Ай – киелі
Сыртқа шыққан анам аспандағы жаңа айды көре сала «жаңа ай туыпты» деп дереу ескіше әдетімен сәлем сала бастады. Артынан «ай көрдік, аман көрдік, бұрынғыдай заман көрдік, жаңа айда жарылқа, ескі айда есірке» деген сөздерін де айтуды ұмытпады. Бұл ырымды бала кезімізден көріп өскендіктен, қазір өзіміз де ана болғанда сол әдетпен жаңа ай туғанын көрсек, сәлем саламыз.
Ай – киелі. Үлкендердің үнемі осы сөзді айтып отыруының үлкен мәні бар. Айға қарап қолыңды шошайтпа, айға қарап телмірме, ай адамның жанарын, сұлулығын, терінің жастығын алады дейді. Жалпы ырымға сенетін халқымызда айға қатысты мынадай ырым да бар. Айға қарап түзге отыруға болмайды. Оның себебі – ұрпақсыз қаласың немесе дәретіңді ұстай алмайтын науқас боласың деп сенген.
Ғылыми тұрғыда айды зерттеген ғалымдар ай төрт фазадан тұрады дейді. Оның біріншісі – айдың туылуы, екіншісі – айдың толуы, үшінші фаза – айдың желінуі, ай теріс жағынан желінеді, төртіншісі – ай жіңішкеріп, жоғалады.
Адамның денсаулығына ең қауіпті кезең – айдың бірінші және екінші фазасы екен. Яғни туылып, толған ай екі апта ішінде күшті энергиясын жерге жібереді. Осы кезде созылмалы ауруға шалдыққан адамдардың дерті ушығып кетеді. Тері ауруларына ұшырағандар, демікпесі барлар, қан қысымы жоғары адамдардың ауруы өршиді. Ал ай желіне бастағанда аурудың қозуы басылып, тынышталады. Бала кезімізде айкезбе ауруы туралы еститінбіз. Біздің ауылда осындай дертке шалдыққан көршіміздің баласы болатын. Жап-жас жігіт түн ортасында орнынан тұрып, үйден шығып, көше кезетін жалғыз өзі. Әдепкіде баласының айкезбе дертіне шалдыққанын білмеген ата-анасы, кейін бақсы-балгерлерге апарды. Олар болса бұл дертке бала айдың толысқан кезінде шалдыққанын айтқан. Содан оның ұйқысы қашып, түн ішінде ұйқысырап, кезіп жүреді.
Наным-сенім бойынша айкезбе ауруына адам иен далада ұйықтап қалған кезде, бетіне айдың сәулесі түскеннен шалдығатын көрінеді. Сондықтан түн мезгілінде терезеден ай сәулесінің түсуінен қауіптену керек. Айдан қорғану қажеттігін білген жөн. Дұрысы, түнемелік терезені жауап қою.
Айдың киесі туралы қарапайым мысал. Байқасаңыз, ай туғанда шаш алып, тырнақ алсаңыз, ай толған сайын шаш пен тырнақ тез өсетінін аңғару қиын емес. Ал ай желіне бастаған кезде алынған шаш пен тырнақ баяу өседі.
Көнеден келе жатқан ырым бойынша диқан жерге егін салғанда айға қарап егін еккен. Ай туып немесе толып келе жатқанда егін ексе, өсімі жақсы болады деп сенген. Себебі оған ай қуаты өз әсерін тигізеді. Ал айдың үшінші немесе төртінші фазасында еккен егін әлсіз, қуатсыз болып, көтерілуіне біраз уақыт кетеді.
Қазіргі кезде адамдардың бизнес бастауын да аймен байланыстыруға болады. Егер кәсібіңізді немесе жаңа жұмысты ай туғанда бастасаңыз, берекесі болады.
Ұлы композитор Себастьян Бах айға қарап жаңа туындыларын жарыққа шығарды. Ай оған жаңа әуеннің тууына себепші болды. Бірақ ол айға өзінің көзі мен құлағын берді. Ай оны соқыр әрі саңырау етті. Бетховеннің өзі «Лунная сонатасын» айға қарап жазып, аяғында саңырауға айналғаны белгілі.
Біздің ата-бабаларымыз айдың қыр-сырын жақсы білген. Сол себептен айдан қорғану үшін мынандай ырым істеген. Қыздарына ай сырға тағу соның бірі. Сол арқылы «ай әулетіме тимейді» деп сенген. Ал балаларына Ай сөзімен басталатын есім берген. Айтуған, Айбар, Айсұлу, Айғаным, Толғанай, Айжарық, Айнұр, Айгүл сияқты есімдер арқылы айға көрсеткен құрметі деп білген. Сонымен қатар баласын ай атымен атаса «ай тиіспейді» деп жорыған. Айға қатысты ыңғайсыз есім таңдаудан өте сақ болған. Себебі айға тіл тигізу бақытсыздыққа әкелетін болған. Ата-бабамыз айға қатысты тыйым сөздерді ұрпаққа үйретіп отырған.
Айды мақтау, мадақтау ежелгі аңыз-әңгімелер де көп айтылады. Ешқашан ай жайлы жаман айтпаған, қатері тиеді деп қауіптенген. Ата-бабаларымыз қылышты қынапқа, пышақ пен балтаны матаға орап қою қажеттігін қатты бақылаған. Себебі ай өзінің энергиясымен қайралғанның жүзін жеп қоятын болған. Бұл ежелден келе жатқан салт. Оның барлығы да тыйымға қатысты ырымдар деуге болады.
Тағы бір мысал, «Ай толғанда жолға шықпа» деген сөздің астарында қауіп-қатердің барын болжаған. Ең қауіпті кезді жоғарыда айтылғандай айдың толысуымен байланыстырады. Пайғамбарымыз (с.а.у) ай толғанда үш күн ораза тұтуды өсиет еткен. Өйткені жер бетіндегі сулардың тасуы мен қайтуы айдың толуы мен семуіне байланысты екені белгілі.
Құрамы 80 процент судан тұратын адам қаны да ай толғанда тасуға бейім тұратынын қазіргі медицина дәлелдеп отыр. Яғни ай толған шақ – адамдардың қаны тасып, жүйкесі сыр беріп тұратын жайсыз кезең саналады. Осындай шақта ораза тұтқан адамның қан қысымы өз-өзінен төмендеп, басылады, сабырлылық пайда болады. Ал қазақ мұндай қатерлі кезеңде ұры-қарының, жол тонаушының қолына түсіп қалмау немесе кездейсоқ жанжалға килікпеу үшін бейтаныс жерге жол жүруді жөн көрмеген. Міне, «ай толғанда жолға шықпаудың» мәнісі осында болса керек.
Киесі мен қасиетін тереңнен сезінетін халқымыздың айға қатысты айтылған ырым-сенімдері өте көп. Ал сіз не айтасыз, оқырман?
Бибісара ЖАНӘЛІ