Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Мектебім ғасыр белесінде

Мектебім ғасыр белесінде

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің 100 жылдық мерейтойына арналған «Мектебім ғасыр белесінде» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.

Санитарлық талаптарды сақтай отырып өткізілген іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хай­ролла Әбенұлы, Қорқыт ата атындағы Қызыл­орда университетінің профес­соры Қазыбай Құдайбергенов, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Марат Омаров, Тереңөзек кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Муса Келдібаев, «Сырдария ауданының әйел­дері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұлмекен Жанәлиева, кітап­тың шығуына зор үлес қосқан Анар Ізбасарова, Манат Есенбаева, Шаһарбек Нұрсейітов, білім саласы ардагерлері мен түлектері, демеушілер қатысты.

Тағылымды кештің шымылдығын аудан әкімінің орыбасары Димаш Байдушев ашып, жиналғандарды ғасыр­лық мерейтоймен шын жүректен құт­тықтады.

– №35 И.Тоқтыбаев атындағы мек­теп-лицейінің 100 жылдық тарихы бар. Білім ордасы – қаймағы бұзылмаған ұлттық тәлім мен тәрбиенің қарашаңырағы. Бұл мек­теп­тің іргетасы ХХ ғасырдың басында 1919 жылы қаланып, алғаш 14 оқушымен бастауыш мектеп ашылды. Осылайша, Тереңөзек төңірегінде де тұңғыш рет қоңырау үні сыңғырлап, алғаш рет «Әліппенің» беті ашылды.

Осындай қара шаңырақтан білім нәрімен сусындап, оған қоса өнер саласында өз орнын тапқан, спортта биік белестерді бағындырған түлектер бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде мерейлі міндеттер атқа­рып жүр. Олардың арасында көп­теген қоғам қайраткерлері, ел тіз­гінін ұстап отырған білікті басшы­лар, арқалы ақындар, қаламгер-жазу­шылар, сондай-ақ өнер тарландары, ғалымдар және басқа да түрлі маман­дық иелері бар. Мектептің 100 жылдық мерейтойы 2020 жылы наурызға жоспарланған болатын, алайда елімізде орын алған тө­тен­ше жағдайға байланысты 100 жыл­дық мерейтой кейінге шегерілді. Бүгін міне сол мерейтойға арналған кітаптың тұсауын кесудің сәті түсіп тұр. Кітаптың шығуына ат­салысқан барлық мектеп түлектеріне ал­ғысы­мыз шексіз, 100 жылдық тарихы бар білім ордасынан әлі де талай білімді ұрпақ қанат қағатынына сеніміміз мол, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Өз кезегінде ғасырлық белесті бағындырған білім ошағаның тарихын зерделеген ардақты ұстаз Анар Ізбасарова мен еңбек ардагері Манат Есенбаеваға құрмет көрсетілді. Сонымен бірге мектеп директоры Бақытжан Бақбергенова қос автормен бірге ҚР Журналис­тер Одағының мүшесі Шаһарбек Нұрсейітовке «Алғыс хат» тапсырды. Ал аталған кітаптың жа­рық­қа шығуына демеушілік еткен Мұ­хит Құлмағанбетов, Асанхан Абдул­паттаев, Бауыржан Еркебаев, Дар­­хан Шағыров сынды мектеп тү­лек­­терінің ата-аналарына сый-сия­пат ұсынылды.

«Мектебім ғасыр білесінде» кі­табының тұсаукесер лентасын аудан­дық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хайролла Әбенұлы, Қорқыт ата атын­дағы Қызылорда университетінің профессоры Қазыбай Құдайбергенов қиды. Өткен күннен сыр шертетін кітаптың бір-бір данасы аудандық та­рихи-өлкетану музейіне, мектеп кітап­ханасына табысталды.

Бір ғасыр бұрын алғаш баста­уыш сынып болып басталған мектеп жайлы жазылған кітапта ҚР Мемлекет хатшысы ҚР Мемлекет хатшысы Қырымбек Көшербаевтың, облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың, сол кездегі аудан әкімі Руслан Рүстемовтың алғы сөздері жария­ланған. Негізінен, құттықтау лебіз­дермен қатар, кітаптың бірінші бө­лімінде «Білім атты өмір шырағын жаққан», екінші бөлімде «Сан түлекті түлеткен», үшінші бөлімде «Мектеп жетістігі – ауданның жетістігі» секілді айдарлар аясында мазмұмыны мол материалдар топтастырылған. Ұзақ жылдар бойы мектеп қабырғасында табанды қызмет еткен ұстаздар, мек­теп директорлары, майдангер ағар­тушылар, мектеп-лицейдің әр пән бойынша бірлестік жұмысының көрсеткіштері, үздіктер қатарынан көрінген түлектердің лебіздері мен жетістіктері, естеліктері кітаптың рухани құндылығын байыта түскен. Өткен ғасырда білім кеңістігінде ай­қын орын алған мектеп ұжымының сарғайған суреттері сағынышқа толы естелікке айналған.

Мереке мезіретін сезіндірген іс-шарада арнайы қонақтар мен білім саласының ардагерлері сан түрлі есте­ліктерімен бөлісті. Қызмет жолында қалыптасқан өмірлік ұстаным­дарын тілге тиек етті. Алтын ұя мектебінің барлық бастамаларына қол­дау көрсететіндіктерін жеткізді. Алғаш осы мектеп табалдырығын аттап, үлкен өмірге қанат қағып, ұстаздық қызмет еткен жылдарын еске алып, әр заманның өзіндік ерекшеліктеріне тоқталды.

Жалпы, ескі мектеп ғимараты 1939 жылы қаланған. Ал қазіргі білім ошағы 1967 жылы салынды. 1998 жылы орта мектепке білім саласының ағартушы майталманы Иса Тоқтыбаевтың есімі берілген. 2012 жылы талай шә­кірт­тің құтханасына айналған іргелі қара­шаңырақ мектеп-лицей мәрте­бесіне ие болды. Кейіннен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, мектеп-лицей қайта жаңғыртылды. Айта кету керек, әр жылдары бітірген мектеп түлектері білім ұясының жандануына қолдау көрсетуде.

Өз кезегінде мектеп директоры Бақытжан Бақбергенова қонақтарға мектеп тарихын, үздік түлектер бұрышын, озат оқушылар жетістігін, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бо­лашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ашылған бөлме жұмысын таныстырды. Келер ұрпаққа тәрбиелік маңызы зор кітаптың ашылуында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары өз өнерімен көпшілікті тәнті етті.

Балтабай ОРДАБЕКОВ 
13 шілде 2021 ж. 1 019 0