Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАСИЕТТІ ҚАРА ДОМБЫРА

ҚАСИЕТТІ ҚАРА ДОМБЫРА


«Баяғы бір заманда бір ханның қызы жүкті болып, мезгілі жетіп, бір ұл, бір қыз босанады. Мұны аңдыған мыстан кемпір балаларды ұрлап, көз көрмес, құлақ естімес алыс жерге апарып, жайқалып өсіп тұрған үлкен бәйтеректің басына ұлды батысқа, қызды шығысқа қаратып іліп кетеді. Нәрестелер жылай-жылай жантәсілім етеді. Аққан көз жастарынан бәйтерек те солады. Ағаш қурайды. Қаңқу әңгіме халық арасында жатады ма? Егізін іздеп егілген ханның қызы жолға шығады. Жас ананың бармаған жері, баспаған тауы қалмайды. Шаршап-шалдығып, қураған бәйтеректің түбіне келіп демалады. Бір сәтте, келіншектің құлағына күмбірлеген сарын естіледі. Хан қызының жүрегі дүрсілдеп, шаршағанын ұмытады. Қос перзентінің жан айқайына қарай ұмтылады. Бәйтеректің басына шығып қараса, ағаштың іші қуыс екен. Ағаштың басындағы бұтаққа керіліп қалған екі ішекке көзі түседі. Ішектер самал желмен тербеліске түскенде тұла бойды баурап алатын әуендер шығарады екен. Соны түсінген ана ағаш басында ұзақ отырады. Ағаш, әуен оған перзенттерін тірілткендей болып елестейді. Әрі қарай өмір сүру керек еке­нін түсініп «Қос құлы­ным­нан қалған жұрнақ осы болар» деп жас ана сол ағаштан қос ішек­ті аспап жасап алады. Батысқа қараған ішегі бостау, шығысқа қараған ішегі қаттылау керілген ішекті әлгі жасаған аспабына тағып алады. «Астыңғы ішек – жіңішке дауыс қызым Зарлық, үстіңгі ішек – бос, қоңыр дауысты ұлым Мұңлық болсын» деп екі ішекке ат қойып, домбырамен күй тартып кеткен екен».
Бұл қасиетті қара домбыраның шығу тарихына қа­тысты халық арасындағы аңыз әңгіме. Яғни, мұның түп-төркінінде жапан даладағы жалғыз ағаш киелі болған қос ішекті аспаптың жасалуына негіз болған дегенді үндейді.
Сол шақтан бастап осы кезге дейін елді рухтандырып келе жатқан домбыра – қазақтың жаны. Ол қай кезеңде де, талай тар жол, тайғақ кешуде де ұлтқа рух беріп, әрі сүйеніш, әрі жетекші болған киелі аспап. Қазақтың болмысына тән әдет-ғұрпы мен салт-дәстүріне жан бітіріп, құнды қасиеттерді өз қалпында сақтауда мұның орны бөлек. Өйткені, болған нәрсені бұлжытпай жеткізу, қоңыр үнмен кез келген жанды баурап алу – бұл аспаптың басты қасиеті. Сондықтан домбыра – әрбір адамның жүрегімен үндес, жанымен сырлас.
Жалпы, көнеден келе жатқан құндылықтарды жеткізуші құралдың киесінде шек жоқ. Қуанышта да, қайғы-мұңда да қос ішек өзіне тән қоңыр үнмен, ерекше әуенмен бойға дариды, кез келген хабарды жеткізеді. Оның өн бойында адамға қажетті рухани азық мол. Оны түсінген, игерген жан бабалар мұрасына қанық болып, жан ләззатын сезінбек. Яки, жерден өскен ағаш жемісін беріп, қасиетті қара домбыраны тудырса, ұлттық аспаптың қоңыр үні құлаққа еніп, бойға дарып, қазақылықты дәріптейді, рухани жан азығын сыйлайды. Қадыр Мырзалиев тілімен:
Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-сәл кем бұра,
Қазақ – нағыз қазақ емес,
Нағыз қазақ – Домбыра!
Білгің келсе біздің жайды, содан сұра тек қана:
Одан асқан жоқ шежіре, одан асқан жоқ дана.
«Халықтың әні кетсе, сәні кетеді, сәні кетсе, жаны кетеді» деп Сұлтанмахмұт Торайғыров айтқандай, қазақ қоғамында домбырасыз ән де, сән де жоқ. Туғанда дүние есігін өлеңмен ашқанда қазақ домбырамен думандатқан. Одан соң бала шақтан қолына қос ішекті аспапты ұстатып, барлық құндылық осында екенін түсіндірген.
Қос құлағын бұрап тұрып, әуелетіп ән айтып, күм­бірлетіп күй төккенде делебесі қозбайтын жан болмасы анық. Ер жетіп, есейгенде ер жігіттің бес қаруымен домбырасы да қатар жүрген. Өйткені, бұл қандай сәтте болмасын адамға жігер береді, қайратты, өр рухты болуға үндейді. Жігіттің жан серігі болып, оның ақылды, батыл екенін ғана емес, өнерлі екенін де ұғындырады. Қазақ қызы өз теңіне қосылғанда беташары да осы домбырамен жүзеге асады. Осыдан-ақ, ұлттық аспаптың қадір-қасиетін біле берген жөн.
Қазақ халқында «әу» демейтін жан жоқ секілді, әр отбасында домбыра шертпейтін адам да болмайды. Сол себепті, әр үйдің төрінде қос ішекті аспап ілулі. Сөз жете алмайтын жерге саз жететінін білген жұрт оның құдыреттілігін осылай бағалайды.
Енді осы аспаптың құрылымына тоқталып өтсек. Оны біз аудандық әуез мектебінің мұғалімі Қуаныш Жүнісовтен сұрап білдік. 30 жылға жуық домбыра тартып, жастарға сабақ беріп келе жатқан ұстаз қос ішек ерлі-зайыптылар сипатында деген түсінік бар екенін айтты. Яғни, астыңғы ішек «соль» жіңішке әуенді келеді, ол әйелдердің қылықтарына, ал үстіңгі ішек «ре» қоңыр, жуан әуенді, ол еркектердің мінезіне сәйкес келеді. «Жанды, жансызды жұбымен жараттым» деп Құранда айтылғандай, екі ішек байланысында өзара үйлесім бар. Домбыра шерткенде ырғақты әуеннің, күмбірлі күйдің бойды балқытатыны осыдан.
Қ.Жүнісов домбыра құрылымы үш бөліктен тұратынын айтты. Атап айтқанда, бас, мойын, шанақ. Басы – қос құлақ тұрған жер. Екі ішектің дыбысы осы құлақты бұрау арқылы келтіріледі. Осы бұрау туралы айтқанда, қазақтың күйшілік тарихында бес бұрау бар екенін еске салған жөн. Олар: оң бұрау, теріс бұрау, тел бұрау, шалыс бұрау және қалыс бұрау. Бұлардың ішінде қазір көптеген күйлер оң бұраумен орындалады. Ал теріс бұраумен бірең-сараң күй бар. Мысал ретінде, күй атасы Құрманғазының «Кедейдің зары», «Қыз Жібек» фильміндегі Н.Тілендиевтің «Аққу» күйін атауға болады. Ал қалған бұраулар бүгінде сирек кездеседі.
Бастан кейін қос ішек мойын арқылы өрбиді. Мұнда но­талар орналасқан пернелер бар. Ұстаз домбырада кезінде 9, 10-13 перне болғанын, қазіргі күнде 19 перне бар екенін айтады. Осы мойын мен бастың жалғасқан тұсында кіші тиек немесе «шайтан» тиек тұр. Ал енді күй төгілетін шанағы – домбыраның дөңгеленген тұсы. Оған бет тақтайы бекітіледі. Бет тақтайда тесік бар. Мұның тарихы тұрғысында әуез мектебінің мұғалімі жұртқа белгілі Кетбұғаның «Ақсақ құлан» күйі тарихын айтып берді. Сондай-ақ, домбырашы ұлттық аспапта тиектің де рөлі зор екенін жеткізді.
– Қазақтың киелі домбырасын жиде, қарағай, қызыл ағаштан жасайды. Жақсы, қоңыр дауысты домбыралар қарағайлардан жасалады. Әннің домбырасы бөлек, күйдің домбырасы бөлек болады. Бұл халықтың құндылығын дәріптеуші құрал. Қос ішек ұлттың ұлылығын ұлықтайды. Ол елдің мұң-мұқтажын естіртеді. Ол арқылы ой түзіліп, жан дүние емделеді. Сондықтан домбыра – рухани тәрбие құралы, – дейді тәжірибелі ұстаз.
Домбырамен орындалатын ән-күй құдыретін айтқан кейіпкеріміз «Домбыра-Дастан» деген тақырыппен оқу құралын шығарыпты. Онда әндер, хиссалар, күйлер және термелер жинағы топтастырылған. Оның ішінде, өзінің әндері мен күйлері де бар. Сонымен қатар, домбыра өнерін үйретушінің қос қызы Дина мен Гүлдана ізгі дәстүрді жалғастыруда. Дина – термеші болса, Гүлдана – күйші. Отбасымен осы киелі домбырамен ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жұртшылыққа рухани азық сыйлап жүр.
Жалпы, санаға сөз әуенмен жетсе, оған дәнекер – домбыра. Қос ішекті ұлттық аспап бағзы заманнан осы кезге дейін қазақты рухтандырып келе жатқан құдыретті құрал. Сондықтан бұл «қазақ» сөзімен үндес, сарындас, егіз ұғым екені сөзсіз.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
03 шілде 2018 ж. 3 320 0