Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » БҰРЫЛҒАН ЖОЛДЫҢ ХИКАЯСЫ

БҰРЫЛҒАН ЖОЛДЫҢ ХИКАЯСЫ

Өзім құрылыс саласында еңбек еткендіктен осы ауданда жер тегістеу, жол салу, мелиорация жұмыстарында атқарылған тірліктердің басы-қасында жүрдім. Қай жерде көпір қандай жағдайда салынғанын білемін десем артық емес. Бүгінгі айтпағым, «Елтай» каналы арқылы өтетін «Тереңөзек-Қызылорда» тас жолының 2 шақырымға бұрылып салынуы жайлы болмақ.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары «Елтай» каналы арқылы өтетін көпірде автокөлік апаты, адам өлімі жиілеген кез. Себебі «Елтай» каналы 1976 жылы қайта қазылып, көпір жаңаланбай бұрынғы орнында қала берді. Ал көпір үлкен жолға қиғаш орналасқан. Сөйтіп Тереңөзектен шыққан көлік арғы жарға, Қызылордадан шыққандар бергі иінге соғып, апат көбейді. Қаншама адам бақилық болды. Апат салдарын білмеген халық арасында реніш, үрей пайда болды. Сол маңайда қайтыс болған кісілерге арналған ескерткіш көбейді. Бір күні осы жағдай сол кездегі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Еркін Әуелбековке жеткен болуы керек, ескерткіштерді алдырып тастады, тиісті мекемелерге осының салдарын зерттеп, жұмыс жасауға тапсырма берілді.
Бір күні қағаз жазып отыр едім, учаске бастығы Т.Сырғабаев кабинетке келіп, жазу, сызу өлшейтін құрал-саймандарымды алып да­йын отыруымды тапсырды. Сонымен «Елтай» каналына келіп жеттік. Ар жақ, бер жағын өлшеп, сызып, не істеу керегін ақылдастық. Шынында да көпір жолға қиғаш салынған. Бұл жүргіншілер үшін өте қауіпті. Сондықтан жолды бұзу керек. Жер жағдайын жан-жақты зерттеп келіп, жолды оң жақ қапталдан салған орынды деп шештік. Себебі жол түсетін оң жақ қаптал тегіс екен. Әрі көп шығын да кетпейді. Сонымен маған жолдың жобасын сызу тапсырылды.
– Бұған ешкім ақша бермейді. Бірақ халық үшін осыны жасауымыз керек, – деді учаске бастығы. Біз іске кірісіп кеттік. Түнімен жобасын жасап шықтым. Ертеңіне екі бульдозер келіп топырақ үйіп, бөгет салынып, ол нығыздалды, тегістелді. Әйтеуір бір-екі күннің ішінде жолдың сұлбасы көрінді. Мұнан кейін іске жол мекемесі кірісіп кетті. Асфальт төселгеннен кейін жол пайдалануға берілді. Арада бір-екі күн өтті. Жаманат хабар жоқ. Сонымен бұл шешімнің халық үшін тиімді болғанын, жүргіншінің де, жолаушының да өміріне ешқандай қауіп жоқтығын білдік. Апат сап тыйылды. Бүгінде сол жол ел игілігіне жарап тұр.
Осы көпірден ары-бері өткен сайын сол бір күндер ойыма оралады. Т.Сырғабаев ел үшін туған азамат еді. Ұзындығы 2 шақырымға созылған осы жол салынғанда Тәкең күні-түні жұмыстың басында болып, жолдың сапалы, жобаға сәйкес болуына баса назар аударды. Қазір осы жолмен күндіз-түні көлік ағылып жүріп жатыр. Бірақ көпір сол қалпы ұзақ жылдан бері жөнделмегені көрініп тұр. Осы ауданда бірінен кейін бірі көпірлер жөнделіп, кенттегі Б.Момышұлы көшесіне екі бірдей көпір салынғанын аудандық газеттен оқып біліп отырмын. Осыған орай «Елтай» каналындағы көпір де жөнделсе, ол әлі талай жыл халыққа қызмет етер деген ойды басшыларға жеткізгенді жөн көрдім.

Өмірзақ БЕДЕБЕКОВ,
еңбек ардагері
06 тамыз 2019 ж. 527 0