Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аймақ басшысы Сырдарияда

Аймақ басшысы Сырдарияда

Кеше облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов Сырдария ауданына іс-сапармен келді. Ауданның тыныс-тір­шілігін аймақ басшысымен бірге аудан әкімі Р.Рүстемов, облыстық мәслихат хатшысы Қ.Бисенов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Дүйсенбаев, аудан­дық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов ара­­­­лап көрді.
Сапар басында аймақ басшысы Ақжарма ауылында болып, «Ақжарма және К» фермер қожалығының күріш ақтау зауыты жұмысына тоқталды. Шаруашылық директоры Қайрат Нұрсейітов зауыт жұмысы жайлы кеңінен ақпарат берді. Жүзден аса қызметкерді жұмысқа тартқан қожалық ауыл шаруашылығы бағытын жан-жақты дамытып келеді. Халық сұранысына ие ауыл шаруашылық дақылдарын өндіруді қолға алып, қарқынды жұмыс жүргізуде. Сыр саласына басымдық беріп қана қоймай, бақша өнімдерін өсірумен де айналысады. Сонымен қатар шаруашылық құс шаруашылығын дамытуда айрықша жұмыс істеп келеді. Тауық, үйрек, қаз етін нарықтық бағада халыққа ұсынуда. Бұдан бөлек жұмыртқаны тиімді бағада сатылымға шығарған. Мал шаруашылығы бағытындағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Бүгінде сүт өнімдерін өндіруде өзіндік үлес салмағы бар. Мұнда өңір басшысына айран, сүзбе, ірімшік өнімдері таныстырылды.
Күріш ақтау зауытында облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігіне тоқталды. Ауылдық жерлерде кәсіпкерлік саласын, оның ішінде ауылшаруашылық бағытындағы жұмыстарды одан әрі жеткізуді жетілдіре беру керектігін тілге тиек етті. Өз кезегінде Қ.Нұрсейітов ауылда баспана мәселесін шешу мақсатында шаруашылық мамандарына биылдың өзінде 5 тұрғын үй салынып жатқанын жеткізді. Ауылдағы почта торабына күрделі жөндеу жүргізілгенін, әлеуметтік дүкен, қоғамдық монша, шаштараз, Басапа ишан мешіті, орталық алаңды абаттандыру жұмыстары жөнінде айтты. Алдағы уақытта 300 орындық тойхана, дәріхана, орталық алаңдағы ескі екі қабатты ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, тігін цехы, шаштараз, аяқ киім шеберханасын ашу жоспары бар екенін жеткізді.

Жалпы «Ақжарма және К» шаруашылығы егін бағыты бойынша күріш, бидай, жоңышқа, мал шаруашылығы бағытында төрт-түлік малды көбейтуде ауқымды жобалар жүзеге асуда.
Елді мекенде аймақ басшысы ауыл ардагерлерімен кездесіп, пікір алмасты. Ауылдық ардагерлер және қоғамдық кеңес төрағасы Қ.Сқақов ауылдың ауызбірлігі мен ынтымағын сөз етіп, кәсіпкерлікпен айналысуда ақжармалықтар белсенділік танытып жатқандығын айтты. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлік саласына қолдау көрсетіліп, шағын бизнесті оңтайландыруға ықпалы зор екенін жеткізді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» тақырыбында Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауында ауыл жұртшылығына тиімді бастамалар көтеріліп, тапсырмалар берілгендігін атап көрсетті. Сөз кезегінде «Ақжарма-2» ШҚ төрағасы Марат Бисенов ауыл шаруашылығы саласының негізгі тетіктерін атап, шаруашылық бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады. Аудан әкімі Р.Рүстемов ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлікті өркендетуде мемлеткеттік бағдарлама шеңберінде жос­парлы жұмыс жасалатындығын жеткізді.

Шаруашылық жұмысымен танысқаннан кейін аймақ басшысы ауылдағы жабық спорттық сауықтыру кешенін аралады. Мұнда ауыл жастарының күнделікті спортпен шұғылдануға барлық жағдай жасалған. Мұнан соң құрметті меймандар Б.Нұрсейітов атындағы орталық алаңның жұмысымен танысты.
Ақжарма ауылынан кейін облыс әкімі Шаған ауылындағы «Балбөбек» бөбекжайына барды. Мекеме басшысы Гүлжан Өрлешқызы қазіргі күні балабақшада 65 бала үш топта тәрбиеленіп жатқанын жеткізді. «Күншуақ» екінші кіші тобында болған аймақ басшысы балалардың өнерін тамашалап, бүлдіршіндерге сыйлығын тапсырды. Музыка жетекшісі Н.Жақсылық пен топ тәрбиешісі А.Үсенғазиева және Ә.Тайманова бүлдіршіндердің алғыр екендігін айтып, болашақта ел тұтқасы болатынына сенім білдірді.
– Аудан бойынша балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 100 пайызға қамтылған екен. Оның ішінде бір ғана Шаған ауылында үш балабақша бар. Олардың екеуі мемлекеттік болса, біреуі жеке балабақша. Мұның бәрі елді мекен бүлдіршіндерін мектепке дейінгі біліммен қамтуға байланысты жасалып жатқан жүйелі жұмыс. Жас ұрпақты тәрбиелеу жолында еңбектеріңіз жемісті болып, тәрбие берген бүлдіршіндеріңіз биік белестерден көрінсін, – деді аймақ басшысы.

Сапар барысында «Шаған-жер» ЖШС-не қарасты 3 мың басқа арналған мал бордақылау алаңын көрді. Мұнда шаруашылық төрағасы Бердібек Қадіров қазіргі таңда арнайы алаңда 500 бас бұқа бағылып жатқанын жеткізді. Бордақылау алаңында 6 адам жұмыс жасайды. Келешекте 3000 бас ірі қараны 16 алаңға бөліп бағу жоспарланған. Негізінен мұнда жергілікті жерге тез үйренетін Қостанай, Жезқазған, Қарағанды қалаларынан әкелінген бұқалар бордақыланады. Алдағы уақытта өзге мемлекеттерге ет өнімдерін экспорттау қолға алынбақ. Аймақ басшысы «Шаған Агрофуд» ЖШС мал сою пунктінің техникалық базасымен танысып, болашақта мал басының санын көбейтіп, мал шаруашылығын өркендетуге сүбелі үлес қосу керектігін атады.
Мемлекеттік саясатының негізгі бағыты – азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жағдай жасау. Бұл міндеттерді орындау үшін мемлекет тарапынан әр түрлі бағдармалар қабылдануда. Аймақ басшысы ауданға сапарында Тереңөзек кенті орталығында өткен жылы пайдалануға берілген тұрғын-үй және ауданды газдандыру жұмыстарымен танысты. Ресми деректерге жүгінсек, қазір аудан бойынша коммуналды тұрғын үй қорынан үй алуға үмітті 424 адам кезекте тұр. Ең көбі – халықтың әлеуметтік осал топтары. Пайдалануға берілген тұрғын үй кешені бүгінде баспанасыз жүрген жандарға пана болды. Өткен жылмен салыстырғанда құрылыс жұмыстарының көлемі 12 есеге ұлғайған. Бүгінде ауданда жаңа аймақ бой көтеріп, құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Бұл аудан атқамінерлерінің толымды жұмысының нәтижесі.

Ал ауданды газдандыру жұмыстары бүгінде басталып кеткен. Биыл 2019 жылдың 1 желтоқсанына дейін кенттегі 9 мемлекеттік мекеме газбен қамтылатын болады. Жалпы кентте алты газ тарату пунктін орнату қаралса, биыл оның үшеуі өз жұмысын бастайды. Мердігер компания қарамағында 45 қызметкер 16 техникамен жұмыс жасап жатыр. Биыл аталған үш аймақ бойынша 300-дей үй газбен қамтылмақ. Бұл туралы облыстық энергетика басқарма басшысының орынбасары Е.Жоламанов мәлімдеді.
Кенттегі «Достық» үйінде жалғасқан сапарда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хайролла Әбенұлы осы ғимаратта орналасқан Үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің жұмысымен таныстырды. Әрбір ұйымның, бірлестіктің ауданда атқарып отырған жұмысына тоқталды.
«Достық» үйінде түрлі ұлт өкілдерімен кездескен облыс басшысына Қазақстан Ассамблеясының аудандағы жұмысы баяндалды. 2015 жылдан бері ауданның түрлі этнос өкілдерінің басын қосып келетін «Достық» үйінде бірлігі жарасқан тұрғындар іс-шаралар өткізіп, мерекелерді атап өтеді.
Жас ұрпақтың тәрбиесіне оң ықпалын тигізетін тағылымды кездесулер өтіп, өзге ұлт дәстүрлері мен өнері насихатталады.
Өз кезегінде аймақ басшысы ауданда тұрғындар игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстың барысына тоқталып, жұмыссыздық мәселесі, атаулы әлеуметтік көмек, халықтың тұрмыстық ахуалы үнемі назарда болу керектігін ескертті.
– Облыстың барлық аудандарын аралап шықтым. Тереңөзекке биыл газ келеді. Аудандағы кәсіпкер, меценат азаматтарға алғыс айтамыз. Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, туған жерлерін көркейтуде. Сонымен қатар, аудан орталығындағы әлеуметтік дүкеннің жұмысы көңілден шықты. Осы жобаны барлық ауданда жүргізу қажет, – деді облыс әкімі.
Кездесуде ардагерлер мен ұлт өкілдері аймақ басшысының жұмысына ізгі тілектерін білдірді.
Мұнан кейін облыс әкімі Қ.Ысқақов аудандық «Жас­тар ресурстық орталығы» КММ жұмысымен танысты. Тың идея­­ларды жүзеге асырып, жас таланттарды қолдауды мақсат ететін орталық жуырда жаңа ғимаратқа көшкен. Мұнда заман талабына сай техникалық құрал-жабдықтың барлығы бар. Жастардың бос уақытын тиімді өткізуді жүйелі жолға қойған. Оларды кәсіпке баулу мәселесін де шет қалмаған. Барлық жастың көшін бастап жүрген Ғани Оралов қазіргі таңдағы жастардың хал-ахуалын баяндады. Кейін «Тереңөзек жастары» қоғамдық қорының игілігін көрген жас кәсіпкерлермен тілдесіп, болашақта істеріне сәттілік тіледі. «Тереңөзек жастары» қоғамдық қорының басшысы Берік Ахметов:
– «Тереңөзек жастары» қоғамдық қоры биыл ғана жастардың игілігіне берілген жоба «Жастар ресурстық орталығының» ішінде орналасқан. «Еңбек ептілікті сүйеді» демекші, бұл ауылдың еңбексүйгіш, қай іске болсын епті жастары үшін керемет жаңалық болды. Бұл қордың негізгі мақсаты кент және ауылдық округтердегі өз кәсібін ашуға ниетті жастардың несие алуындағы үлкен кедергі келтіретін кепіл мәселесін шешуде жастарды қаржылай қолдау болып табылады. Сондай-ақ кенттегі жұмыссыз жастарды жұмыспен қамтып, жас кәсіпкерлерді кәсіп көзін ашуда қолдау білдіру. Бүгінгі күні қандай да бір кәсіп ашып, мемлекеттік грант иегері атану үшін несие алуда ең алдымен сол қаржының алғашқы 10 проценттік бастапқы жарнасын салу керек. Арнайы құрылған комиссия мүшелерінің алдында бизнес жобаларын ұсынып, қорғап, оның ауылға қандай қажеттілігі барын айтып, егжей-тегжейлі түсіндіріп беру қажет. Бүгінгі таңда қорда 6 миллион теңге қаржы бар, – деді қор басшысы.
Қазіргі таңда қорға 33-тен аса жас өз­дерінің жобаларын ұсынған. Бүгінде олардың 22 – “Тереңөзек жастары” қоғамдық қоры комис­сиясы тарапынан мақұлданып, банктегі несиеге қажетті 10 процент көлемдегі қар­жыны алғандар. Бұл аудан үшін жастарды кәсіпкерлікпен қамту жағынан жақсы көр­сеткіш. Кәсіп ашуда, ауыл дамуы үшін қызмет етуде жастардың белсенділігі жоғары.
Қор тарапынан қолдау көргендердің бірі – Салтанат Ғалымжанқызы. Салтанат ағылшын тілінен оқу орталығын ашуды қолға алған. Оның айтуынша, кентте мұндай оқу орталығы алғаш рет ашылғалы тұр. Өзі ағылшын тілінің маманы. Қазіргі уақытта кентте ағылшын тілі орталығына деген сұраныс жоғары. Сол себепті осыны қолға алуды жөн көріпті. Бүгінде жас кәсіпкердің оқу орталығына қажетті заттарға тапсырыс жасап қойған. Алдағы уақытта оқу орта­лығының ашылуын салтанатты түрде жасап, өз жұмысына кірісетін болады. Ол осындай қордың ашылып, жастарға көрсетіп жатқан қолдаулары үшін алғысын жеткізді. Сондай-ақ ауыл жастарынының сапалы білім алуы жолында аянбай тер төгіп, еңбек ететінін айтты.
Аймақ басшысы кент орталы­ғында орналасқан «Әлеуметтік дү­кен» жұмысымен де танысты. Көп балалы және тұрмысы төмен отба­сыларға азық-түліктің 5 өнімі ар­­зан­датылған бағамен беріледі. Ар­найы комиссия төрайымы Ұ.Жанә­лиева 2015 жылдан бері «Әлеуметтік дүкендегі» азық-түлік бағасын басты назарға алып, сол кездегі бекітілген баға сақталғанын жеткізді. Комиссия мүшелері аудан тұрғындарының әлеуметтік жағдайын тексере отырып, азық-түлік тұтынушы халық құрамын жаңартып, жағдайы жақсарған отбасыларды тізімнен шығарып отыратындығын тілге тиек етті. Айта кетейік дүкенге азық-түлікті арнайы демеушілер жеткізіп береді. Сонымен бірге аудан тұрғындары «Әлеуметтік дүкенге» киім-кешек әкеліп табыстайды. Оны дүкен тұтынушылары тегін алады.
Келесі кезекте аймақ басшысы Еңбектің Ерлері шыққан Н.Ілиясов ауылына барды. Республикадағы үлгілі елді мекенде ауылдық мәдениет үйін аралап, ауыл ардагерлерімен және жастармен кездесті. Кездесу барысында өңір басшысы ел бірлігі – ең басты құндылық екенін жеткізіп, оның ұйытқысы ауылдағы ақылы дария қариялар екенін атады. Ілкімді іске халықтың бір кісідей ұйысуының арқасында қазір аймақтың даму динамикасы жоғары екенін атады. Осыған ақылшы болып жүрген еңбек ардагерлеріне алғысын жеткізді. Ал жігерлі жастарға аға буын ізін жалғап, ерінбей еңбек ету қажеттілігін атады. Кездесуде ауылдық қоғамдық кеңес төрағасы Н.Қуандықов үлгілі ауылдың тыныс-тіршілігімен таныстырды. Бұл мекеннен еңбекпен есейіп ер атанған тұлғалар көп екенін тілге тиек етіп, аймақ басшысының жұмысына табыс тіледі.
Сапар барысында облыс әкімі Қ.Ысқақов ауыл әкімдігі ғимаратын, спорт кешенін аралап, танысып шықты.
Мұнан соң аймақ басшысы Шіркейлі ауылдық округіндегі №129 Ә.Жәмішов атындағы мектепке табан тіреді. Жоғары сыныптағы оқушыларға физика, тарих пәндерінен ҰБТ-ға дайындық жұмыстарын жүргізіп жатқан оқушылар облыс әкімі Қуанышбек Досмайлұлына жоғары деңгейде салынған білім үйіне, оның ішіндегі арнайы оқу құралдарымен жабдықталған сыныптарға, мемлекет тарапынан беріліп жатқан осындай үлкен қолдауларға өз алғыстарын білдірді.
– Сіздерді білімді, ел болашағы үшін аянбай тер төгетін ұлтжанды азамат болуларыңызға үкімет бар қаржысын салып жатыр. Ендігі жерде ата-ана мен мемлекет артқан сенімді ақтап, білікті маман болыңыздар, – деді өңір басшысы.
Бүгінде бұл білім ошағы қабырғасында 611 бала тәлім мен тәрбие алуда. Мектеп жанынан шағын орталықта бүлдіршіндер тәрбиленуде. Былтырғы жылы аудан бойынша «Үздік мектеп» номинациясын жеңіп алып, осы шаруашылық басшысы С.Сұлтанов арнайы көліктің кілтін табыс еткен. Кейін ауылдық мәдениет үйінде ардагерлермен кездесіп, ақ батасын алды.
Облыс әкімі ауданға сапары аясында Қоғалыкөл ауылында болды. Өз кезегінде аймақ басшысы ауылдық амбулатория және балабақша жұмысымен танысып, ардагерлермен тілдесті. Жаңа қызметіне кіріскен қос әкімге ауыл қарттары алдағы уақытта істеріне береке тіледі.
Қоғалыкөл ауылында екі мыңнан аса бірлігі жарасқан халық тұрады. Олар үшін жаңадан бой көтерген мәдениет ошағы, балабақша ел игілігі үшін қызмет етуде. Сонымен қатар өңір басшысы «Қызылорда – Әуежай – Қоғалыкөл – Шілкейлі» автожолы бойында салынып жатқан жол құрылысымен танысты.
Ауданға сапарының қорытындысында облыс әкімі берекелі Бесарық ауылына табан тіреді. Елді мекенде №147 орта мектеп жұмысымен танысты. Мектеп оқушыларының заманауи талапқа сай білім алуына «Абай-Дәулет» ЖШС демеушілік көрсетіп келеді. Серіктестік ықпалымен оқушылар ағылшын тілі курстарында білім алуда. Сондай-ақ жастардың салауатты өмір салтын ұстануы үшін таэквандо, дзюдо үйірмесі жұмыс жасайды. Білім ошағында аймақ басшысы биология сабағына қатысты. Мұнда оқушылардың заманауи технологиялармен жасап жатқан зертханалық жұмысын көрді. Өңір басшысы кемел келешек жастардың қолында екенін айтып, заманауи білімді игеру керектігін атады.
Мұнан соң «Бесарық» ЖШС ғимаратында орналасқан мұражайды көрді. Сондай-ақ ауылдық мәдениет үйінде еңбек ардагерлерімен жүздесіп, ауданның, ауылдың дамуына оң бағасын берді. Өз кезегінде ауылдық қоғамдық кеңес төрағасы Ә.Ақжігітов аймақ басшысының жұмысына табыс тіледі. Облыс әкімі Қ.Ысқақовтың ауданға сапары «Жаншуақ» әжелер ансамблінің ән шырқауымен қорытындыланды.

Б.ОРДАБЕКОВ,
М.ҚОЖАБАЙ,
Б.ЖАНӘЛІ,
Е.БЕРКІНБАЕВ,
Б.ЕСЖАНОВ
(суреттер)
07 қыркүйек 2019 ж. 720 0