150 АДАМҒА АРНАЛҒАН АСХАНА
Бұрнағы күні Асқар Тоқмағанбетов ауылындағы мешіттің жанынан асхана ашылды. аталмыш асхананың салынуы елді-мекендегі ағайынның көз-қуанышына айналды. Алғаш ауылда 2005 жылы мешіт тұрғызылып, халық игілігіне берілген болатын. Содан бері жамағат алла үйіне барынша қамқорлық жасап келеді. Алдағы уақытта бір мезетте 150 адамға қызмет көрсететін асхананың ашылуында аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов, ауыл әкімі Ғ.Алданазаров, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы П.Әлиакбаров сөз алып, барша жамағатты қасиетті құрбан айт мерекесімен тұпа-тұс келген үлкен қуанышты жаңалыққа өз құттықтауын жеткізді.
Қазіргі жұртшылықтың ауызбірлігінің сақталуының арқасында зор жетістікке жетіп, бірте-бірте ауыл көркі шырайланып келе жатқандығын тілге тиек етті. Қашанда имандылық жолында дұрыс бағытты ұстанып, келер ұрпаққа тағылымды тәрбие берудің маңыздылығын айтты.
Негізінде «Асқар Тоқмағанбетов ЛТД» ЖШС аталмыш асхананың салынуына демеушілік жасап, бастан-аяқ құрылыстың аяқталуына жағдай жасады. Бүгінде елді-мекеннің ажарланып, ауқымды істер жасалуда. Соның бір айқын дәлелі екі бөлмелі асхананың мешіт жанынан бой көтеруі. Ашылу салтанатында С.Мәуленов, Ж.Жәрекеев, Д.Сұлтанов бастаған ауыл ақсақалдары мен еңбек ардагерлері лента қиып, ақжарма тілегін айтты. Бұдан кейін жаңа асханада өмірден өткен ауыл азаматтарына арналып, ас берілді. Онда ауыл имамы Д.Бодықов қасиетті күннің шығу тарихын айтып, ұлық мерекеде жасалуға тиісті міндетті атады. Сонымен қатар, шаруашылық ұжымына алғыс айтып, ауыл халқы да бір ауыздан жұмылып, арнайы қорға қосымша көмек көрсеткендігін тілге тиек етті. Алдағы уақытта әруақтарға арнап, құдайы тамақ беретіндер үшін көл-көсір шығынға жол бермей ас мәзіріне өзгеріс енгізілетінін айтты.
Сонымен қатар бірқатар азамат сөз алып, тағылымды шараның шырайын аша түсті. Осы күнге дейінгі жасалған жұмысқа жоғары бағасы берілді. Өз кезегінде шаруашылық төрағасы М.Есжанов көптен жоспарлап жүрген істін сәтті аяқталуына қолдау көрсеткен ауыл халқына алғысын білдірді. Ауылдың айрықша гүлденуіне барынша жағдай жасалып, болашақта игілікті шаралар жалғасын табатындығын тілге тиек етті. Аталған шараға көршілес жатқан Сәкен Сейфуллин ауылының тұрғындары қонаққа келіп, игі шараның жақсы өтуіне ортақтасып, ыстық лебізін білдірді. Екі ауылдың мызғымас татулығы мен жарасымдылығы сөз етілді. Ел аналары О.Есжанова, З.Сыздықова, М.Есенбаева айтулы күнде жасалған істің мол шапағаты болатындығын әңгімеледі. «Асыл аналар» әжелер ансамбілі мен 1974 жылғы түлектер асханаға өз тартуын жасады. Өткен күннен сыр шерткен азаматтар елді-мекеннің қазіргі жай-күйіне тоқталып, елдегі ынтамақтастық көрінісіне ризашылық білдірді. Шара соңында әруақтарға Құран бағышталды.
Балтабай ОРДАБЕКОВ