Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаза қандай жағдайда қолданылады?

Жаза қандай жағдайда қолданылады?

Кәмелетке толмағандар арасында жасалатын құқық бұзушылықтың алдын алу – бүгінгі күнГІ өзекті мәселенің бірі. Жасөспірімнің мектептен тыс бос уақытын тиімді пайдалануын бақылау – ата-ананың парызы. Сондай-ақ ата-ана баласын тәрбиелеуге, оған қамқорлық көрсетуге, материалдық жағдайын қамтамасыз етуге міндетті.
Жалпы көп жағдайда ата-ана баласының құқығы мен қылмыстылық жауаптылығы жайлы біле бермейді. Осы мақсатта аудандағы пробация қызметінің инспекторы, әділет майоры Н.Дүйсенбаев, ювеналды полиция тобының инспекторы, полиция аға лейтенанты С.Көштаеваның қатысуымен кездесу өтті. Инспекторлар аудандағы №147 орта мектептің жоғарғы сынып оқушыларымен кездесу ұйымдастырып, кәмелетке толмағандар арасында жасалатын құқық бұзушылықтың алдын алу мен кәмелетке толмағандарға тағайындалатын жаза туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 15-бабына сәйкес, қылмыстық жауаптылыққа 16 жасқа толған жеке тұлға тартылады. Жаза деген сөзге түсінік беретін болсақ, ол – сот үкімі бойынша тағайындалатын мемлекеттік мәжбүрлеу шарасы.
Жаза қандай жағдайда қолданылады?
Жаза құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамға қолданылады. Жаза – адамды құқықтары мен бостандығынан айыру немесе шектеу, сотталған адамды түзеу, басқалардың да қылмыстық құқық бұзудың алдын алу мақсатында қолданылады. Кәмелетке толмағандарға шартты түрде соттауды тағайындау кезінде 6 айдан 1 жылға дейінгі мерзімде пробациялық бақылау белгіленеді. Пробациялық бақылау кезінде онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмысты қайталап жасаған кезде де кәмелетке толмағандарға шартты түрде соттау және тәрбиелік әсері бар мәжбүрлеу шаралары тағайындалуы мүмкін.
Жазаның түрлері туралы айтатын болсақ, кәмелетке толмағандарға белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру 1 жылдан 2 жылға дейін мерзімге тағайындалады. Айыппұл жазасы кәмелетке толмаған сотталған адамның дербес табысы немесе өндіріп алуға жарайтын мүлкі болған жағдайда ғана тағайындалады. Айыппұл айлық есептік көрсеткіштің 10-нан 250-ге дейінгі мөлшерде белгіленеді.
Мұнан басқа түзеу, қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы бар. Бұл жаза түрі 40 сағаттан 150 сағатқа дейінгі мерзімге, оқудан немесе негізгі жұмысынан бос уақытында орындалады. 16 жасқа толмағандарға күніне 2 сағат, ал 16 жастан 18 жасқа дейінгілерге күніне 3 сағаттан аспайды. Бас бостандығынан шектеу 2 жылға дейінгі мерзімге, ал бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның өтелмеген бөлігін бас бостандығын шектеуге ауыстыру жағдайында жазаның қалған өтелмеген бөлігінің бүкіл мерзіміне тағайындалады. Бас бостандығынан айыру жазасы 10 жылдан аспайтын, ал ауырлататын мән-жайлар кезінде адам өлтіргені немесе терроризм актісі үшін 12 жылдан аспайтын мерзімге тағайындалуы мүмкін. Ал ауырлығы орташа қылмыс жасаған кәмелетке толмағандарға бас бостандығынан айыру жазасы қолданылмайды.
Аталған жазамен қатар кәмелетке толмағандарға тәрбиелік ықпалы бар мәжбүрлеу шаралары қарастырылған. Олар ескерту, ата-аналарының немесе оларды алмастыратын адамдардың не мамандандырылған мемлекеттік органның қадағалауына беру, келтірілген зиянды қалпына келтіру міндетін жүктеу, бос уақытын шектеу және кәмелетке толмаған адамның мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу шаралары. Сонымен қатар ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына орналас­тыру, жәбірленушіден кешірім сұрау міндеттемесін жүктеу, пробациялық бақылау белгілеу шаралары қарастырылады. Айта кету керек, кәмелетке толмаған адамға тәрбиелік ықпалы бар бірнеше мәжбүрлеу шарасы бір мезгілде тағайындалуы мүмкін.
Ия, қылмыстың түбі – жаза. Заң алдында барлығы бірдей жауапты. Сондықтан жасөспірімдерді құқық бұзушылықтан қорғау, олармен дұрыс бағытта жүргізілген шараларға байланысты. Жазаның жеңіл болмайтыны белгілі. Сол себепті жамандықтан жирендіріп, құқық бұзушылықтың алдын алу неғұрлым жеңіл екенін ұғындыру міндет.

Б.ЖАНӘЛІ
11 қыркүйек 2019 ж. 1 551 0