Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Адал ұрпақтың қолында

Адал ұрпақтың қолында

Елбасының «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 13-қадамында жемқорлыққа қарсы күресті күшейту міндетін іске асыру көзделген. Осының аясында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен ҚР Білім және ғылым министрлігінің, жергілікті әкімдіктердің қолдауымен мектеп оқушылары арасында сыбайлас жемқорлыққа «Мүлдем төзбеушілік» қағидатын қалыптастыру үшін әрбір аймақта «Адал ұрпақ» еріктілер клубы жобасы жұмысын бастады.
«Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубының мақсаты - мектепте сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты нығайту, білім және мәдениет деңгейін арттыру, жас ұрпақты адалдыққа тәрбиелеу. Сондай-ақ еріктілер клубы рухани адамгершілікке және азаматтық отансүйгіштікке тәрбиелеуге бағытталған шараларды іске асырып, жастардың саяси-құқықтық білімін кеңейтуге көмектеседі. Осы орайда білім ошақтарында «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтары түрлі шаралар өткізіп тұрады.
Жақында №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және жастарды патриоттыққа тәрбиелеуге бағытталған «Әділ сөйле, адал жүр» тақырыбында ашық сабақ өтті. Онда оқушылар адалдық, парасаттылық, әділдік, сенім деп аталатын топқа бөлініп, өзара пікір алмасты. Олар өздерінің білімдерін ортаға сала отырып, өз ойларын бір топ сурет арқылы, бірі көрініспен, енді бірі өлең түрінде жеткізді. Шарада сыбайлас жемқорлық төңірегінде түрлі бейнероликтер көрсетіліп, парақорлықтың соңы ешқашан жақсылыққа апармайтыны насихатталды. Ашық сабақта «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының кеңесшісі Б.Ахметов сөз сөйлеп, адалдықты ту еткен әрбір адам әркез әділдік пен парасатқа ие екендігін айтты. Сонымен бірге болашақ бұлыңғыр болмас үшін сыбайластыққа мүлдем төзбеушілік таныту қажеттігін атады.
Ашық сабақ барысында мектеп оқушылары сыбайлас жемқорлықтың қоғам өміріне тигізер кеселі көп екенін ұқты. Оған жол бермей, әділ сөйлеп, адал болу қажеттігін түсінді.Олар бұл жолда еш аянбайтынын айтты. Өйткені еліміздің болашағы мен рухани құндылығы адал ұрпақтың қолында екені айдан анық.

Ұлбосын КЕНІШБЕК
07 қыркүйек 2019 ж. 1 039 0