Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сапарбаев қандай жұмыстарға маңыз берілетінін мәлім етті

Сапарбаев қандай жұмыстарға маңыз берілетінін мәлім етті

Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы аясында қандай жұмыстарға маңыз берілетінін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Халықтың баспасөзге қолжетімділігін арттыру үшін қолданыстағы нормативтік-құқықтық құжаттарға өзгерістер енгізіледі. Азаматтық қоғамның 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы дайындалады. Қоғамдық ұйымдарды арттыру үшін олардың нормативтік-құқықтық актілеріне өзгерістер енеді.

Өздеріңіз білетіндей, келесі жылы әл-Фарабидің 1150 жылдығын, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын, еліміз егемендік алуының 30 жылдығын, Алтын Орданың 750 жылдығын атап өтеді. Соған байланысты тиісті іс-шаралар қабылданады», - деді Бердібек Сапарбаев Үкімет отырысында.

Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, қолданыстағы тіл жөніндегі бағдарламаға өзгерістер енгізіледі.

«Білімнің сапасын арттыру жөнінде Мемлекет басшысының нақты тапсырмасы бар. Қолданыстағы оқу бағдарламаларына қазіргі заман талабына сай керекті мамандықтар бойынша өзгерістер енгізу мәселесі бар.

Келесі мәселе – ауыл мен қала мектептеріндегі білім сапасының айырмашылығын азайту.

Соған байланысты әсіресе кішігірім мектептердің жағдайын жақсарту, мектептердегі мұғалімдердің жағдайын жақсарту, балаларға тиісті жағдай жасау жұмыстары қолға алынып, қосымша «Дипломмен ауылға» бағдарламасына өзгерістер енеді», - деді ол.

Үкімет басшысының орынбасары өз сөзінде білімді балаларға жағдай жасау бағытында Үкіметке тапсырма берілгенін атап өтті. «Осы жөнінде Жол картасын дайындаймыз. ЖОО-ларға талдау жасалып, экономикаға керек емес мамандарды азайту туралы тапсырма берілді. Қаржыландыру саласында да өзгерістер болады. Негізгі қаржыландырулар облыстық деңгейге өткізіледі.

Келесі мәселе - ғылымды дамыту.

Қасым-Жомарт Кемелұлы ғылымды дамыту жөнінде тапсырма берді. Соған орай үйлесім кеңесінде өзгерістер болады. Сондай-ақ, балаларды, отбасы институтын қорғау жөнінде 2030 жылға дейінгі тұжырымдама дайындалады. Балалардың арасындағы қылмыс, өз-өзіне қол жұмсау мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдармен тығыз жұмыс жүргізіледі», - деді ол.

Бердібек Сапарбаев сонымен қатар Мемлекет басшысы мәдениет және спорт мәселесіне ерекше маңыз бергенін тілге тиек етті.

«Өздеріңіз естігендей, Мемлекет басшысы мәдениет саласына ерекше көңіл бөліп отыр. Әсіресе, мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысын көбейтуге маңыз берілді.

Спорт саласының материалдық-техникалық базасын дамыту жөнінде нақты тапсырма бар. Қазір салынып жатқан 100 спорт кешенін аяқтау жұмысы бар. Осы салаға демеушілерді тарту міндеті бар», - деді ол.


03 қыркүйек 2019 ж. 614 0