Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақын аманатын орындаған жазушы

Ақын аманатын орындаған жазушы

Жазушы-аудармашы Әбілмәжін Жұмабаевтың замандастары сонау аласапыран  жылдары дүние есігін ашқан. Әбілмәжін атамыз  Сырдария бойында қоныс тепкен топырағы нәрлі  Шаған ауылында 1929 жылы 22 наурызда дүниеге келеді.

Күнтай ақсақалдың шаңырағы сол тұстарда текті, оқ бойы оза шыққан әулет болатын. Әкесі Жұмабай өте байсалды, Жаратқанның құлына берген күллі парызын ыждағаттықпен орындайтын, көрші-коңсысына, өңір-өріске өте мейірімді, көркем мінез иесі болыпты.

Анасы Айбарша сүйсінерлік бір керемет адам деседі. Өн бойынан тазалықтың, адамдықтың исі аңқып тұратын ана түгел ауылдың данасына айналған. Әбілмәжін атамыз зейнеті жоқ, бейнеті мол еңбектің қышқыл дәмін ерте татты. Бүтін боз көйлекке қол тиместен алапат соғыс басталды. «Балалық базар» дегеніңіз сәскесіне жетпей тарқады...

Сұрапыл соғыс бітіп, жүрекжарды жеңіс күні туғанда үзілген үміт қайта жалғанды. Зердесінде саңылау, талағында бірдеңе болар деген үмітпен Ә.Жұмабаев «оқу қайдасыңға» шықты. Жасынан арқалаған газет, хаттардың шарапаты ма, кім білсін, Әбілмәжін атамыз ҚазГУ-дің журналистика факультетінен бір-ақ шықты. 1950 жылдан бас­тап «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясында әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарған. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевпен таныстығы осы киелі шаңырақтан бастау алады. Ол газет редакциясында он жыл қалтқысыз еңбек атқарады. Кейінірек жазушы «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактор,  бірер жылдан соң республикалық Кітап палатасының директоры болып жемісті еңбек етеді. Осында  өнердің қара шаңырағында жүріп, Мұқағали ақынға көп қолдау көрсетеді. Ақынның бір топ өлеңін «Қазақ әдебиеті» газетіне бастырып беріпті. Әбілмәжін атамыз Мұқағалидай жас талантқа сәт-сапар тілеп, көп қолдау көрсетеді. «Өзіңнен де жігерлірек, өзіңнен де оттырақ жеткіншек келгенде мақтанбасқа бола ма?!» деген риза көңілмен әрдайым Мұқағалидың арқасынан қағады екен. Үлкен ағаның жас дарынды дәл мерзім, дәл кезінде демеп-жебеп жібергені қандай жақсы. Өмірден, достардан, үзеңгілестерден көп теперіш көрген Мұқағали ақын Әбілмәжін ағасына былай деп өлең жолын арнаған:

Ағажан, жылы сөзің дәрі маған.
Дәрігердің шипасы дарымаған!
Ағажан, жан екенсің жаның адал!
Жас екем ақ-қараны танымаған...
Жақсы менен жаманның арасында
Жаным менің жай таппай таласуда...
Ағажан, «Бәрінен де айық!» депсің,
Айығамын, ағажан, нанасың  ба?..

Осылайша аурухана төсегіне таңылған арқалы ақын, Алатаудың мұзбалағы көп кідірмей өмірмен қош айтысады. Сонда ақынның ағасына қалдырған өсиеті: «Қазақтың әр үйі болғанымен, әр ауылға менің жырларым бір-бір данадан жетсе» деп қолқа салады. «Мақұл, қарағым. Оның бір жөні болар» дейді Әбілмәжін атамыз. Кейін ақынның аманатын орындапты.

1976 жылы наурыздың жиырма жетісінде Мұқағали ақын қазақ елімен қош айтысады. Көңіл айта келген бір топ қаламгерге, жақындарының бірі болса керек, мұртты қара кісі, қырыстана оты­рып «Бір алақұйын, алаөкпе келді-кетті» деп сөз бастаса керек. Сонда жібектей жұмсақ мінезді Әбілмәжін ағамыз тосын бір мінез көрсетіп жұлып алғандай: «Тәйт, әрі! Біз қазақтың аруақты ақынын жоқтап келіп отырмыз. Оның жастық-мастығы жолай қонған щаң-тозаң. Бір сілкінді жоқ болды! Енді Мұқағалидың өлмес-өшпес өлеңдерінің өмірі басталады» депті. Кейін аудармашы, жазушы, Сыр елінің тумасы Ә.Жұмабаев ақынның аманатын орындапты. Мұзбалақ ақынның баспадан бұрын жарық көрмеген өлеңдерінің «Өмір – өзен» атты кітап болып шығуына зор ықпал еткен екен. Аманатқа – қиянат жоқ деген осы.

Ақерке Серікбаева
№37 мектеп-лицейдің
9-сынып оқушы,
Шаған ауылы
04 ақпан 2023 ж. 231 0