Аймақ медицинасының атасы Ернияз Омаров өмірден өтті
Сыр өңірі қайғылы қазаға душар болды. Сырдария ауданының тумасы, тағылымды тағдыр иесі, денсаулық сақтау саласының көрнекті қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы» ордендерінің иегері, Қызылорда облысының, Қызылорда қаласының және Сырдария ауданының Құрметті азаматы Ернияз Омаров өмірден өтті.
Ернияз Омаров 1932 жылы Сырдария ауданына қарасты Асқар Тоқмағамбетов ауылында дүниеге келді. Қайраткер-тұлға жеті жылдық мектепті тәмамдағаннан кейін Қызылорда қаласындағы медициналық техникумды «Қызыл дипломға бітіреді. Ең алғашқы еңбек жолы Арысқұм, Қарақұм мал жайлауында басталады. 1952-1958 жылдары Алматы мемлекеттік медицина институтының қабырғасында білім алып, тәжірибесі толыса түскен дәрігер 1958-1961 жылдары Қызылорда қаласындағы жедел-жәрдем мен хирургия бөлімшесінде еңбек етеді. 1960 жылы облыс бойынша тұңғыш рет жүрекке ота жасап, өзінің кәсіби білімінің, тәжірибесінің жоғары екенін танытады. Е.Омаров 1961-1967 жылдары қалалық денсаулық сақтау бөлімінің, 1982-1994 жылдары облыстық денсаулық сақтау басқармасының меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды. 1974 жылы кандидаттық диссертация қорғап, 70-ке жуық ғылыми еңбек жазып, көлемді үш кітаптың авторы атанды. Құрметті зейнет демалысына шыққан соң облыстық денсаулық сақтау басқармасы жанындағы ардагерлер кеңесіне жетекшілік етті. «Шапағат» қайырымдылық қорын құрып, талай жанның алғысы мен ілтипатына бөленді.
Ернияз Омаровтың еңбегі әріптестері мен қоғам арасында лайықты бағаланды. Абырой биігіндегі азамат «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы» ордендерімен, Қазақ КСР-і Жоғары Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Бірнеше рет облыстық, қалалық кеңестің депутаты болды. Ұзақ жылдар аймақ медицинасының дамуына айрықша үлес қосқан тұлға Қазақстанның еңбегі сіңген дәрігері, Қызылорда облысының, Қызылорда қаласының және Сырдария ауданының Құрметті азаматы атанды.
Денсаулық сақтау саласының көрнекті қайраткерінің есімі ен атқарған қызметі халық жадында мәңгі сақталады. Сырдария ауданының әкімдігі, аудандық мәслихат, «Nur Otan» партиясы Сырдария аудандық филиалы, аудандық ардагерлер кеңесі, аудандық қоғамдық кеңесі денсаулық сақтау саласының көрнекті қайраткері, Қызылорда облысының және Сырдария ауданының Құрметті азаматы Ернияз Омаровтың қайтыс болуына байланысты марқұмның туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтады.