Ұстаз – ұлы тұлға
Ұстаздар күніне арналған мерекелік іс-шара «Ұстаз – ұлы тұлға» тақырыбымен аудандық мәдениет үйінде жалғасты.
Шәкірттердің ұстаздарына арнап дайындаған қойылымы көрсетіліп, мерекелік құттықтаулар айтылды.
Салтанатты мерекеде аудан әкімі барша сырдариялық ұстаздарды төл мерекемен құттықтады.
– Өскелең ұрпақтың бойына ұлттық қасиетіміз бен құндылықтарымызды сіңіріп, адамгершілік жақсы қасиеттерді дарытатын, тәлім-тәрбие беретін тұлға, ол – Ұстаз. Әрбір шәкірттің болашағын, оның ертеңге деген көзқарасы мен ұстанымын қалыптастыратын да – Ұстаздар қауымы! Сондықтан да, ұстаздардың қызметі қай кезде де жоғары бағаланады.
Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Сапалы білім қарқынды дамудың басты шартына айналды. Сондықтан болашаққа жол сілтейтін мұғалімнің еңбегін лайықты бағалау – өте маңызды міндет» деп айқын ұстанымын білдірді.
Президенттің тапсырмасымен қабылданған «Педагог мәртебесі» Заңы ұстаздарға қолдау мен құрмет көрсетудің айқын дәлелі болды. Бүгінде елімізде мұғалімдерді материалдық ынталандыру жұмыстары жүйелі ұйымдастырылуда. Ауданымызда да бұл бағыттағы жұмыстар лайықты жүргізілуде.
Биылдың өзінде ауданның білім саласына 11 млрд теңге қаржы бөлінді. Келесі жылы педагогтер жалақысы тағы 25 пайызға көбейеді. Бұл – мұғалімдерді әлеуметтік қолдаудың нақты қадамы.
Ұстаз еңбегінің нәтижесі қай кезде де шәкірт жетістігімен бағаланады. Өткен оқу жылында ауданымыздың білім саласында еңбек ететін ұстаздар қауымы және озат оқушылардың тынымсыз ізденістерінің арқасында мол жетістіктермен айтулы табыстарға қол жеткізілді.
Талапкерлердің 91 пайызы мемлекеттік грант иегері атанды. Республикалық, облыстық сайыстарда жүлдегер атанып, марапат төрінен көрінген ұстаздар мен шәкірттер қатары көбейді.
Бұл жетістіктер – аудан ұстаздарының қажырлы еңбегінің нәтижесі деп білемін.
Мерейлі мерекеде ауданымыздың білім саласын дамытудағы қызметтеріңіз үшін Сіздерге зор ризашылығымды білдіремін, – деді аудан әкімі М.Ергешбаев.
Ұстаздардың кәсіби мерекесінде ауданның білім саласында өзіндік орны бар ұлағатты жан №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейдің мұғалімі Ү.Батишева Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгімен марапатталды. Аудандық білім бөлімінің әдіскері Л.Мығымбаева «Еңбек даңқы» медалімен марапатталды. Марапат төріне шыққан сала үздіктеріне Оқу-ағарту министрлігің Құрмет грамотасы, Алғыс хаты, облыс әкімінің Құрмет грамотасы, аудан әкімінің Алғысы, облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасы, облыстық білім басқармасы мен білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің Құрмет грамотасы, облыстық білім басқармасының Алғыс хаты тапсырылды.
Жылдағы дәстүр бойынша оқу жылының бірқатар номинациялары да өз иелерін тапты. Атап айтқанда «Үздік педагог» атағы 50 мың теңге сертификатымен №37 мектеп-лицейдің бастауыш сынып мұғалімі Р.Сейтасқарова марапатталды. «Үздік білім беру ұйымы» номинациясымен №42 Қ.Баймағанбетов атындағы мектеп-лицей директоры З.Жаманқұлов, «Білім бәйтерегі» номинациясымен №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицей директоры Б.Бақбергенова, «Үздік жаңашыл мектеп» номинациясымен №139 орта мектеп директоры Г.Смайлова марапатталды. Директорларға 150 мыңның сертификаты табыс етілді.
Салтанатты іс-шара мерекелік концертке ұласты. Барша ұстаздар қауымын кәсіби мерекемен құттықтаймыз.
Бибісара ЖАНӘЛІ