Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай облыста 30 мәдени іс шара өткізілмек

«Тәуелсіздікті ұлықтауға арналған іс-шаралар жыл көлемінде өткізіліп келеді. Дегенмен ауқымды шара ол ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесін қорытындылауға арналады. «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына - 30 рухани-мәдени шара» атты іс-шаралар жоспары бекітілді. Атап айтсақ, 18-19 қараша күндері республикаға белгілі өнер иесі, ақын, әнші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Елена Әбдіхалықованың әндерін орындаушылардың «Жасай бер, Қазақ елі!» атты республикалық конкурсы мен Гала-концерті; 26 қараша күні Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының «Сыр әзілі» атты әзіл-сықақ отауының жаңа бағдарламасы; 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні орай «Көш бастаған Елбасы», «Кемеңгер көшбасшы, «Елбасы жолы», «Тұлға. Елбасы.Тарих» атты мерекелік шаралар; 4 желтоқсан күні республикамызға белгілі режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайртакері, Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Хұсейін Жүсіпұлы Әмір-Темірдің «Тәуелсіздік төріндегі театр» атты шығармашылық кеші; Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінде батыр, қолбасшы Жалаңтөс Баһадүрдің ескерткішінің ашылуы; Жырау Көшеней Рүстембекұлының 75 жылдығына арналған «Жүрегі жаухар жампозым» атты театрландырылған қойылым концерт; 15 желтоқасан күні Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында «Тәуелсіздік – мәңгілік елдің тұғыры» мерекелік салтанатты шара ұйымдастырылмақ», - деді басқарма басшысы Асқарбек Темірбекұлы.
Сондай-ақ, 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай «Тәуелсіздік – елімнің еркін жолы», «Әлем таныған Қазақстан» тақырыптарында фото, кітап көрмелері, музей залдары бойынша экскурсиялар, желтоқсан оқиғасына қатысушыларымен кездесу шаралары, мерекелік концерттер өткізіледі.