Таңғалдырған таланттар
Сырдария аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Жұлдыз LikЕ» телевизиялық байқауы өтті. Былтыр аудандық деңгейде өткен, көрермен көзайымына айналған шығармашылық байқау биыл облыстық деңгейде ұйымдастырылды. Таланттарды танытуға жол ашатын бірегей жобаға Арал, Жаңақорған, Қармақшы, Шиелі, Жалағаш және Сырдария ауданынан өнерлі жастар қатысып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Аудан әкімінің орынбасары Талғат Нұртазаев телевизиялық байқауға қатысушыларға сәттілік тілеп, ақпараттық қолдау көрсеткен «Qyzylorda» телеарнасына алғысын білдірді.
– Сыр елі – өнер ордасы болса, Сырдария ауданы – таланттардың мекені. Осынау киелі өлкеде дарындылардың бас қосып, байқауға белсене қатысып жатқаны өнердің өміршең, мәдениеттің мәңгілік екенін білдіреді. Аудан әкімінің атынан баршаңызға сәттілік тілеймін. Телевизиялық байқау жоғары деңгейде ұйымдастырылады деп сенемін, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Жобаны елімізге белгілі әзілкештер Асылхан Дүкенбаев пен Құттыбай Сағындықов жүргізді. Ал қазылар алқасының төрағасы сазгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рамазан Тайманов болса, әзіл әлемінің жарық жұлдызы Қанат Әлжаппаров, ақын Толқын Қабылша, Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының актері Асқар Ерболатұлы, «Jas Otan» Жастар Қанатының аудандық бөлімшесінің жетекшісі Ақтөре Ибрагимұлы қазылар алқасының мүшесі ретінде талапкерлердің өнерін бағалады.
Бірінші кезеңде Шиелі ауданынан келген Елдос Сейілов пен Меруерт Дүйсебай «Гауһартас» фильмі негізінде Үкілі Ыбырайдың «Гауһартас» және эстрадалық «Келші айым» әнін шырқады. Ал Жалағаш ауданының Аққыр ауылының өнерпаздары Мадияр Сайлау мен Қымбат Оразымбетова «Біздің сүйікті дәрігер» киносынан үзінді көрсетіп, А.Зацепиннің «Көктем вальсі» әнін ұсынды. Қармақшылық талапкерлер Алмай Азамат пен Айжан Қыдырбек «Тақиялы періште» киносындағы эпизодтарды сахнаға алып шығып, «Кете алмайсың сен менен» атты керемет әнді орындады. Байқауға жоғары деңгейде дайындалған аралдық Дәулеткерей Қуантқанов пен Самал Сейітова «Қыз Жібек» фильміндегі Төлеген мен Жібектің рөлін сомдап, Шегенің әнін шырқады. Жаңақорғандық Марғұлан Қалила мен Күндана Пірімқұл «Тақиялы періште» фильміндегі Әмина Өмірзақова мен Тайлақтың бейнесін актерлік шеберлікпен ашып, «Мама» әнін орындап, көрермен қошеметіне бөленді. Сырдариялық талантты жұп Абылайхан Байділдаев пен Динара Жакешова «Тыңда» әнін нақышына келтіре орындап, қазылар алқасының ең жоғарғы бағасына ие болды.
Көрермендер асыға күткен екінші кезеңде байқауға қатысушылар сахнаны ән мен жырға бөледі. Шиеліліктер ағылшындық Dean Martin жазған «Sway» атты әлемге белгілі әнді жоғары деңгейде орындады. Ал жалағаштықтар Шәмші Қалдаяқовтың «Сыған серенадасымен» сахнаны «жандырып» жіберді. Әннің ырғағы, бишілердің іс-қимылы үйлесім тапты. Қармақшылықтар байқаудың бұл кезеңінде Е.Хасанғалиевтің «Гүл сезім» атты тамаша туындысын алып шықты. Айдынды Аралдың өнерпаздары италиялық Гатто Панчеридің «Vivo per lei» әнін шырқап, жастардың зор қолдауына ие болса, жаңақорғандықтар «Зеркала» әнін орындады. Соңғы болып өнер көрсеткен сахна иелері «Queen» тобының ең белгілі әндерінің бірі «Show must go on» әнімен көпшілікті таңғалдырды. А.Байділдаевтың қоңыр дауысы Д.Жакешованың нәзік үнімен үйлесіп, қос әншінің талантына тыңдарман тәнті болды.
Осылайша аудандық мәдениет үйінің ұйытқы болуымен өткізілген телевизиялық байқау өз мәресіне жетіп, сазгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рамазан Тайманов бастаған қазылар алқасының шешімімен жеңімпаздар анықталды. Қос кезеңде де ең жоғарғы ұпайға ие болған сырдариялықтар «Жұлдыз LikЕ» телевизиялық байқауының бас жүлдесін иеленіп, 200 000 теңгелік сертификатпен, естелік сыйлықпен марапатталды. Ал Арал, Жаңақорған, Қармақшы, Шиелі, Жалағаштан келген өнерпаз жұптарға байқауға қатысып, өнер көрсеткені үшін «Алғыс хат» пен 50 000 теңгелік қаржылай сыйақы берілді. Марапаттау салтанатында Р.Тайманов сырдариялықтар үрдіске айналдырған бұл жобада таланттардың таңғалдырғанын айтып, телевизиялық байқаудың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын облыстың өзге аудандарына үлгі ету қажеттігін жеткізді.
А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ