СЫРДАРИЯЛЫҚ ЖАС ИНСПЕКТОРЛАР ҚАРАҒАНДЫДА

Шараның ашылуы кеншілер қаласындағы мәдени-демалыс саябағында ұйымдастырылды. Қазақстанмен көршілес мемлекеттерден келген командалар сап түзеп, субұрқақ маңынан мәдени-демалыс орталығының жағажайына дейін салтанатты шерумен өтті.
Салтанатты іс-шара Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары, полиция полковнигі Әлібек Кеңесбаев пен Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Ирина Любарскаяның құттықтауымен ашылды.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі басшылығының атынан барша қатысушыларға сәттілік тілеген Әлібек Кеңесбаев шараның маңыздылығына тоқтала келіп, байқауды өткізуге қолдау көрсеткен облыстық полиция департаментімен қала билігіне алғысын білдіріп, білікті де білгір команда жеңіске жетуіне тілектестігін білдірді.
Салтанатты шара барысында балалар ансамбілі Людмила Мельникованың сөзіне жазылған жол жүру ережесі туралы ән шырқаса, сонымен қатар байқау қонақтарына Кеншілер астанасының тарихы туралы көріністер көрсетілді. Республикалық байқауға келген слеттің қатысушылары сондай-ақ, елімізге танымал, «Бала даусы» байқауының жеңімпазы Ержан Максиммен қосылып ән айтуға мүмкіндік алды. Жаста болса, әлемге танылған Ержан Максим әуелеген әнімен Қарағандылықтармен қала қонақтарын қуанышқа бөледі.
Жас инспекторлар «Реттеуші», «Саптық байқау», «Жол жүру ережелерін білу», «Агитбригада» сияқты бірнеше тур бойынша өзара бақ сынауда.
Сонымен қатар республикалық байқауға балаларды алып келегн полиция қызметкерлері «Жол жүру ережесін білу», «Алғашқы медициналық көмек көрсету», «Үздік насихаттаушы» байқаулары бойынша бақ сынасса, ұстаздар қауымы «Ашық үзіліс» байқауы бойынша сайысқа түсті.
Слетке қатысушылар қаланың көрікті жерлерімен қоса, Карлаг, Теміртау қаласындағы Тұңғыш Президент мұражайларына саяхат жасады.
Айта кету керек, республикалық слет ҚР Ішкі істер министрлігі Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында 25-ші тамызда аяқталады.
Б.ЖАНӘЛІ