Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Талантты жандардың ордасы

Талантты жандардың ордасы

Аманкелді ауылындағы мәдениет үйі 1988 жылы пай­далануға берілген. Содан бері 32 жыл уақыт өтсе де ғимарат әлі жап-жаңа. Мәдениет үйінде 8 мәдени қызметкер еңбек етеді. Бүгінде олар тәжірибелі және өнерлі мамандарға ай­налған.
– Мекеме жанынан қосымша жеті үйірме жұмыс жасайды. Бірі вокал, бірі дәстүрлі және би өнері, қылқалам секілді үйірмелер болашақ өнердің іргетасын қалауда. Ауыл тұрғындары мен жастары, мүмкіндігі шектеулі азаматтар біздің мәдениет үйінің жұмысына белсене араласады. Түрлі байқаудан жүлдемен оралып жүр. Атап айтқанда, халықаралық «Яркие таланты лета» атты Китен қаласында өткен байқауда Жанерке Науан «Гран-при» алды, дәл осы байқауда Батыржан Амангелдиев І орынмен оралды. Аудандық жазба ақындар арасында өткен онлайн ақындар мүшәйрасында Г.Оразова бас жүлдемен, облыстық интеллектуалдық сайысында К.Аманжолова жүлделі І орынмен, облыстық «Бозторғай» балалар конкурсында З.Советұлы ІІ орынмен, күй өнері бойынша облыстық «Күй күмбірі» байқауында Е.Қайбулла ІІІ орынмен, облыстық оқушылар арасындағы ақындар айтысында Қ.Нұрланұлы жүлделі ІІІ орынмен марапатталып, ауыл абыройын асқақтатып жүр. Аманкелді талантты жастардан кенде емес. Біз осы өнер деп соққан жүрегі бар жандарға қолдау көрсетіп, елге таныту – міндетіміз, – дейді мәдениет үйінің директоры Жұмағазы Қайыпұлы.
Аманкелділік өнерлі жастар туралы таң атырып айтуға болады. Ал оларға рухани қолдау көрсетіп жүрген өнердің жанашыры Ж.Оразовтың азаматтығын ел біледі.
Ұлттық мәдениетті насихаттау жолында алға қойған асқаралы міндеттері мен мақсаты бар мекеме биыл жүйелі жұмыстар жүргізген. Түрлі онлайн сайыстар мен байқаулар, әуезді ән кештерін өткізді.

Майя Қожабай
20 қазан 2020 ж. 896 0