Бағы жанған бүлдіршіндер
Білім беру саласының қай бағыты да ұстазға үлкен жауапкершілікті жүктейді. Оның ішінде білімнің баспалдағы саналатын балабақша тәрбиешілері үшін бір-бір үйдің еркесіне өнер мен білім үйретіп, үлкен өмірге бағыттау оңайға соқпасы анық.
Білікті мамандар балаға күнделікті сурет салу, ойнау, әріп үйретумен шектелмейді. Баланың жан-жақты қабілетін дамытып, өнерге баулиды. Өз кезегінде түрлі байқауларда додаға қосып, шыңдап жатады.
Апта ағымында аудандағы «Еркін бөбек» балабақшасының бүлдіршіндері республикалық ән байқауының облыстық кезеңіне қатысып, аудан намысын қорғап қайтты. «Атадан – мұра» қоғамдық қорының ұйытқы болуымен облыстық филармония төрінде әуелете ән шырқаған балақайлар үшінші орынды қанжығаға байлады.
Райяна Бахытжан мен Кәусар Болат тілі шыққаннан ән мен әуезге жақын. Бір естіген әуенін мақамға келтіріп, ыңылдап ән салып жүретін бүлдіршіндердің қабілетін музыка жетекшісі Үміткүл Дабылқызы байқап, қос бүлдіршінді де вокалға кәсіби түрде үйрете бастайды. Жетекші әнші балапандардың қате жерін жөндеп, сәтті шыққан тұсына мақтап отыруды да ұмыт қалдырған емес. Облыстық байқауға екеуінен дуэт құрып дайындағанда да көп үміт күтті.
«Еркін бөбек» балабақшасының балдырғандары аталған сайыста «Біз бақытты баламыз» әнін талапқа сай орындап шықты. Балғындардың тәрбиешісі Эльвира Іскендірова да топ тәрбиеленушілері сайыста бақ сынағанда залда отырып тақым қысқанын айтады. Ал «Еркін бөбек» балабақшасының меңгерушісі Салтанат Бердалиеваның қуанышында шек жоқ. Аудандық газет редакциясына сүйінші хабарды жеткізуші де өзі болды.
– Облыстық кезеңнен балабақшамыздан қатысқан қос бүлдіршін жүлделі үшінші орынды иеленді. Қызылорда қаласына арнайы барып, қатысып, қуанып қайттық. Балабақша құрылтайшысы Әсет Ахметов кішкентайларға өз атынан сыйлықтар ұсынып, балалар қуанышын еселеді. Ал ауданның, балабақшаның мерейін облыс төрінде үстем еткен музыка жетекшісі Үміт Ерназар апайға алғысымыз шексіз, – дейді ол.
Қуанса, бала қуансын. Ойнай жүріп жақсы қасиетті бойға дарытып, ата-ана мен ұстаз үмітін ақтап, аудан намысын қорғаған бүлдіршіндерге біз де құтты болсын айтып, қанаттарың талмасын деп тілектестік білдіреміз.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ