Шымкент пен Түркістан облысының ішкі істер органдарында бірқатар тағайындаулар болды
ҚР Ішкі істер министрінің бұйрықтарымен Шымкент қаласы мен Түркістан облысы ІІД-нің басшылары тағайындалды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шымкент қаласы ІІД бастығының лауазымына бұрын ҚР ІІМ Департамент бастығы лауазымын атқарған полиция полковнигі Ералы Жұмаханбетов тағайындалды Сонымен қатар, Түркістан облысының ІІД бастығының лауазымына полиция полковнигі Қайрат Дәлбеков тағайындалды. Шымкент қаласы және Түркістан облысы ІІД-нің жаңа бастықтарын жеке құрамға ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары полиция генерал-майоры Берік Бисенқұлов таныстырды. Сондай-ақ, Шымкент қаласының және Түркістан облысының қылмыстық-атқару жүйесі департаменттеріне де жаңа басшылар тағайындалды. Шымкент қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаметінің бастығы болып әділет полковнигі Атэльбек Досмағамбетов тағайындалды. А. Досмағамбетов РФ Свердлов заң институтын тәмамдаған. Бұрын Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы лауазымында қызмет атқарды. Түркістан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы лауазымына бұрын ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Жедел басқармасының бастығы.лауазымында болған әділет полковнигі Талғат Абдранбаев тағайындалды. Т.Абдранбаев ҚР ІІМ Қарағанды жоғарғы мектебін тәмамдаған. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бұйрықтарымен Шымкент қаласының және Түркістан облысының Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттеріне жаңа басшылар келді. Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің бастығы лауазымына азаматтық қорғаныс полковнигі Нұрболат Дербісов тағайындалды. Н.Дербісов ҚР ТЖА Көкшетау техникалық институтын тәмамдаған. Бұрын Оңтүстік Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің бастығы лауазымында қызмет атқарды. Ал Түркістан облысының Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының міндетін атқарушы лауазымына азаматтық қорғаныс полковнигі Нұрғали Жүнісов тағайындалды. Н. Жүнісов Қазақстан Республикасы ІІМ Алматы жоғарғы техникалық училищесін тәмамдаған. Бұрын Оңтүстік Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының орынбасары лауазымында қызмет атқарған.