, көңiлiне түйгендерiн ешкімге жалтақтамай жырға қосып, ашық жеткізген. Сол арқылы мінезді ақын қазақ поэзиясының биігінен көрініп, «Поэзияның асқар шыңы» деген баға алған.

«Әулие ақын»
Мұқағали Мақатаев 1976 жылдың 27 наурызында дүние салды. Ақын өмір­ден өткенде қазақ интеллегенциясы оның қазасына байланысты «Өз жаназасын өзі шығарды» деген. Бұл жөнінде мұқа­ғалитанушы Шаяхмет Имашұлы:

«1976 жылы «Өмір дастан» деген Мұқағалидың сары кітабы дүниеге келді. Оған Мұқағалидың өзі қатты қуанып, қатты дәріптеген. Кітаптың бірнеше данасын алған болса, соның барлығын өзінен үлкен ақындардың біразына қолтаңбасымен таратыпты. Біреуін Әбділдә Тәжібаевқа жіберіпті. Әбділдә Тәжібаев Мұқағалиды анау Қарасазда жүрген жерінен шақыртып, үй бергізіп, жұмысқа алғызған.

Сол Әбекеңе қолтабасымен кітабын бергенде тілегін білдіріп, «27 наурыз, 1976 жыл» деп жазып жіберіпті. Ол негізі ақпан айының іші екен. 27 наурызда Мұқағали дүниеден өтеді. Содан кейін Әбекең таң қалып, «әулиелігі бар екен ғой» деп «Әулие ақын» деп ат қойған көрінеді. Сонда Мұқағали өзінің өлетін күнін сезіп тұр екен ғой. Ал өмірден өтерінде «Жаназа» деген поэма жазды. «Моцарт, Азалы үн» деп басталды. Өзінің жаназасын өзі шығарды дейміз.

«Жарық дүние, жарығың неткен жақсы еді, Жаңылыспаспын жаным деп айтсам дәп сені» деген жолдары бар. Сол өлеңді Сағат Әшімбаев «Лениншіл жасқа» Мұқағали қайтыс болғаннан кейін басып кеп жіберіпті. Мұқағали сонымен бұрқ ете қалды. Ең тиражы көп «Лениншіл жастың» өзін қолдан-қолға іздеп оқыды ғой сол күні. Ең көп тиражбен шығатын газеттің өзі жетпей қалғанын елестетіп көріңізші. Осы оқиға Мұқағалиды қайты тірілтті», – дейді.

Қазақ үшін лирик, мінезді, «әулие» ақын Мұқағали Мақатаевтың қай кезде де орны бөлек, мәртебесі асқақ. Өз заманында ақын ретінде лайықты бағасын алмаса да қазір қазақ поэзиясының шоқжұлдызы саналады. Артына қалдырған мол мұрасы арқылы Мұқағали мұзбалақ ақын ретінде мәңгі жасай бермек.
Табиғат, жанымды алсаң, алшы менің.
Бір түйір жерге түскен тамшың едім.
Мұқағали жоғалса кайтер дейсің,
Артымда қалсын жерім, қалсын елім... – деген ақынды ұмыту әсте мүмкін емес.


Ердос БЕРКІНБАЕВ
09 ақпан 2021 ж. 1 117 0