Рамазанның әндері-ай
Ән әлемінде өзіндік қолтаңбасымен дараланған, елімізге белгілі композиторлардың бірі – жерлесіміз Рамазан Сағындықұлы Тайманов. Саналы ғұмырында туған жерін жырлаумен келе жатқан Рекең – Сыр елінің дара таланты, сырдариялықтардың мақтанышы. Оның өнер әлеміне қанат қағуы қасиетті Тереңөзекте бастау алды.
Ол Қызылорда политехникумын бітіргеннен кейін аудан орталығындағы №88 селолық кəсіптік-техникалық училищеде өз мамандығы бойынша еңбек етіп, өнерлі өрендерден «Гүлдерайым» атты вокалды аспапты ансамблін құрды. Ансамбль аудандық, облыстық байқаулардың жүлдегері атанып, 1981 жылы республикалық кəсіптік-техникалық училищелер арасындағы байқаудың лауреаты атанды.
1990-1997 жылдар аралығында Тереңөзек аудандық мəдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі, 1997 жылдан облыстық халық шығармашылығын дамыту жəне мəдени продюсерлік орталығында музыкалық, бүгінгі таңда көркемдік жетекші болып қызмет атқарады. Ол өз үнімен, өзіне ғана тəн əуендерімен жұртшылық көңілін баурап алды. Оның есімін республика жұртшылығына танытқан ең алғашқы əндерінің бірі 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына байланысты шығарған «Қазақ қызы» əні. Бұл əн əлем қазақтарының сүйікті əніне айналды. Ол музыкалық сауатын кəсіби деңгейде жетілдіру мақсатында Алматы қаласындағы Чайковский атындағы музыкалық училищесіне түсіп, оны 1989 жылы бітіріп шықты. Р.Тайманов əйгілі «Қазақ қызы» əнінен бастап «Сен мені кінəлама», «Махаббат көктемі», «Қазағым-ай», «Жаңбырлы түн», «Боздақтар», «Салтанат», «Қорқыт қобыз», «Қызылорда жастар əні», «Айналайын» т.б сазды да лирикалық əндері қызғалдақтай құлпырып, бірінен соң бірі шығып, республиканың белгілі əншілері – Нұрлан Өнербаев, Жеңіс Ысқақова, Бақыт Шадаева, Жанар Айжанова, Жеңіс Сейдуллаұлы, Гүлнар Сиқымбаева, Гүлнұр Оразымбетова кезінде «Арқас» тобының эфирде, теледидарда жиі шырқайтын əніне айналып, тыңдармандарының қошеметіне бөленді. Сонымен бірге əртүрлі музыкалық аспаптарға жазылған классикалық шығармалары Чайковский атындағы музыкалық училищесінде оқу құралы ретінде пайдаланылып келеді. Арнаулы музыкалық біліктілігін тереңдету жəне кəсіби деңгейде білім алу мақсатында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Музыка жəне өнер» факультетін бітірген талантты музыкант бүгінгі таңға дейін республикалық халықаралық конкурс, байқаулардың лауреаты атанып, жемісті еңбек етуде.
1996 жылы Эстонияда өткен бүкіл дүниежүзілік «Аплаус» балалар шығармашылығы фестивалінде белгілі композитор Раймонд Паульс оның «Қызылорда жастар əнін» фестивальдің «Ең таңдаулы əні» деп бағалап, «Алтын қорға» жазып алған.
1997 жылы Павлодар қаласында өткен өнерлі балалар шығармашылығының халықаралық «Айналайын» фестиваліне арналып жазылған 27 əнұран ішінен əн таңдаулы болып алынған. Яғни фестивальдің ашылу салтанаты Р.Таймановтың «Айналайын» əнімен ашылды.
1998 жылы Ақмола қаласында өткен Қызылорда облысының мəдениеті мен өнері күндерінің галаконцерті жəне Астана қаласының тұсаукесері рəсімінде көрсетілген «Қорқыт. Қобыз. Қызылорда» атты концерт қойылымына музыкалық жетекшілік жасады. Оның «Қорқытқобыз» əні республикалық «Жас қанат 2000» конкурсы жəне халықаралық «Азия дауысы 2000» фестивалінде «Үздік əн» болып танылды. Оның шығармашылық жолындағы ең үздік жетістігі 2000 жылы халықаралық «Азия дауысы» фестивалінің «Үздік композиторы» атағына ие болуы. Ол облыс мəдениеті мен өнерінде болып жатқан барлық шараларға белсене араласып, мəдени-көпшілік бағдарламалардың жоғары деңгейде өтуіне, сапалы музыкалық көркемделуіне, концерттердің кəсіби дəрежесінде талғаммен қарап, көрермен көңілінен шығуына атсалысып келеді. Р.Тайманов əн жазумен қатар, қойылым, концерттерге музыка жазып, облыстық Н.Бекежанов атындағы музыкалық драма театрымен шығармашылық байланыста ең алғаш рет 1998 жылы «Қыз жібек» опереттасының музыкасын жазды. Сол уақыттан бері театр ұжымы сахналаған «Исатайдың барында», «Аласапыран», «Қорқыт» спектакльдері мен балалар қуыршақ театры қойған «Жеті лақ», «Тышқандар көтерілісі» қойылымдарының музыкасын жазды.
2000 жылы мəдениетті қолдау жылында Р.Таймановтың жинақтауымен жəне өңдеуімен Сыр елінің өнерпаздарының орындауындағы «Сыр əуендері» компактдискі дайындалды. 2005 жылдың маусым айында Татарстан елінде қазан қаласында өткен халықаралық академиялық театрлар фестивалінде көрсетілген «Аласапыран» спектаклінің музыкалық көркемделуі музыка мамандары мен қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.
2005 жылы Р.Таймановтың əр жылдардағы 20 əні енген компактдискі дайындалды. Оның облыстық музыка өмірінде тынбай жасаған еңбегі бағаланып, 1998, 2006, 2010 жылдары облыс əкімінің стипендияты атанса, 2001 жылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасы «Шапағат» медалімен марапатталды. 2010 жылы Қазақстанның Еңбегі сіңген қайраткері атағын иеленді.
2014 жылы өзінің дарабоз өнерімен елге танылған кəсіби композитор Рамазан Таймановтың шығармашылығына 40 жыл толып, Қызылорда облысы əкімдігінің қолдауымен, Қызылорда облысының мəдениет басқармасының ұйымдастыруымен «Қазақ қызы» атты шығармашылық əн кеші өтіп, кеште ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері Нұрлан Өнербаев, Жеңіс Ысқақова, Жеңіс Сейдоллаұлы, қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары Дүйсенхан Сыздықов, Ақмарал Ноғайбаева жəне облысымызға белгілі əншілер өнер көрсетті.
Тайманов Рамазан Сағындықұлы – белгілі композитор, республикалық «Жас қанат», халықаралық «Азия дауысы» байқау, конкурстарының жүлдегері, «Шапағат» медалінің иегері, Сырдария ауданының жəне Қызылорда қаласының «Құрметті азаматы» атағының иегері, ҚР Еңбек сіңірген азаматы. Р.Сағындықұлы əндерін орындаушылардың облыстық байқауы өзінің қатысуымен екі жылда бір рет туған жері Тереңөзекте тұрақты өткізіліп келеді.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ