ҚОҚЫСТАН ШЫҚҚАН ДАУ: КЕЛІН МЕН ҚАРИЯНЫҢ ҰРЫСЫ НЕМЕН БІТТІ?

Бірде «Газель» көлігімен қаладан келе жатқанмын. Аптап ыстықтан шөлдеген жұрттың қолында бір емес бірнеше бөтелке су. Ішіп болғандары бос құтыны көліктің ашық тұрған терезесінен далаға лақтырып келеді. Шыдай алмай біреуіне: «– Лақтырмасаңызшы, автовокзалда арнайы жәшік бар, түскен соң соған саласыз ғой» дегенім сол еді, екі баласымен отырған жас келіншек:
– Әй, бала, тыныш отыр, айдаладағы қоқысты жинайтын сен бе едің, – деп шаптықты. – Оны жинайтын өз адамдары бар. Оған басың ауырмасын.
Мен абдырап қалдым, қасында отырған екі бірдей бүлдіршін «осы әрекеттен қандай тәлім алады екен» деген ой мазалады. Десе де, алдыңғы жақта отырған қария әңгімеге араласты.
– Келін, шырағым, бұл баланыкі жөн. Сол қоқысты жинайтын да біз сияқты адам ғой. Мүмкін ол менің балам, я қызым шығар? Сондықтан әңгімені доғарайық. Қолдарыңдағы судан босаған ыдысты мына менің-ақ пакетіме сал, сендер ерінсеңдер көлік тоқтаған соң мен-ақ апарып салайын, – деп аяқ жағында тұрған дорбасына қол созды. Газельде отырғандар қозғалақтап, өздерінің әрекеттеріне ұялыс тауып, енді бірі – айналасында қобыраған заттарын жинастырып жатты.
Қарияның араша түскеніне жаным жадырап, үлкен бір іс бітіргендей марқайып қалдым. Шынында да әркім жүрген ортасында, отбасында санаға сілкініс жасап, тазалықты алдымен өзінен бастаса ғой, шіркін!
Әнеу күні акция туралы кезекті мақаланы газеттен оқыған бір замандасымның пікірі ойға ой қосты. – Аудан көлемінде су айдындары халық игілігіне жұмыс жасап келеді. Жаппай тазалыққа шыққан көпшіліктің қолынан қабы түспейді. Сол жағалау бойында күнделікті біз секілді адамдар демалатыны рас. Сонау жерден көтеріп келген затын қайтар уақытта қалай болса, солай шашып кетпей арнайы орынға тастауға болмай ма!? Кейде дамыған озық кез келген мемлекет халқынан біздің тұрғындар тәлім ала білсе, сенбіліктің жүгі жеңілдей түсетін еді. Айналаны таза ұстау үшін арнайы нұсқау керек емес. Тек сананы тазалау қажет, – деді замандасым.
Сөзінің жаны бар. Республикалық акция әр апта сайын тек жоспарлы түрде емес, тұрғындар тазалық күніне айналдырса... Бұл ретте сала мамандарымен қатар көше тұрғындары акцияға үн қосса игі. Бірлескен істе береке болатыны бесенеден белгілі. Әр күн сайын демалыс, яки, қоғамдық орында жүргенде айналаның тазалығына зер сала қарасақ игілікті іс болмақ. Қаншалықты қоршаған ортаның бүлінбеуіне ықпал ете алсақ, соншалықты экологиялық қиындықты жоюға болады. Мыңдаған адамның табиғатқа деген қамқорлығы арқылы адамзат баласының қалыпты өмір сүруіне септігін тигізеді. Себебі тазалық – мәдениеттіліктің биік өлшемі.
Ауданда кезекті рет жалғасын тапқан акция «Әйтек» арнасының жағалауымен кент ішіндегі бірқатар арнаның аумағын қамтыды. 200-ге жуық азамат акцияға қатысып, белсенділік танытты. Аудан әкімінің орынбасары Б.Лекеров акция жұмысына қатысқандарға алғысын білдірді.
Б.ОРДАБЕКОВ