ЖАС ЖҮРЕКТІ ТЕРБЕЙДІ КҮЙ-КҮМБІРІ
Тым қатқыл қыс біздің мекенде ызғарын бәсеңдетіп, аяздың ауылы біршама алыстағандай. Дымқылданған ымырт кеште ескі сезімнің маздаған шоғы тұтанып, еріксіз көз алдыма ғаламат кейіпкерім елбең ете қалды. Сонда қалай ішкі түйсігімізде тыныш ұйқыда жатқан ғашықтық тылсым күш жаңадан түлегені ме? Әрине, бұл хикая желісі ертеден басталған. Кәдімгі тіршіліктің қамымен жүріп, өткенімізді ұмыта бастаппыз.Тағдыр сыйына таңсәріден бетпе-бет тұрып құмырсқа тірлікпен жанталасамыз. Ендеше, біраз уақыт санамыздан жоғалған бұрынғы күндерімізге ойша аяңдап бағайық.
Ауыл түлеткен баланың алғашқыда қандай мақсат-тілектері болсын. Өзі армандаған мамандығына түсіп, киелі оқу орнына қадам басқанда қаршадай жас жігіттің әр нәрсеге елеңдеп қарағаны рас. Айналысының барлығы тұла бойына талант біткен жастардың ортасы. Негізінен, қарымы мықты тілшілер даярлайтын журналистика шеберханасында кіл жазуға машықтанған сөз өнерінің шеберлері шоғырланған. Тағы бір ерекшелігі мәртебелі мамандықта оқитын табиғи сұлулығы тамаша қазақтың ибалы арулары көптеп кездеседі. Ақ фартук киген мектеп аруларынан басқа ешкімді көре қоймаған біз сияқты бейкүнә жандарға қала қыздарының жаңаша келбеттері бастапқыда таңсық көрінді. Уақыт өте келе университет қабырғасында жүрген жүзі жарқын қыз-жігіттермен үйренісіп кеттік. Мерекелік кештерде басымыз қосыла қалса небір қызықтарға тап болатынбыз. Жоғарыда айтылған жайттер үлкен қаладағы өміріміздің әлқиссасы іспетті.
Жарқыраған күнмен шағылысқан қыздың көркі көздің жауын алады. Құдды дүйім жұрттың назары тек соған бағытталғандай . Кіршіксіз, мұнтаздай періштенің қасында түске дейін сабаққа байланған сергелдең сәттерің өтеді. Аты қандай болса жасаған істері де айшықты ажарына лайықты. Бастапқы жылдары ауылда қалған балалық махаббаттың шырмауында жүргеніміз анық еді. Дәлізде кездесе қалған бикештерге көз астымен қарап, барар жолына шығарып салатынбыз. Кенеттен өзің қалаған адам сәлемдесе қалса қызарыңқы жүзбен тосырқап қаламыз. Қашанғы мұндай қолайсыз жағдайларға тап бола бересің. Көпшілікпен араласа келе үйіңнен жиып шыққан ұяңдық жайына қалады. Сендегі ғажайып көрінер ғашықтық сезімің қаншалықты әсерлі болса, соншалықты ақ маңдайлы ару ерекшеленіп тұрғаны. Зырғыған уақыт шіркін заматында өзгеріп жатады. Адамның көңіл-күйі де құбылып қоймай, тынымсыз күйге түседі. Осындай беймаза шақта жүргенде үнемі күлім қағып, қас-қабағымен бүкіл жан дүниесіндегі жаратылысты ұғындыратын қылықты қызды ұнатып үлгердік.
Міне, сол күннен бастап біздегі атмосфера өзгеріске ұшырады. Бұрын еркін әңгімесін айта жөнелетін топтағы ерекше құрбым салқын қарай бастады. Әйтеуір, қылдай жолдың бойында аяқ басқандай сезінеміз. Кішкене тайқып кетсек алаулаған сезім басқаша өрттің жалынына айналып кететіндей боп тұрады. Күндер өтіп, тіліміз күмілжіп жүргенде біздегі қарым-қатынасты тобымыздағы байқағыш жандар сезіп, екеумізді қосуға біраз әрекеттенді. Дегенмен, айтқанынан қайтпаған сылқым сұлу сүймек түгілі жылы қабақ танытпай әлденеге шытынап жүретін. Әйтсе де іштей тілекші болып, жағдайымызға бей-жай қарамайтын. Әрдайым әр нәрсені көзбен түсінісіп, тілге келместен көп істі тындыратынбыз. Қыз мінезі жайма шуақ кездері жаңа түскен ұлпа қардан да жұмсақ көрінсе, кейде бөтенсіп шығады. Сол кездері махаббат машақатының кермек дәмін татасың. Небір басымыздан қызықты күндер өткені мәлім. Кей отырыстарда жинала қалсақ, үстел басының екі шетіне жайғасып алып, түрліше құбылып отыратынбыз. Қиыла қараған құрбымды биге шақыра қалсаң, әрең дегенде ортадан табылады. Кеш аяқталар тұста шығарып салу туралы сөз де қозғамаппыз. Бұл бойдағы ынжықтық емес, тек өзіңді ұнатпайтын қыз алдындағы дәрменсіздік. Күндер өтіп соңғы оқу жылына келіп жеткен кез. Баяғы биязы қалпындағы бойжеткенді сырт көзден талай қызғанып, болмашы нәрселерге ренжісеміз. Қанша рет бетімізді қайтарса да, жүрек құрғыр дегенің жасамай қоймайды. Тәулік бойы университет табалдырығын аттайтын жүздеген қызды елемей, ерке құрбымды ғана іздеумен жүретінмін. Ұстаздарымыз жай-күйімді естіген шақта шымшыма әзілмен мені жігерлендіретін. Достарымыз аудиторияда қатар дауысымыз шыға қалса «бір үйден қос адам сөйлемейді» деп қалжыңға басатын. Мұның барлығы өткеннің еншісіндегі естеліктер болып, санада сақталады.
Қазіргі таңда күні бойы қасымнан шықпайтын нақ періштем арман қуып, Алматы шаһарында жұмыс істеуге талпынып жүр. Соңғы жолыққанымыз жаздың шіліңгір шілдесі еді. Содан бері ерке құрбысынан қол үзіп қалған сері жігіттің жаңа күндері басталды. Үлкен қаладағы әр басқан қадамы, таулы жердегі түнгі серуені, саялы бақтарда жалғыз қыдырғаны түсімізге енер әсерлі көріністер. Ессіз еліктірген сымбаты сәнденіп, айналасына нұрлы шуағын төгіп жүргендей. Сыбызғыдай қоңыр үні Алматы бақтарындағы тіршілік қылатын құс дауысымен ұштасып жатқан тәрізді. Қырмызы бикештің қыпша белі, сүйріктей бойы иілген қайын ағашының бұтақтары іспетті. Мөп-мөлдір жанарынан талай сырды ұғарсыз. Сол бір қызға деген сағыныш лебін іштегі сырды бүкпесіз ақтарып бәсеңдете білдік.
Сонау мегаполисте жүрсе де, әлі де есімізден шыға қоймағаны әбден бауыр басқанның белгісі емес пе?! Алдағы күндері қиялдағы бойжеткен шынайы сүйген азаматының жары атанары шүбәсіз. Бес жылғы үздіксіз үміттің бізге берген жемісі-жалғыз адамға тұрақтауды үйреткені. Әрине, сезім құрғыр нақ сүйгенін жолықтырғанша сусымалы құм секілді әр қыздың бақыт мекеніне көшіп жүреді. Алматы дегенмен мол мүмкіндіктерге жол ашады. Өзі тыным таппайтын еңбекқорлығының арқасында өмір баспалдақтарынан сүрінбей өтіп, алға қойған мақсатының құзар шыңына шыққысы келеді. Ендеше, Сыр сұлуының келешегі көркейіп, киелі шаңырақтың ибалы келіні атансын демекпіз. Қанша құмартып, ұнатқаныңмен жүрек қалаған «ақкөгершінің» панасын іздеп, өзгенің құшағында бақытын сезінеді.
Келесі бір туындымды жазуға ниеттеніп, жұмысыма асығып келе жатқан сәтім. Міне, темір жолды теңселткен отарба алыстағы Алматыға жүйткіп барады. Сол кезде мені де ерке құрбыма жеткіз деп айқайлай жөнелгім келді. Қайтпек керек?! Көріспегелі көп айдың жүзі болды…
БАЛТАБАЙ ОРДАБЕКОВ