Өзіңді тану – өлкеңді танудан басталады
Халқымызда «Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат бойыңнан түңілсін» деген тағылымы мол сөз бар. Расында да біз өзіміздің тарихымызды, құндылығымызды өзіміз дәріптеп, насихаттап, зерттеуіміз керек. Осы ретте оқушының санасына ел мен жер тарихын сіңіре алсақ, бұл біздің бабалар аманатын орындағанымыздың белгісі болмақ.
Жақында Бесарық ауылындағы №147 орта мектебінің мұғалімі Ақмарал Байжүнісованың ұйымдастыруымен «Туған жер – менің кіші Отаным» және «Ақылды бейсенбі» жобалары аясында бірқатар іс-шара өтті. Соның бірі – 7 «ә» сыныбы оқушыларының белсенді қатысуымен өткізілген «Өзіңді тану – өлкеңді танудан басталады» тақырыбындағы сынып сағаты. Туған ел мен өскен өлкеге құрметті арттыру, ауылдың тарихы мен қалыптасу кезеңдерінен сыр шерту мақсатында ұйымдастырылған сынып сағатына өлкетанушы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, бірнеше кітаптың авторы Жұмабай Байзақұлы қатысты. Сынып сағатында мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлнұр Тілеубергенова ауылдың тарихы тереңде екенін айтып, оқушыларға тың мәліметтер ұсынды.
Өз кезегінде іс-шараның қадірлі қонағы Жұмабай Байзақұлы ауылдың Бесарық деп аталуының сыры мен ел ағалары туралы әңгімеледі. Оқушыларға авторлық зерттеу жұмыстарын таныстырып, ауыл маңынан табылған жәдігерлерді жинақтап, мұражайға табыстағанын айтты.
– Бесарықтың тарихы осы маңайдағы бытыраңқы колхоздардың бірігуінен басталды. Бұл 1950 жыл еді. Ауыл тұрғындары о бастан мал бағуға да, егін егуге де епті болатын. Ол кезде техника қайда, бейнетті белшеден кешкен бесарықтықтар арықты, каналды қолмен қазды. Шопандар төл алу, қаракөл өндіру сияқты сол дәуірдің «Социалистік жарыс» аталатын аламанында алда тұрды. Сырдың суына сары қауынын, ақ бидайы мен маржанын екті. Қыры мен Қызылына отар-отар қойын, келе-келе түйесін, үйір-үйір жылқысын жайды. Осы ауылда кеуделеріне Кеңес заманының ең жоғары наградалары – «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерін таққан қарапайым еңбек адамдары өмір сүрді, – деген өлкетанушы Ж.Байзақұлы сынып сағаты аясында мектеп жанындағы мұражайды оқушылармен бірге аралап, экспонаттардың тарихы, маңызы туралы түсіндіріп берді. Оқушыларды сонау VI ғасырда қолдан жасалған су диірменінің табылу тарихы қызықтырды. Өлкетанушының айтуынша, диірмен Бесарықтан батысқа қарай шамамен 30 шақырым жерде табылыпты. Атап өту керек, сынып сағатында ерекше көзге түскен оқушылар Д.Айтбаева мен Ш.Меңлібекке және сынып жетекшісі А.Байжүнісоваға «Жердің аты, тарихтың хаты» кітабы берілді. Осылайша оқушылар мол тарихи мәліметтермен танысып, өлке тарихы туралы көп мағлұматтар алып, сынып сағатын жоғары деңгейде қорытындылады.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ