Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

Су – тілсіз жау

Ауданда және жақын орналасқан елді мекендерде 36 су айдыны бар, алайда олар шомылуға арналмаған. Соңғы үш жылда Сырдария ауданы бойынша арты қайғылы жағдаймен аяқталған төрт суға кету оқиғасы тіркелген.
Жергілікті атқарушы органдар жаз мез­гіліндегі суға қатысты қайғылы жағдай­лардың алдын алу бағытында суға түсуге арналмаған орындарға «Суға түсуге болмайды», «Су – тілсіз жау» тақырыптарында 43 дана тақтайша орнатты. Сонымен қатар елді мекендерде 13 билборд ілінді.
Бәрімізге белгілі, жылдың маусым, шілде, тамыз айларында температура 40-45 градусқа дейін жоғарылайды. Адамдар рұқсат етілмеген жерге суға шомылып, ішімдік ішеді. Нәтижесінде, суға кетіп жатқан азаматтар аз емес.
2021 жылғы суға шомылу маусымы кезеңінде азаматтардың (балалардың) қазасын болдырмау мақсатында «Қауіпсіз су» айлығын ұйымдастыру туралы Қызыл­орда облысының төтенше жағдайлар депар­таментінің 2021 жылғы 11 мамырдағы «Қызылорда облысы аумағында өрт және судағы қауіпсіздік айлығын өткізу туралы» №83 бұйрығы және 6 маусым күнгі №95 бұйрығы бар. Соған сәйкес аудан аумағындағы су айдындарында суға шомылу маусымы аяқталғанға дейін күнделікті сағат 12.00-20.00 аралығында үгіттеу-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Аталған жұмыстарды Сырдария аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, аудандық полиция бөлімі, ішкі саясат, жастар ресурстық орталығының еріктілері және №12 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері жүргізеді.
2021 жылғы 17 наурыздағы «Қызылорда облысында су пайдаланудың қағидаларын бекіту туралы» Қызылорда облыстық мәсли­хатының 2-сессиясының төрағасы Н.Ами­товтың шешімі бойынша аудан аумағында шомылуға арналған жерлер анықталмаған. Осыған байланысты алдағы уақытта рейд барысында суға түсіп жатқан азаматтар анықталса, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы (364-бап. Ортақ су пайдалану қағидаларын бұзу; 440-бап. Алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу; 412-бап. Су айдындарында қауіпсіздік қағидаларын бұзу немесе орындамау) кодекстері бойынша әкімшілік шара көрілетін болады.
ЕСКЕРТУ:
– Судың адамға тигізер пайдасымен қатар, зиянды тұстары да бар. Шомылу кезінде кенеттен адам денесі тітіркеніп, сіңірлері тартылып, қозғалыс қиындайды да суға бата бастайды. Оның аяғы ауыр қазаға апарып соғуы мүмкін. Сондықтан балалардың суға шомылуын қатаң бақылауда ұстау қажет.
– Балаға өз бетінше суға түсуге болмайтынын, ағыны қатты, иірімді, терең жерлерге шомылуға тыйым салынатынын үнемі ескерту керек. Қасында ересек адамдар болмаса, өз бетінше шомылуға қатаң тыйым салу қажет. Бұл әрбір ата-ананың тарапынан жасалынатын бала өміріне деген қамқорлық болып табылады. «Сақтансаң, сақтайды» демекші, жауапкершілікті тереңнен сезінуіміз қажет. Суға шомылу ережесін бұзу қанша адамның өмірін қиып жатқаны баспасөз беттерінде және әлеуметтік желілерде айтылып жатыр. Сондықтан оқыс жағдайдан сақтануды әр адам өз міндеті деп түсінуі тиіс.
Сырдария ауданы төтенше жағдайлар бөлімінде 21-4-94 нөмірлі сенім телефоны жұмыс жасайтынын ескертеміз. Төтенше жағдай орын алса «101» немесе «112» құтқару қызметіне хабарласыңыз.

Сырдария ауданының төтенше жағдайлар бөлімі
06 шілде 2021 ж. 1 333 0