Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Шын таланттар бәсекесі

Шын таланттар бәсекесі

Серпіліс, жігер, қазақы болмыс. Осы үшеуін үйлестіре біл­ген жандардың дарынымен дара­ланған жұлдызды сәті туды. Ол­ар өз саласының кәсіби мамандары. Музыканы түйсікпен се­зініп, шеберлікпен орындауға барын салады. Иә, жақында Ша­ған ауылдық мәдениет үйі­нің ұйымдастыруымен ҚР Тәуел­сіз­дігінің 30 жылдығы мерекесі аясында мекемеаралық «Екі жұл­дыз» сайысы өткізілген болатын. Байқауға ауыл әкімі Ұлбала Әб­діраманова, сала мамандары, тұр­ғындар қатысты.

Ауыл халқына ерекше көңіл-күй сыйлаған кеште №37 мектеп-лицейден Ләззат Сарыбае­ва мен Бақыткүл Ошақбаева, «Алтын сақа» балабақшасынан Гүлсім Сүлейменова мен Жанат Маханова, «Балбөбек» балабақшасынан Нұргүл Жақсылықова мен Сымбат Сейтас­қарова, ауылдық «Өнер» мектебінен Алтынай Жақсыбекова мен Ағжан Сәкенова бақ сынады. Халық баласын оқытуда барын салатын сала мамандары өз өнерлерімен көпшілік көңілінен шықты. Сахна төрінде ән салудың кәсіби маманы болмаса да, қатысушылар түрлі жанрда шеберліктерін байқатты.

Ең алдымен, бірінші кезеңде сайыс қа­тысушылары Қазақ композиторларының ән­де­рін орындады. Кеш шымылдығын Алтынай Жақсыбекова мен Ағжан Сәкенова «Туған ел» әнімен ашты. Ұжымдастарына қолдау көрсеткен «Өнер» мектебінің ұстаздары халық аспаптарымен сүйемелдеді. Сонымен бірге, Нұргүл Жақсылықова мен Сымбат Сейтасқарова «Тойға шашу» әнін шырқады. Әнді орындау барысында балабақша ұжымы қазақ биімен кеш көркін аша түсті. Өз кезегінде Гүлсім Сүлейменова мен Жанат Маханова «Қызылорда» шығармасын көпшілікке ұсынды. Әннің қойылымында Сыр елінің табиғаты, суы, туған жер кереметтері насихатталды. Ал Ләззат Сарыбаева мен Бақыткүл Ошақбаева «Аққу арман» әнімен тыңдарман жүрегінен жол тапты. Негізінен, мектеп-лицей ұжым адам өмірінің жа­стық шағына шолу жасады. Тағылымды ұрпақ тәрбиелеудің маңыздылығына тоқталды.

Екінші кезеңде кино, мультфильм, ерте­гі­лерде айтыталын әндер шырқалды. Көрер­мендер бір сәтке үнді еліне саяхат жасап қайтты. Мұндай мүмкіндікті «Өнер» мек­тебінің ұжымы сыйлады. «Алтын сақа» балабақшасының мамандары балаларға ба­зар­лық жасады. Яғни, бүлшіндердің сүйікті мультфильмі «Еріншектер елін» сахнаға алып шықты. Осыдан 55 жыл бұрын көрерменге жол тартқан «Кавказ тұтқыны» киносы ел есінде. Әлемдік жауһарды «Балбөбек» балабақ­шасының ұжымы сәтті орындады. Үлкен буынның өкілдері жастық шаққа оралтқан өнерлі жандарға ризашылығын білдірді. Үздік­тердің қатарынан көрінуге ниетті мектеп-лицей ұжымы қазақ киносының шедевірі «Тақиялы періштені» сахналық қойылым ре­тін­де ұсынды. Баласына жар іздеген Әмина ана­ның образы кеңінен ашылды. Ақылды да көрікті қыздар өз кейіпкерлерін жандандыра түсті.

Үшінші кезеңде сайыс қатысушыларына еркін тақырыпта ән шырқау тапсырмасы бе­ріл­ген. Алтынай мен Ағжан 80-90 жыл­дар­дағы әндерді орындаған болатын. Ал, Нұргүл мен Сымбат «Бір ел» әні арқылы халықтар достығын паш етті. Тәуелсіздік жылдары елімізде орнаған ынтымақ пен бірліктің символын көрсетті. Мере­келік көңіл-күйді сездірген Гүл­сім мен Жанат «Жаңа жыл» әні­мен байқаудың сәнін аша түсті. Қыс мезгілінің ерекше табиғатын сахналады. Сайыстың нүк­тесін қойған Ләззат пен Бақыткүл «Ми­раж» тобының «Музыка нас связала» әнімен дара шықты. Ұлағат­ты ұстаздар ұйым­шылдықтың озық үлгісін көрсетті.

Үш кезең бойынша өнер көрсеткен қатысу­шыларды әділ қазылар алқасы жоғары баға­лады. Әділ қазылардың құрамында аудандық мәдениет үйінің директорының орынбасары Азиз Садықов, «Ритм» вокалды-аспапты ан­сам­білінің жетекшісі, әнші Дастан Палмахов, Нағи Ілиясов ауылдық мәдениет үйінің директоры Нұрбол Тұранов, аудандық мәдениет үйінің әншісі Динара Жәкешова болды.
– Бүгінгі кеш «Шын талантқа тұсау жоқ» екендігінін айқын дәлелі. Жұптар өнерімен сахнаны жандыра білді. Әлемдік хиттар мен қазақы әндер шырқалды. Патриотттық тәрбие насихатталды. Рухани тұрғыдан жаңғыра білдік. Бірнеше сағатқа созылған сайыс барысында жеңімпазды анықтау қиындық тудырғаны рас. Себебі, сала мамандары өнер май­талмандарынан асып түспесе, кем емес. Өз кезегінде қатысушылардың жанкүйерлері керемет қолдау көрсетіп, белсенділік танытты.

Міне, осындай шын таланттар барында қа­зақ өнері ешқашан жұтамайды. Қайта жаңа кезеңдерді бастан өткереді. Баршаңызды Жа­ңа жыл мерекемесімен құттықтаймын, – деді әділ қазылар алқасының төрағасы Азиз Са­дықов.

Байқау қорытындысында бас жүлдені №37 мектеп-лицейден қатысқан Ләззат Сарыбаева мен Бақыткүл Ошақбаева иеленіп, «Екі жұлдыз» мәртебесін жеңіп алды. І орынды «Балбөбек» балабақшасынан Нұргүл Жақ­сылықова мен Сымбат Сейтасқарова, ІІ орынды «Алтын сақа» балабақшасынан Гүлсім Сүлейменова мен Жанат Маханова, ІІІ орынды «Өнер» мектебінен Алтынай Жақсыбекова мен Ағжан Сәкенова алды. Же­ңімпаз бен жүлдегелерге қаржылай сыйлық табысталды.


Балтабай Аябекұлы

28 желтоқсан 2021 ж. 318 0