Ұлт ұстазын ұлықтады
Бұл аудан орталығынан шалғайда орын тепкен Айдарлы ауылына алғашқы сапарым болды. Қызылорда облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының қолдауымен Ғафурдин Жанұзақов атындағы ауылдық клуб үйінің ұйымдастыруымен Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған «Ұлттың ұлы ұстазы» атты облыстық ақындар мүшәйрасы өтті. Аталған іс-шараға бас редактордың тапсырмасымен арнайы қатысқан едік.
Ауылдық клуб үйінің кіреберісіндегі арнайы ұйымдастырылған көрме мен әсем безендірілген сахна келген қонақтарды еріксіз назар аудартып тұрды. Облыстық дәрежедегі ақындар мүшәйрасына 21 ақын қатысып, жыр додада 42 өлең оқылды. Тағылымды іс-шараның шымылдығын ашу үшін сөз облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы халық шығармашылығын дамыту бөлімінің меңгерушісі Гүлжан Байзақова мен Сырдария аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жеңісбек Төрәлиевке беріледі.
– 5 қыркүйек – қазақ әліпбиінің негізін салған ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Соған орай, қыркүйек айында біз Қазақстан Республикасының тілдері күні мерекесін атап өтеміз. Ұлт ұстазы, Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай түрлі іс шаралар жыл бойына аудан көлемінде көптеп өткізілуде. Бүгін Айдарлы ауылында облыстық деңгейдегі рухани кеште бас қосып отырғанымызға қуаныштымын. Азулы ақындарымыз сөз сайысында шаршы топты жаруға дайын. Десек те қазылар алқасы кіл мықтының ішінен үздіктерді анықтайтын болады. Сайысқа қатысушыларға сәттілік серік болсын, – деді Ж.Төрәлиев.
Мүшәйраға әр ауданнан 14-29 жас аралығындағы жастар қатысты. Сайыс екі кезеңнен тұрды. Бірінші бөлімде ақындар Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығы турасындағы өлеңдерін оқыса, екінші кезең биылғы «Балалар жылына» орайластырылған. Ауқымды іс-шараға «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Қалдыбек Айтбаев, облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы халық шығармашылығын дамыту бөлімінің меңгерушісі Гүлжан Рахманбердіқызы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Назгүл Бердіқожа төрелік жасады. Сайыс қорытындысына сәйкес бас жүлдені Қызылорда қаласынан қатысқан Али Асқар жеңіп алды. Ал жүлделі бірінші орынды Қазалы ауданының намысын қорғаған Ақжол Түменбай мен қызылордалық Айдар Сайлауов өзара бөлісті. Екінші орын шиелілік Бекжан Ержігіт пен жалағаштық Злиха Жаңабайға бұйырды. Жүлделі үшінші орынға үш бірдей ақын жайғасты. Олар – Қазалы ауданы, Ғ.Мұратбаев ауылынан қатысқан Елнұр Нұрқасым, Қызылорда қаласының намысын қорғаған жас ақындар Дидар Өмірзақ және Аружан Нұрадин. Жүлделі орындар мен марапаттар бұнымен бітпеді. Айнұр Нұрланқызы, Мақсат Шөмен және Бақтөре Айтбаевтар арнайы жүлдеге ие болды. Қалған ақындарға «Алғыс хат» бұйырды. Барлық қатысушыға арнайы диплом мен бағалы сыйлықтар берілді.
Айта кетейік, мәдени іс-шара ұлт ұстазының өмірі жайлы қойылым мен бейнебаяннан басталып, ауылдық клуб үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғас тапты. Рухани жиын соңында ақ жаулықты ана Үйтолы Шонбаева ақ батасын беріп, елдің амандығы мен жұрттың тыныштығына тілеулестік білдірді.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ