Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Президенттік жастар кадр резерві өз мәресіне жетті

Президенттік жастар кадр резерві өз мәресіне жетті

                          
Осыған дейінгі ақпараттарда Президенттік жастар кадр резервіне үміткерлерді іріктеудің жаңа, яғни төртінші кезеңі басталғанын айтқан болатынбыз. Еске сала кетейік, іріктеу жұмыстары алғаш рет 2019 жылы бастау алып (алғашқы іріктеумен резервке 300 жастар іріктеліп алынды), әр екі жыл сайын өткізіліп келеді. Соңғы іріктеу нәтижесімен резервке тек 50 жас маман алынады. Жыл өткен сайын бұл іріктеуге үміткер жастардың саны артып келеді.

Сондықтан іріктеудің барлық кезеңдерінен өту оңай шаруа емес. Тек үздіктердің үздігі ғана резевке алынады деген сөз.
Департаментпен жүргізілген ақпараттық және үгіт-насихат жұмыстарының нәтижесінде Президенттік жастар кадр резервінің іріктеу кезеңдеріне қатысу үшін Қызылорда облысынан420 үміткер өздерінің құжаттарын тапсырды. Алдыңғы іріктеулермен салыстырғанда биыл үміткерлердің саны (100 ден астам) едәуір өскен. Бұл өңір жастарының аталған іріктеуге деген қызығушылығының артқанын көрсетеді. Жалпы республика бойынша 31 859 үміткер өз құжаттарын тапсырды.    

Өңірімізден агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау бағыты бойынша 23, сыртқы саясат және инвестициялар бағыты бойынша 12, инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты бағыты бойынша 43, әлеуметтік саясат, азаматтық қоғам бағыты бойынша 240, цифрландыру бағыты бойынша 53 және экономикалық және қаржылық саясат бағыты бойынша 49 үміткер тіркелді.

Құжат тапсырған үміткерлердің саны бойынша Қызылорда облысы өңірлер арасында төртінші орынға тұрақтады.

Іріктеу кандидаттардың құжаттарын қабылдау, мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау, ситуациялық тапсырмаларды шешу, ассесмент – орталық және құзыреттер бойынша сұхбат, сарапшылық комиссияда әңгімелесу, сондай-ақ резевке үміткерлерді қабылдау секілді 6 кезеңді қамтыды.

Президенттік жастар кадр резерві деген не?

Бұл егемен еліміздің өркендеуіне елеулі үлес қосам деген жастарға мүмкіндік беретін бірегей жоба.
Жобада барынша даярланған және тәжірибелі жастар үшін мемлекеттік басқару жүйесінде басшылық қызметке орналасуға бірегей мүмкіндік ашу мақсаты көзделген. Мәселен, жоғары мемлекеттік әкімшілік және саяси лауазымдарға бос орындар пайда болған жағдайда Президенттік жастар кадрлық резервінде тұрған тұлғалардың кандидатуралары ұсынылатын болады.

24 қазан 2025 жылы іріктеудің соңғы кезеңі - Ұлттық комиссияның отырысы өтіп, үздік деп танылған 50 үміткер резервке алынды. Қуантарлық жағдай, Қызылорда облысынан ақтық кезеңге екі бірдей жас маман іріктелді.

Олар, Қазалы ауданы әкімі аппаратынан қатысқан бас инспектор Жұмажан АсқарұлыСақыбай (қазіргі таңда ҚР Ұлттық экономика министрлігі Бюджет саясаты департаменті Мемлекеттік міндеттемелерін басқару саясаты басқармасының бас сарапшысы) және Сырдария аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Ербол Булебаев.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнаған мақаласында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жас қазақстандықтарға ерекше назар аударып, «Елімізде жоғары білікті және білімді жастардың саны артып келеді. Олардың көпшілігі уақыт өте келе еліміздің жаңа озық көшбасшыларының қатарын толықтырады. Менің бастамам бойынша құрылған Президенттік жастар кадр резерві – осының айқын дәлелі. Жобаның келесі кезеңінде қоғам сұранысына бағытталған басшыларды іріктеуге ерекше мән береміз. Билікте отырған әрбір адам ең алдымен ұлттық мүддені басшылыққа алуы керек», – деген болатын.

Талантты әрі білімді жастардың қатарынан көрінген Ж.Сақыбай мен Е.Булебаев әріптестерімізді Президенттік жастар кадр резервіне қабылдануымен шын жүректен құттықтай отырып, алдағы атқарар маңызды лауазымдарына және ел игілігі жолындағы қызметтеріне сәттілік тілейміз!

Е. Мендалиев,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі
Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы,
Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы
30 қазан 2025 ж. 216 0