Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Үздік педагог» байқауына өтінім қабылдау басталды

«Үздік педагог» байқауына өтінім қабылдау басталды

Ұстаздар күні қарсаңында «Үздік педагог» байқауына өтінімдер қабылдау басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінен мәлім еткендей, жеңімпаздарға 3 млн теңге көлемінде сыйақы беріледі. Былтыр еліміздің әр өңірінен 64 мұғалім 3 млн теңгеден алған болатын.

Конкурсқа мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының штаттағы педагогтері қатыса алады. Биыл цифрландыру бағытында үлкен жұмыс атқарылды. Байқаудың барлық кезеңі, нақтырақ айтқанда, қатысушыларды тіркеуден бастап республикалық кезеңнің қорытындысын шығаруға дейін толығымен цифрландырылған.

Құжаттарды қабылдау 12 қыркүйекте басталып, 2022 жылғы 22 қыркүйекке дейін жалғасады. Байқау туралы ақпарат еліміздің барлық 380 мың мұғалімі пайдаланатын kundelik.kz жүйесінде орналастырылады.

Сондай-ақ байқау тарихында алғаш рет барлық кезең, яғни қатысуға өтінімдерді қабылдау, тіркеу, конкурс құжаттарын тапсыру, бағалау
 https://teachercontest.iac.kz/ веб-порталында жүзеге асырылады.

«Бұл байқаудың маңызы зор, өйткені ол үздіктердің ішіндегі ондаған үздік педагогтің еңбегін тануға мүмкіндік береді. Жүлде қорын ұлғайттық және бұл мықты мамандардың мамандыққа келуіне түрткі болып, осы кәсіпте ондаған жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан мамандарға көрсетілген құрмет болады деп сенеміз.

«Үздік педагог» атағына білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін және құжаттарды тапсыру кезінде кемінде бес жыл үздіксіз педагогикалық өтілі бар педагогтер үміткер бола алады. Бұл – балабақша, мектеп, колледж мұғалімдері. Байқау аясында мұғалімнің білім саласын дамытуға қосқан үлесі, ұстаз қызметінің тиімділігі мен оның кәсіби шеберлігі ескеріледі», - деп түсіндірді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова

Байқау үш кезеңнен тұрады:

- I кезең – аудандық, қалалық деңгей;

- II кезең – облыстық деңгей;

- III кезең – республикалық деңгей.

Екі байқаудың қорытындысы бойынша ең жоғары балл жинаған педагогтер республикалық кезеңге өтеді.
Айта кетейік, «Үздік педагог» республикалық байқауы 2012 жылдан бері өткізіліп келеді. Бүгінге дейін 600-ге жуық үздік ұстаз анықталды.

Байқау ережелері туралы қосымша ақпарат Оқу-ағарту министрлігінің сайтында орналастырылған.
12 қыркүйек 2022 ж. 738 0