Халықаралық байқауда жеңімпаз атанды
Шуақты көктемде аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған «Балауса» халықтық би ансамблі Нұр-Сұлтан қаласына аттанған болатын. Құрамында 14 өнерпаз бар ансамбль 12-13 наурыз күндері аралығында «I'm a STAR KZ» халықаралық байқауына қатысты. Аталған байқауда бақ сынаған сырдариялық бишілер сүйінші жаңалықпен оралды.
«I'm a STAR KZ» халықаралық байқауында «Балауса» халықтық би ансамблі қазақтың «Шаттық» биін сахналады. 13-16 жас аралығындағы жас өнерпаздар бірнеше би ұжымынан алға озып, халықаралық өнер бәйгесінің бас жүлдесін жеңіп алды. «Наз» мемлекетттік би театрының балетмейстері Қадиша Ағымбаева бастаған әділ-қазылардың жоғары бағасына ие болған биші қыздар көпшілікті өнерімен тәнті етті.
– «I'm a STAR KZ» халықаралық байқауында жеңімпаз атанғанымызға өте қуаныштымыз. Би өнерімен бірнеше жыл бойы айналысқан қыздарымыз тағы да мықты екендіктерін дәлелдеді. Осы байқауға дайындық барысында «Шаттық» биін таңдап алдық. Бізге маңызы зор бәсекеде тың дүниеге иек арту керек болды. Себебі, пандемия уақытында қыздарымыз бірнеше байқауға қатыспады. Сондықтан олар осы жолы барын салып, шабыттанып биледі. Зор жетістікке жете білген би ұжымы жылына 3-4 биді меңгеріп шығады. Алдағы уақытта жетістігімізді еселей түскіміз келеді, – дейді ұжымның балетмейстері Ақмарал Пернебаева.
Айта кету керек, ұжымның балетмейстері Ақмарал Пернебаева «Үздік тәлімгер» медалімен марапатталды. Ал хореограф Таңшолпан Құдабаева ұлттық нақыштағы би өнерін өнерпаздарға үйретіп келеді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ