Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Сырдан басталған сапар

Сырдан басталған сапар

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орта­лығының директоры Бауыржан Халиолланың ұсынысына сәйкес шығармашылық кеш ұйымдастырылды. Іс-шара облыс орталығындағы Н.Бекежанов атындағы музыкалық ака­демиялық драма театрында болды.

«Дала дидары» әдеби-сазды көшпелі өнер ұжымының концертіне облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Руслан Рүстемов бастаған мә­дениет саласының басшылары мен қыз­меткерлері, Сыр бойындағы Сәпен Аң­сатов, Хұсейін Әмір-Темір, Серік Ыдырысов бастаған зиялы қауым өкілдері, әдебиет жанашырлары мен көпшілік қа­уым қатысты. Жұртшылық асыға күт­кен іс-шараны қазаққа ортақ Қадыр ақынның өнері мен өлеңінің жоқшысы, ақын шығармашылығының насихатшысы, белгілі ақын Бауыржан Халиолла ашып, Сырдан бастау алған сапардың мә­ні мен маңызына тоқталды.

– Қасиетті Сыр өңірі – алты Алашқа ана болған, талайға пана болған, құт қо­нып, бақ дарыған киелі мекен. Сондық­тан республиканың өзге өңірлері мен көр­шілес елдерде жалғасатын шығар­ма­шылық сапарымызды тарихы терең Сыр өңірінен бастағанды жөн көрдік. Ең алдымен, біздің ұсынысымызға айрықша қолдау білдірген облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлына алғыс айтамын. Сондай-ақ ақын өлеңдерін жатқа оқитын руханиятшыл азамат, облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Руслан Рүстемов пен «Алтын домбыраның» үш дүркін иегері Мұхтар Ниязовқа риза­шылығымыз шексіз, – деген орталық ди­рек­торы Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының жетіс­тіктері, атқарып жатқан жұмыстары мен жоспарлары туралы кеңінен айтып өтті. Бауыржан Халиолланың айтуынша, Сырдан басталған сапар Түркістанданда жал­­ғасады және Қырғыз елінде де «Да­ла дидары» әдеби-сазды көшпелі өнер ұжы­мы концерт қоймақ.

Шығармашылық кеште Қадыр ақын­ның өлеңдері оқылып, әнге арқау болған тамаша туындылары шырқалды. Домбыра үні жаңғырып, «Қазақтарды шетелдік қонақтарға таныстыру», «Тамаша» се­кілді әндері көрерменнің жоғары баға­сына ие болды. Мұнан бөлек оралдық өнерпаздар «Әже туралы ән», «Наз», «Сыған серенадасы», «Жауынгер мекен – жымпиты» секілді ақынның сөзі­не жазылған әсем әндерді әуелете шыр­қап, жиналған жұртшылыққа рухани демалыс сыйлады. Ал атақты «Атаме­кен» әні орындалғанда көпшілік тік тұ­рып қол соғып, қазақ халқының екінші гим­ніне айналған әнді өнер ұжымымен бірге шырқады. Осылайша, «Дала дидары» әдеби-сазды көшпелі өнер ұжымы­ның концерті жоғары деңгейде қорытын­ды­ланды.

Іс-шарада облыстық мәдениет жә­не спорт басқармасының басшысы Руслан Рүстемов дара дарын иесі атанған Қа­дыр ақынның «Бақыт» өлеңін оқып, жұрт­­шылықты тәнті етті. Басқарма бас­шы­сының көрнекті ақынның өлеңін жат­қа оқуы, шығармашылығы жөнінде те­рең­нен сөз саптауы және Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының жұмысына жоғары баға беруі – көпшіліктің көңілінен шығып, «Дала дидары» әдеби-сазды көшпелі өнер ұжымына зор серпіліс сыйлады. Руслан Рүстемұлы үлкен сапарды Сыр елінен бастаған оралдықтарға ал­ғыс айтып, орталық директорына арнайы Алғыс хат табыстады. Концерт со­ңында қызылордалық көрермен қауым Ақжайықтан ақ көңілмен келген ақын Бауыржан Халиолла, Жансая Мусина бастаған танымал ақындармен естелік суретке түсіп, көтеріңкі көңіл-күйде тар­қасты.



Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ

28 маусым 2022 ж. 330 0