Ақжармалық өрендер өнер көрсетті
Айтулы жыл шеңберінде дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан өнер фестивалін Ақжарма ауылдық мәдениет үйінің өнерпаздары да ұйымдастырды.
Ақжармалық жас таланттар концерт барысында жарқырай түсті. Өз кезегінде «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Замаддин Ибадуллаевтың шәкірттері А.Темірханов және М.Мансұров өтірік өлең айтысын жасады. «Ақ әжелер» ансамблі «Сәулем-ай» әнін шырқады. «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығының бишілер тобы «Қазақ», «Туған жер», Балалар биі», «Қазақ қызы» билерін орындады. Сонымен бірге жерігілікті өнер иелері патриоттық, дәстүрлі, эстрадалық әндер айтты. Балалардан жасақталған көркем сөз шеберлері ақындардың өлеңдерін жатқа оқыды. Бұл іс-шараны ұйымдастыруда ауылдық мәдениет үйінің әдіскері Г.Босатханованың еңбегін атап өткен жөн.
– Әр ауылдың жас өрендері жергілікті халыққа өнерлерін көрсетіп келеді. Барлық ұжымның өзіне тән ерекшеліктері бар. Біз жергілікті ақын Замаддин Ибадуллаевтың шығармашылық еңбектерін айтыс жанрында жеткізгіміз келді. «Балалар жылы» аясында жас өнерпаздардың қабілетін шыңдап, үлкен сахналардан көрінуіне жағдай жасаймыз, – деді ауылдық мәдениет үйінің директоры А.Темірханов.
Балтабай ОРДАБЕКОВ