«Еңбек жолы» республикалық байқауына қатысуға құжат қабылдау басталды
Сырдария аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі (бұдан әрі – бөлім) Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен өткізілетін «Еңбек жолы» республикалық байқауына қатысуға құжат қабылдау басталғанын хабарлайды. Конкурс аясында Қазақстанның үздік өндіріс қызметкерлері мен еңбек әулеттері анықталады.
Бұл конкурс өнімді еңбекті ынталандыруға, жастар арасында жұмысшы мамандықтарды танымал етуге және жұмысшы әулеттерінің көпжылдық дәстүрлерін нығайтуға бағытталған.
Конкурс екі кезеңде өткізіледі – өңірлік және республикалық деңгейде. Қатысушылар үш аталым бойынша анықталады:
- «Үздік еңбек әулеті» – еңбек өтілі ең ұзақ, марапаты ең көп әулет таңдалады;
- «Өндірістің үздік жас маманы» – жалпы жұмыс өтілі 5 жылдан аспайтын, ең белсенді және еңбекқор өндіріс жұмыскері таңдалады;
- «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» – жалпы жұмыс өтілі кемінде 20 жыл, жоғары тиімді жұмыс істейтін тәлімгер таңдалады.
Конкурсқа кәсіпорындардың (саласына қарамастан) барлық жұмыскері қатыса алады. Жеңімпаздарды арнайы республикалық комиссия анықтайды.
Бөлім байқауға еңбек әулеттерінің өкілдерін, сондай-ақ бастамашыл жас қызметкерлерді және олардың тәлімгерлерін белсенді қатысуға шақырады.
Конкурсқа қатысуға өтінімдер 2023 жылдың 30 сәуірінен бастап 1 шілдеге дейін қабылданады. Конкурсқа құжаттар мемлекеттік немесе орыс тілінде ұсынылады.
Конкурсқа қатысу үшін төмендегідей құжаттарды тапсыру қажет:
- конкурсқа қатысуға номинациясы көрсетілген өтініш;
- төлқұжаттың көшірмесі (еңбек әулеттерінің барлық мүшелеріне);
- тиісті номинациясы бойынша 2-3 минуттан аспайтын бейнеролик (қалауы бойынша жұмыс орны және дағдылары көрсетілген);
- конкурсқа қатысушы туралы (жұмысы, отбасы, қызығатын ісі, хобиі және т.б.) (Microsoft Power Point форматында) 2-3 минуттық компьютерлік презентация;
- жұмыс берушімен расталған еңбек кітапшасының көшірмесі немесе жұмыс өтілін растайтын басқа да құжаттар/жұмыс орнынан анықтама;
- жұмыс берушіден немесе кәсіподақтан ұсыныс хат;
- мемлекеттік немесе ведомстволық наградалардың, мадақтау қағаздардың, алғыс хаттардың көшірмелері;
- бар болса біліктілікті арттыру куәліктерінің көшірмелері.
Конкурсқа қатысуға ниет білдірушілер құжаттарын тұрғылықты жері бойынша Сырдария аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне немесе облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына тапсыра алады.
Облыстық басқарманың мекен жайы: Бекзатхан Асқар көшесі, №47, 207 кабинет. Тел: 8/7242/ 27 40 66.
Сырдария аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің мекен-жайы: Тереңөзек кенті, Д.Қонаев көшесі, №9б, 6 кабинет. Тел: 8/72436/ 21-2-70.
Ескертпе: жоғарыда аталған конкурстың талаптары сақталмаған жағдайда ұсынылған материалдар кері қайтарылады.