Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Мәңгі жаса, Сыр елі!

Мәңгі жаса, Сыр елі!

Тереңөзек ауданының тумасы, ақын Қайырбек Асановтың есімі әдеби ортада ғана емес, зиялы қауым өкілдері арасында да құрметпен аталады. Өлең өлкесінде өзіндік орны бар азамат бүгінде «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атанып, мемлекеттік наградаға да ие болды. Сондай-ақ ол – Тараз қаласының және Сырдария ауданының Құрметті азаматы. Қазір Жамбыл облысында тұрып жатқан ақынды сырдариялық жерлестері әркез мақтан тұтады және көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Күләш Ахметова екеуіне зор денсаулық тілейді. Ақын азаматтың ақпан айындағы туған күніне орай жергілікті газетке бірқатар өлеңдерін жариялауды жөн көрдік.

Мәңгі жаса, Сыр елі!

Ұлы ұлтымның рухы мен салт-дәстүрін сақтаған,
Сырдың елі талай-талай қырандарды баптаған.
Қасиетті топырағыңды басқан сайын күш кернеп,
Мен де осынау Астанада туғаныма мақтанам!

Ізі жатыр бұл қалада бабалардың тозбаған,
Өмір жырын, көңіл сырын қыл қобызы қозғаған.
Тектіліктің түп-тамыры дәуірлерге ұласып,
Ұрпақтарға үлгі болған ұлан-байтақ боз далам.

Қызылорда бір Алланың рахымымен жаралған,
Қорқыт баба қобызына топырағынан нәр алған.
Қайран халқым тар жол, тайғақ кешулерде мұқалмай,
Нәпақасын теріп жеген Сырдария мен Аралдан.

Туған қалам гүлден, жайна, өркендей бер, өсе бер,
Болашаққа алып барсын сұлу, даңғыл көшелер.
Қасиетіңмен, қазынаңды қас дұшпанға алғызбай,
Ғасырлардан ғасырларға аман-есен көше бер!

Саған деген көкірегімде басылмайды-ау ән жырым,
Бір сен үшін арманым жоқ – арқаласам нар жүгін.
Бар қазаққа орда болып, ой-мақсатын шыңдаған,
Ұлы елімнің тарихында бөлек сенің тағдырың!

Келген сайын ауаңды да құмарланып жұтамын,
Бабалардың әрбір басқан ізін кие тұтамын.
Сен туралы шежірелер үзілмесін бір сәтте,
Жас ұрпақтар жаза берсін өзің жайлы кітабын.

Жастайымнан жазулы еді жүрегімде есімің,
Қартайсам да сәбиің болып басымды исем несі мін?
Саған деген сағынышым мен махаббатымды тербетіп,
Мәңгі жаса, Қызылорда – менің алтын бесігім!



АБАЙ

Өлең – Айдың сәулесі,
Өлең – Күннің жарығы.
Абай – жырдың әулиесі,
Абай – сөздің алыбы.

Мойындайтын жер үсті,
Ұлы ұлағат бар мұнда.
Халық әркез борышты,
Ұлылардың алдында.

Жыр бұғауға көнбейді,
Жыр түспейді зынданға.
Абай – жұлдыз, сөнбейді,
Қазақ тірі тұрғанда.

Тағзым етсең алыпқа,
Қазынасын табасың.
Қазақ деген халыққа,
Бір жақындап қаласың.

Оқығанға ой тұнып,
Ойсыздықты азайтқан.
«Қазаққа айттым» дей тұрып,
Адамзатқа сөз айтқан.

Қайталанбас құдірет,
Қара сөздің жарқылы.
Қарайықшы бір рет,
Қазаққа Абай арқылы.

МЕНІҢ БОЛМЫСЫМ

Жаныма терең үңілші,
Мен де бір жеке құбылыс.
Сиынарым – бірінші,
Алла деген ұлы күш.

Пейілім таза досқа да,
Жамандық деген жоқ менде.
Мейірім төгем тасқа да,
Еш өкпем жоқ өткенге.

Бойымда барлық қуатым,
Жүремін ылғи жыр тілеп.
Адалдық – асыл мұратым,
Жүрегім тасыр, күркіреп.

Қызым да көркем ибалы,
Ұлым да жігіт сұлтаны.
Шарықтап асау қиялы,
Жарым да жырдың сұңқары.

Қарсы алып таңның арайын,
Батырам күнді батысқа.
Қып-қызыл шоққа қарайын,
Шашырап түскен әр тұсқа.

Бұл әлем көркем бір дастан,
Тоймайды-ау көзің мәңгіге.
Дөңгелей берер тынбастан,
Тіршілік – ұзақ әңгіме.

ТУҒАН ЕЛІМ


Сәулесімен бойымда от өретін,
Еркелік пен назымды көтеретін.
Маған барлық бақытты әкелетін,
Сенсің ыстық Отаным, туған елім.

Өзің барда білінбес жалқылығым,
Сеніменен жалғасқан жарқын ұғым.
Сәбилердің сүйемін бал қылығын,
Ғажап мекен, мейірімді туған елім.

Барлық, барлық белдерің таныс маған,
Бір сәтте де кезім жоқ алыстаған.
Жана алмасам өлгенше намыс маған,
Байтақ өлке, баянды туған елім.

Жолдарына әрқашан сұранатын,
Бас білмеген асауға міне алатын.
Сенен мәңгі шабытты жыр алатын,
Мен өзіңнің ұлыңмын, туған елім!

АДАМ ЖӘНЕ ТАБИҒАТ

Талай ғасыр қиындықпен күш кешкен,
Табиғаттың аясында бірге өскен.
Сондықтан да мықтысың сен, ей, адам!
Үміт үзбей болашақпен тілдескен.

Күні бір бастайсыңдар ұлы істі,
Алғы күнмен жалғастырып күресті.
Кең даланы табындырып еркіне,
Қызыл-жасыл құшағыңда гүл өсті.

Сендер ғана бұл өмірде мақтаным,
Өздеріңмен арайланар ақ таңым.
Адамдардың ақылының жемісі,
Айына бір ғарышқа ұшып жатқаным.

Табиғаттың бауырысың, досысың,
Аянбау да керек шығар дос үшін.
Екеуіңнің араңдағы байланыс,
Өмір бақи үзілмесін, қосылсын!

21 ақпан 2023 ж. 295 0