"Сыр дарыны" – Сырдарияда
«Сырдария-Жырдария» атанып кеткен Сыр өңірі таланттар мен дарындылардың мекені. Ал өнер сынға түскенде шыңдалып, шын жүйріктің бәйгеде бағы артатыны белгілі.
Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ мен «Ақ сөйле» қоғамдық бірлестігі «Сыр дарыны» жастар шығармашылық байқауын жариялаған болатын. Кезекті конкурс ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылды.
Байқаудың іріктеу кезеңі 10-18 маусым аралығында қала және аудандарда өтіп, республика көлеміндегі жас ақындар айтысымен қорытындыланады.
Сыр дарындарын шыңдау мақсатында өткізіліп жатқан байқаудың аудандық іріктеу кезеңі Сырдария ауданында жалғасын тапты. Конкурсқа қатысушылар төрт бағыт бойынша бақ сынады. Олар жазба ақындық өнер, айтыс, дәстүрлі ән және жыр-терме бағыттары. Сыр сүлейлерінің шығармашылығын дәріптеу арқылы өнер мектептері, дәстүрлі ән, халықтық өлең-термелердің мәртебесін арттырып, жастар арасында дәріптеуді негізі еткен «Сыр дарынына» ауданнан 28 өнерлі өрен қатысты. Өнерпаздарға ақын, Республикалық айтыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы, «Сырдария ауданының құрметті азаматы» Н.Мансұров, жыршы, өнертанушы Б.Саймағамбетов, «Өнер мектебінің» оқытушысы М.Ысқақтар қазылық етті.
«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» деген, кіл мықтының ішінде жеңімпаз біреу болары анық. Ал оза шапқандардың келесі аялдамасы – облыстық шешуші кезең. Қазылардың шешімі бойына, сайыстың ақырғы сынына ауданнан төрт өнерпаз қатысады. Олар жыр-терме бағыты бойынша Аманкелділік Жалғас Ернар, дәстүрлі ән жанры бойынша Шіркейлілік Тәңірберген Орынбасар, айтыс бағытында Сырдариялық Нұрахмет Мансұров болса, жазба ақындық өнер бағыты бойынша Шіркейлі ауылының тумасы Биболат Опабеков.
Байқауды қорытындылап, сөз сөйлеген қазылар алқасының төрағасы Нұрмат Мансұров:
– Бүгінгі шара жоғары деңгейде өтті. Аудан-ауданды аралап, Сыр өңірінің нағыз таланттар мекені екеніне көзіміз жете түсуде. Бір айта кетерлігі, өзге аудандармен салыстырғанда өнерпаз көп қамтылған Сырдария ауданы болды, – деді.
Оза шауып, облыс бойынша іріктеуден өткен жеңімпаздар сала мамандарының, танымал дәстүрлі өнер иелерінің танымдық семинарлары мен шебер-сыныбына қатысуға мүмкіндік алатын болады. Ал барлық қатысушыларға арнайы диплом мен алғыс хаттар табысталады.
Аружан Мұханбетқали