Ұстаздар рухына тағзым
№35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейде «Еске аламыз сағынышты жүректен» атты «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісінің иегерлері, ұлағатты ұстаздар Райхан Танабаева мен Мариямкүл Қадырованы еске алу кеші өтті.
Ұлағатты ұстаздардың білім беру мен тәрбие ісіне қосқан үлесін өскелең ұрпаққа үлгі ету, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру мақсатында өткен кешке аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев, кент ардагерлері кеңесінің төрағасы З.Жүсіпбайұлы, білім саласы ардагерлер кеңесінің төрайымы Г.Әбілова, «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұ.Жанәлиева, ұстаздар қауымы, марқұм ұстаздардың ұрпақтары қатысты.
Еске алу кешінің алғашқы сөзін мектеп-лицей директоры Бақытжан Бақбергенова мен бастауыш ардагерлер ұйымының төрайымы Ұлболсын Бекмағанбетова алды.
– Дауға салса – алмастай қиған, сезімге салса – қырандай қалқыған, ойға салса – қорғасындай балқыған, деген керемет сөз бүгінгі кешімізге арқау болған қос ұстазға арнап айтылғандай. Саналы ғұмырларын білім беруге арнаған ұлағатты ұстаздар туралы айтылатын естеліктер өте көп. Негізінен жақсы адамның, жақсы ұстаздың есімі ешқашан өлмейді. Жақында Аралдың Бөген ауылына жол түсті. Сонда Арғынбай деген кісінің үйінде оның елуге келіп қалған баласы кезінде Іңкәрдария ауылында оқығанда Райхан апайдың шәкірті болғандығын айтып, осындай керемет ұстаздан дәріс алғанын мақтанышпен еске алды. Осындай жылы лебізді Мариямкүл апай туралы да айтудан жалықпаймыз. Өте биязы, көркем мінезді, әдемі келбетімен есте қалды, – деді ардагер-ұстаз Ұлболсын Бекмағанбетова.
Мектеп-лицей директоры Б.Бақбергенова ұстаздық жолды дәріптеген алдыңғы буын ұстаздарға алғысын білдірді. Еске алу іс-шарасына негіз болған қос ұстаздың өмір жолы мен алар орны ерекше екендігін айтты.
Ардақты ұстаздардың өнегелі өмір жолы одан әрі таныстырылып, кешке қатысқан замандас ұстаздар А.Ізбасарова, Ш.Есқараева, С.Шамшадинова, С.Оразаева, Б.Сағындықова, З.Тайманова өз естеліктерімен бөлісті.
Өздерінің саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап, 30 жылдан астам ұстаздық қызметте табысты еңбек еткен Р.Танабаева мен М.Қадырова Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі атанды. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде осы пән арқылы оқушыларының тіл байлығы, сөйлеу мәдениеті, ұлттық дүниетанымын қалыптастыруда аянбай еңбек етті.
Тағылымы мол кештің екінші бөлімі мектепішілік Мұқағали оқулары байқауымен жалғасты.
9 ақпан күні ақиық ақын, Хантәңірінің мұзбалағы Мұқағали Мақатаевтың туғанына 92 жыл толып отыр. Осыған орай, қазақ тілі мен әдебиеті пәні бірлестігінің ұйымдастыруымен «Жырлайды жүрек» атты апталық аясында «Ғасырда бір туатын дарабоз» тақырыбында мектепішілік Мұқағали оқулары өткізілді. Шығармашылыққа жаны жақын оқушылар «Айтып өткен ақында арман бар ма?» ақын өлеңдерін мәнерлеп оқу кезеңіне 5-11 сынып аралығында 14 оқушы қатысты. Олардың ішінен ақын өлеңдерін нақышына келтіріп жатқа оқыған 5 «а» сынып оқушысы Нұрислам Мейрамбеков бірінші орынмен, 6 «а» сынып оқушысы Дильнара Спандиярова мен 11 «а» сынып оқушысы Нұрсара Жұманазарова екінші жүлдемен және 9 «а» сынып оқушысы Анар Төленова үшінші орын алды.
Байқаудың екінші кезеңі – «Жыр эстафетасы» тақырыбында Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасын жатқа оқумен өтті. Бұл кезеңге 4 оқушы қатысып, 7 б сынып оқушысы Төленова Әмина үздік деп танылды.
Үшінші кезең – «Көкірегімде жыр сәулесі маздайды» тақырыбымен Мұқағали ақынға оқушылар өз шығармашылығынан арнау оқыды. Жыр бәйгесіне қатысқан 16 оқушының арасынан оза шапқан 10 а сынып оқушысы Асылай Бектасқызы мен 5а сынып оқушысы Нұрасыл Ғалымұлы бірінші орын алды. Екінші орынмен 11 а сынып оқушысы Назым Әбдімұратова және үшінші орынмен 7 ә сынып оқушысы Мадияр Маратұлы марапатталды.
Еске алу кешінде қос ұстаздың ұрпақтары алғыстарын білдіріп, мәнерлеп оқу сайысының жүлдегерлеріне марапат пен бағалы сыйлықтарды табыстады.
Бибісара ЖАНӘЛІ